Жерасты сулары жер бетіндегі жанашырлыққа зәру

1494
Adyrna.kz Telegram

Елдегі жерасты суларының мәселесі көпшілік назарынан тыс қалып келеді. Мамандар оның өзектілігін айтқанымен, қабылданған шаралар қандай нәтижеге жеткізеді? Саланың сан қырлы проблемасын қалай шешуге болады?

Қазақстан – территориясының басым бөлігі құрғақ климат аймағында орналасқан, судың әр тамшысы бағалы ел. Ел халқының өсімі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік даму қарқыны – бәрі суға деген сұранысты арттырып отыр. Осы орайда, жерасты суларының рөлі айрықша. Алайда бүгінгі таңда бұл ресурсқа қатысты шешілмеген мәселелер аз емес.

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ӨМІРЛІК МАҢЫЗДЫ РЕСУРС

Жерасты сулары – адамның тіршілігі мен табиғи тепе-теңдікті сақтаудың негізгі тетігі. Мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының бас сарапшысы Құралай Қалмағанбетқызының айтуынша, жерасты сулары жер беті суларымен тығыз байланысты және үнемі айналымда болады.

«Ол бу болып ұшып, жауын-шашын болып түсіп, жер астына сіңіп, жер асты суына қосылып, мұз болып қатып, қайта еріп су болып үнемі айналымда болады»,- дейді сарапшы. Айтуынша, жерасты суларының табиғи динамикасын түсіну – оның қорын тиімді басқарудың алғашқы қадамы.

Қазақстандағы жерасты суларының жалпы геологиялық қоры шамамен 7500 миллиард текше метр деп бағаланады. Бұл – жер қойнауында табиғи түрде жиналған тұщы және минералды сулардың жиынтық көлемі. Жыл сайын осы қордың 35–40 миллиард м³ көлемі жаңарып отырады – бұл жаңбыр мен қар суы, өзендер мен көлдерден сіңетін ағындар арқылы толықтырылып тұратын бөлігі. Алайда бұл сулардың барлығы бірдей қолжетімді немесе пайдалануға жарамды емес.

Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі таңда жылына 55 миллиард м³ көлеміндегі жерасты суы ғана нақты пайдалану үшін қолайлы. Бұл мөлшер ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталған. Сонымен қатар, пайдалануға жарамды жерасты су қорының 45 пайызы еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында, яғни Жамбыл, Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарында шоғырланған. Бұл өңірлердегі халықтың тығыз орналасуы мен су тұтыну көлемінің артуы аталмыш ресурстың маңызын арттыра түседі.

ТАЛПЫНЫСТАР МЕН КЕДЕРГІЛЕР

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар жерасты суларын қайта толықтыруды көздейді. Атап айтқанда, Қазақ-Британ техникалық университетінің ғалымдары қатысып жатқан BR27197639 жобасы – соның нақты көрінісі. Бұл жоба аясында Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қар суларын жинау арқылы сулы горизонттарды толықтыру бағытында тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Қар суын сақтау – климаттың өзгеруі жағдайында аса өзекті шешім, әрі болашақта бұл тәсіл еліміздің өзге де өңірлеріне таралуы мүмкін.

Қазақстан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жерасты суларының қорын анықтау және тиімді басқару мақсатында халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен. Ол Испанияның Xcalibur Smart Mapping компаниясымен бірлесіп, Қазақстанның батыс аймақтарында жерасты суларын зерттеу үшін аэроэлектромагниттік түсірілім жүргізу жобасын талқылаған. Министр бұл жобаның жерасты су қорларын картаға түсіруге және олардың көлемі мен шекараларын анықтауға мүмкіндік беретінін айтқан.

Климаттың өзгеруі – жерасты суларының жағдайына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Жауын-шашын мөлшерінің азаюы, температураның көтерілуі, булану көлемінің артуы нәтижесінде жер қойнауындағы ылғалдың толықтырылу үрдісі баяулап отыр. Бұл әсіресе оңтүстік және батыс аймақтарда айқын байқалады.

Жерасты суларының деңгейі маусымдық өзгерістерге де тәуелді. Мысалы, жаз мезгілінде булану күшейіп, сулы қабаттардағы су көлемі азайса, күзде жауын-шашынның артуымен қайта көтеріледі. Қыста қарлы ылғалдың жерге сіңбеуі мен табиғи фильтрация процесінің бәсеңдеуі жерасты суының деңгейін қайтадан төмендетеді.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының бас сарапшысы Құралай Қалмағанбетқызы атап өткендей, су қорларын басқару саласында қордаланған мәселелер жетерлік. Жаңа Су Кодексі қабылданғанымен, ол әлі толық іске қосылмады. Су сарапшысы бұл туралы: «Барлық заңнамалық құжаттар қайта әзірлену үстінде. Бұрын ескерілмеген көптеген факторлар енді ескеріледі деп үміттенеміз. Атап айтқанда: су қауіпсіздігі, экологиялық ағын, климаттың өзгеруіне бейімделу іс-шаралары жолға қойылады», - дейді.

