Операциядан соң. Көпбалалы ана ауруханада көз жұмды

1013
Adyrna.kz Telegram

Жаңаарқа аудандық ауруханасында соқырішек диагнозымен жедел түрде жеткізілген төрт баланың анасы, полиция капитаны Гүлнұр Жуанышбаева отадан кейін көз жұмды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Марқұмның туыстары оның өліміне медицина қызметкерлерінің немқұрайлығы себеп болғанын алға тартып, дәрі-дәлелдерін жинап, кінәлілердің жазалануын талап етуде. Жуанышбаева 20 сәуірде «жедел гангренозды аппендицит» диагнозымен ауруханаға түсіп, ота кезінде анафилаксиялық шок алып, клиникалық өлім жағдайына түскен. Дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтіргенімен, 27 сәуірде науқас комадан шықпай қайтыс болды.

Туыстарының айтуынша, оған пайдаланылған дәрілер дұрыс жағдайда сақталмаған. Препараттар бірнеше күн бойы кіреберісте жатқан. Фото және видео дәлелдерде антибиотиктер мен басқа да маңызды дәрілердің жерде жатқан сәті бейнеленген. Олар бұл дәрілердің салдары ми ісігі мен шок жағдайын ушықтырғанын айтады.

Бұдан бөлек, туыстары палатада ауа температурасы 31°C-қа жеткенін, терезе ашып, өздері бөлмені салқындатуға мәжбүр болғандарын айтты. Оқиғаға байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аурухана директорының сөгіс алғанын, операцияға қатысқан медицина қызметкерлері қызметінен уақытша шеттетілгенін хабарлады. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы күтілуде.

Марқұмның отбасына көңіл айтуға келген дәрігерлер бата оқуға 200 мың теңге берген. Туыстары бұл жағдай тек бір отбасының қайғысы емес, аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің кемшілігін ашып берді дейді. Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Пікірлер