2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшқан Embraer 190 ұшағының Ақтаудағы апат алдындағы борттағы дыбыс жазбалары тарап кетті. Әзербайжан ұшағы соңғы жарты сағатта Ақтау әуежайынан команда алғаны белгілі болды. Ресейлік Baza сайты жариялаған борт жазбасы оқиғаның егжей-тегжейі мен қиын жағдайдағы ұшқыштардың әрекетін көрсетеді, бірақ ресейлік сайт оны өз ыңғайына бейімдеп ұсынуға тырысқан деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жазбадағы дерекке қарағанда ұшақ соңғы 2 сағат бойы апатты жағдайды бастан кешірген. Грозныйға қону алдында ұшақ кабинасында GPS сигналы жоғалып, экипаж арасында үрей туғызған. Ұшақ кейін Минеральные воды, сосын Махачкала әуежайларына бет алған. Апат алдындағы соңғы 26 минутта Ақтау әуежайымен байланыста болғаны, соның өзінде байланыстың жиі үзіліп, қосылғаны байқалады.
Ақтау әуежайы мұнарасындағы диспетчер ұшақтың қауіпсіз қонуына қажетті шараларды уақтылы қабылдауға тырысқан. Сөз арасында қону алаңының жарықтары жағылғаны айтылады.
Жазбадағы деректер соңғы екі сағатта ұшқыштардың борттағы жағдайға алаңдағанын, оттегі тапшылығын болдырмау үшін төмен ұшқанын көрсетеді. Ал Ақтау әуежайына жақындағанда ұшқыштар қону жолағын бірден көрмесе керек, жолақты бәр сәтке автомобиль жолымен шатастырғаны байқалады.
Соңғы екі сағат ұшқыштардың жанталасып, барынша ұшақтағы қауіпсіздікті сақтауға тырысқанын көрсетеді. Ұшқыштардың бірінің тәжірибесіздігі де байқалған. Апатты жағдайдағы ұшақты басқарудағы балама әрекеттер қолға алынған. Бірақ соның бәріне қарамастан, ұшақ қонар кезінде апатқа ұшыраған.
Апат кезінде ұшақта 67 адам болған, оның 38-і қайтыс болды. Бұл экипаждардың қиын жағдайларда жұмыс істеуге дұрыс дайындалуының маңыздылығын және әуе кемелеріндегі қауіпсіздік жүйелерін жақсартудың қажеттілігін көрсетеді.