Жайық Ерікұлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Жерасты сулары департаментінің директоры ретінде, жерасты суларының ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуына назар аудару қажеттігін айтады: «Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін су үнемдеу технологияларымен қатар жерасты суларын пайдалану үлесін арттыру қажет. Бұл ретте шаруаларға субсидиялар және төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары енгізіледі», – дейді сарапшы.

АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫН БОЛДЫРМАУҒА БОЛА МА?

Ауыз су – ең негізгі қажеттілік. Алайда көптеген аймақта сапалы ауыз су жетіспей, тапшылық орын алып отыр. Бұл мәселені тек мемлекет емес, жеке сектор да шешуге атсалысуы қажет.

Мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының бас сарапшысының пікірінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бұл бағытта оң нәтиже беруі мүмкін.

«Ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында мемлекет пен жеке инвесторлардың бірлескен серіктестік жобалары оң нәтиже береді»,- дейді Құралай Қалмағанбетқызы.

Оған қоса, сарапшы суды әкелу ғана емес, оны тазалап, қайта қолдану жүйелерін де бірге дамыту керектігін алға тартады: «Сарқынды сулар мен жаңбыр суын тиімді реттейтін құрылымдарды салу – уақыттың өзі талап етіп отырған іс».

Су министрі Нұржан Нұржігітов жерасты суларын ауыз сумен жабдықтау жүйелерінде тиімді пайдалану қажет деп есептейді. Ол жерасты суларының ауыз сумен жабдықтау, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін белсенді пайдаланылатынын, бұл ретте елдің жерасты су қорларының сарқылуына және ластануына жол берілмейтінін айтады.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Жерасты суларына балама болатын су көзі жоқ. Құралай Қалмағанбетқызы атап өткендей, судың қадірін ең алдымен шөлді аймақтардағы елдер жақсы біледі. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда әлі де болса су ысырапшылдығы кең етек алған.

«Бүгінде елімізде ауыз су стандарттарына сай келетін сапалы су көлік жуу мен қазандықтарда пайдаланылып келеді. Енді мұндай өндіріс орындарын судың айналмалы жүйесіне көшіруді талап ету көзделуде», - дейді Мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының бас сарапшысы.

Жерасты суларын сақтау мәселесі тек сарқылумен шектелмейді. Қазіргі таңда су ресурстарының ластануы да аса маңызды экологиялық проблемаға айналып отыр. Өнеркәсіптік қалдықтар, құрамында ауыр металдар мен химикаттар бар ағын сулар топырақ арқылы жерасты суларына еніп, сапасын нашарлатады.

Ауыл шаруашылығында шамадан тыс қолданылатын пестицидтер мен тыңайтқыштар да су көздерін ластап жатыр. Бұл – экожүйенің бұзылуына, сондай-ақ адам денсаулығына қауіп төндіретін фактор. Жерасты суларының ластануы тек экологиялық емес, әлеуметтік мәселе ретінде де қарастырылуы тиіс.

Жерасты суларының келешегін қамтамасыз ету үшін мынандай кешенді шаралар қажет:

1. Құқықтық реформалар – Су ресурстарын қорғауға бағытталған заңнамаларды жетілдіру;

2. Сапалы мониторинг – Су деңгейі мен сапасын тұрақты түрде бақылау жүйесін дамыту;

3. Экологиялық қауіпсіздік – Өндірістік және ауыл шаруашылығы қалдықтарын дұрыс өңдеу;

4. Ғылыми жобалар – Жерасты суларының қорын қалпына келтіру бағытындағы зерттеулерге қолдау;

5. Қоғамдық қатысу – Халықты ақпараттандыру, экологиялық мәдениетті арттыру.

Қазақстандағы жерасты сулары – елдің табиғи және стратегиялық байлығы. Бұл ресурсты тиімді пайдалану, қорғау және болашақ ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ғылыми негізделген тәсілдер мен кешенді саясат, заманауи технологиялар мен қоғамдық жауапкершілік арқылы ғана біз жерасты суларының сарқылуына жол бермей, экологиялық тепе-теңдікті сақтай аламыз. Қазақстанның су қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздікпен тең.

Делназ Меңсейітова

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Приматывал это к коленями 3 ночи подряд и суставы не болят уже…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Вот, что излечит ваши запястья даже в 75 лет! Нужно взять...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Чтобы суставы не хрустели, а боль ушла, перед сном мажьте этим...
Пікірлер