Ұлттық құрылтай – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің айқын көрінісі - ҚСЗИ сарапшысы

803
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Білім және ғылым, мәдениет пен руханият және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты халықты толғандыратын тақырыптар қашанда өзекті.

Ертеде хан ордасы болған Сарайшықтың іргесіндегі Атырауда өткен ұлттық құрылтайда елдің жай-күйіне қатысты түйткілдер талқыланды. Құрылтайдың жұмыс секцияларында қатысушылар түрлі салалар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосуда айтылған ұсыныстардың дені қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге бағытталған. Сондай ақ ұсыныс-пікірлерін жолдаймын деген халық үшін арнайы қосымша іске қосылды. Бұл - халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іс жүзінде орындалуының бір көрінісі. Қазақстан Саяси Зерттеулер Институтының сарапшысы Жанар Санхаеваның пікірінше, Ұлттық құрылтай халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңы.
«Құрылтай – ұсыныс-пікірлердің бірегей платформасы. Халықтың талап-тілектері мен өтініштерін, мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізуге мүмкіндік беретін ашық алаң. Азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалогы десек болады. Бұл жерде сала мамандары, қарапайым халық арасында жүрген қоғам белсенділері ұсыныс-пікір білдіріп, өте өзекті мәселелер қозғалады. Жиында сөйлеген сала мамандары, қоғам белсенділері өз саласын басқаларға қарағанда жетік біледі. Сол жағынан Ұлттық Құрылтайдың маңызы зор. Әсіресе, аймақтардың дамуына ықпалы жоғары. Аймақтарда өткенінің өзі мәселеге тереңірек қарау керек екендігін, оларды шешудің оңтайлы жолдарын қарастыруға септігін тигізеді. Менің ойымша, құрылтай сияқты алаңның болғаны, ол жерде түрлі сала азаматтары, әлеуметтік топтардың өкілдері өз ой-пікірлерін ашық түрде, тартынбай ортаға салып, ұсыну мүмкіндігі маңызды. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді», - дейді саясаттанушы.

Ұлттық құрылтайдың негізгі басқосуының алдында төрт секцияның отырысы өтті. Жиында 70-ке жуық құрылтай мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден астам ұсыныс айтылды. Қоғам бірлігін нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдің ғылыми әлеуетін көтеру, мәдениет саласын қолдау, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, көші-қон мәселесін реттеуге қатысты бастамалар көтерілді. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.

Үшінші рет өтіп жатқан құрылтайдың негізгі бөліміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Мәртебелі мінберде сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қазақстан халқын көрісу мейрамымен құттықтап, Ұлттық құрылтайдың елдігіміздің негізін қалаған Сарайшық іргесінде өтіп жатқанының өз мәні бар екендігін, бұл той тойлайтын жиын емес, керісінше елімізді дамытуға арналған маңызды басқосу екендігін баса айтты.

«Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр. Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», - деді Президент.

Мемлекет басшысы тарихи құндылықтар жөнінде ой толғап, заң жүзінде реттелетін нақты ұсыныстарды білдірді. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлес салмағының арта түскендігін атап өтіп, мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталды.
Құрылтайда әз-Наурыздың мазмұнын байытып, мәртебесін көтеру, қазақы нақышта киіну, ұлттық бірегейлігімізді нығайту да Президент назарынан тыс қалмады.

«Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», - деді мемлекет басшысы.

Алқалы басқосудағы сөзінде Тоқаев халық арасында «тұрмыстық зорлық-зомбылық, қатігездік, агрессия мен буллингтің белең алып бара жатқанын» айтып, «елде заң қатаң сақталуы тиіс» деді.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін ысырапшылдық, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау сынды жағымсыз әдеттерден арылуымыз керектігін айтқан Президент, халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керектігін қадап айтты. Ел жастарының радикалды дінге бет бұруы, лудомания, нашақорлыққа ден қою сынды келеңсіздіктер де күн тәртібінен тыс қалмады. Сонымен қатар, алқалы жиынға қатысқан білім және ғылым саласының басшылары, академиктер, сарапшылар жиында маман дайындау бағдарламаларын жаңғырту, ұлтжандылықты дамыту жөнінде міндеттерді талқыға салды. Ал отандық сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Олардың пайымдауынша, мұндай шараларды аймақтарда өткізудің маңызы зор. Бұл өз кезегінде өңірлердің дамуына тың серпін бере алады.

«Ұлттық құрылтай - қазіргі даму үрдісіне бейімделген дала демократиясының жалғасы. Құрылтайлар бастапқыда халықтың өзіндік органы болған. Тарихшылардың айтуынша, бұрын құрылтайлардың саяси және салттық маңызы зор болған екен. Тайпа өкілдері әскери-саяси мәселелер бойынша, ханды сайлау, билікке тағайындау және басқа мәселелер бойынша бас қосып отырған. Осылайша, өзара іс-қимыл ретінде құрылтай демократияның негізі болды. Ал қазіргі форматтағы Ұлттық Құрылтай өңірлердің дамуына оң ықпалын тигізіп жатыр», - деп атап өтті ҚСЗИ бас сарапшысы Айдана Акесина.
Сарапшының айуынша, құрылтайда қордаланған проблемалар айтылып қана қоймайды. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Соның нәтижесінде әрбір Қазақстан азаматы айтылған мәселелерге жете көңіл бөле отырып, оның ойдағыдай жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосуы тиіс.
«Ұлттық құрылтай отырыстарының негізгі нәтижелері - плюрализмді кеңейту, қоғамдық шоғырландыруды нығайту жөніндегі нақты ұсыныстар болып табылады. Құрылтай мүшелері - қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, үкіметтік емес сектор өкілдері – заң жобаларын әзірлеу жөніндегі түрлі сараптамалық топтарға, мемлекеттік органдар жанындағы комиссиялар мүшелері, яғни құрылтай жұмысының нәтижелері заңдарда, стратегиялық құжаттарда, зерттеулерде көрініс табуы тиіс. Осылайша, олардың жұмысы заңнама мен әлеуметтік инновациялардың қалыптасуына тікелей әсер етеді», - деп атап өтті Айдана Акесина.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамасымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сондай ақ оқушылар мен жастар арасында электронды темекілерді, вейпті қолданудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Алдағы уақытта электронды темекілерді, вейпті әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға заңмен қатаң тыйым салынбақ. Бұған қатысты заң жобасы қазір Парламентте қарастырылып жатыр. Жиынның қорытындысы ретінде айтылған ұсыныстарды іске асыру бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысы 2025 жылы Көкшетауда өтетін болды.

Меруерт Райым

Пікірлер