Мүмкіндігі шектеулі адамдар ана бола алады – Ақкенже Ахметов

2066
Adyrna.kz Telegram

Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің арасында балалы болып, бір адамға екінші өмір сыйлап жатқан адамдар баршылық. Алайда дәрігерлердің арасында мұндай адамдардың балалы болуына қарсы адамдар кездесіп қалады. Міне осындай адамдарға Тараз қаласы мәслихатының депутаты әрі "Мүгедектердің жастар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева қол ұшын созып жатады.

Әйгерім Маратбекқызы өзінің жеке араласуымен 2010 жылдан бастап Тараз қаласында 20 бала дүниеге келгеннін айтады. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектелі аналардың балалары сап-сау болып туылғанын ескертті.

«Жуырда жиырмасыншы бала дүниеге келді. Өзм перзентханаға барып, ары бері шапқылап жүріп сәбидің дүниеге әкелдік. Шыны керек дәрігерлер мүгедек ананың балалы болғанына кедергі болып жатады. Себебі олар статистиканы бұзып, жағдайды қиындатқысы келмейді. Мысалы дені сау адам аптасына бір рет емханаға бару керек болса, ал мүгедек адам күн сайын дәрігерге қаралып отыруы керек. Егер мүмкіндігі шектеулі ананың баласы шетінеп кетсе, емхана мен аурухананың рейтингісі түсіп, жоғары жақтан сөгіс естиді. Сондықтан да олар мүмкіндігі шектеулі ананың балалы болғанынан қашады. Бірақ құдайға шүкір соңғы 2-3 жылдан бері жағдай түзеліп келе жатыр. Өйткені дәрігерлер мен барған кезде тағы да айқай-шу шығарады деп қаймығады. Жуырда бір қызым босанып, бесік тойын жасадық. Оның көзінен мәселе болғандықтан баласының көзі көрмей қалама деп уайымдап едік. Құдайға шүкір кішкентай сәбидың көз жанары жақсы көретін болып шықты», – дейді ол.

34 жастағы бірінші топ мүгедегі Ақкенже Ахметова екі жыл бұрын ұл босанған болатын. Қоларбада отыратын азамат мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай
инватакси қызметінде диспетчер болып жұмыс істейді.

«Ұлым қазір екі жастан асты. 32 жасымда ұлымды көтерген кезде, дәрігерлер тіркеуге алмай қойды. «Енді не болар екен?» деп жылап, қатты қиналған кезде Әйгерім Маратбекқызының көмегі тиіп, дәрігерлерге мән-жайды түсіндірді. Арнайы тіркеуге алатын уақыт өтіп бара жатса да, мені олар тізімге алғысы келмеді. Өйткені мүгедектігі бар адамдарды босандыру олар үшін проблема болып саналады. Ертең бізге бір қиын жағдай болса, жауапкершілікті дәрігер арқалайды. Ол кезде өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Сондықтан да дәрігерлер «Сенің тұратын пәтерің жоқ. Баланы қалай бағасың?» деп ұрысты. Бірақ олардың маған бұлай айтуға ешқандай қақысы жоқ еді. Олардың маған айтқан сөздері үшін сотқа беруіме болар еді. Бірақ мен оларды сотқа берген жоқпын. Дәрігерлер мүгедек адам екі қабат болса, оны олар ерсі көреді. Ал сау адамдар ажырасып немесе 15-16 жаста туса қалыпты жағдай болып саналады. Ал мен 18 жастан асқан адам болсам да «Әке-шешеңді шақырып кел, олар қолхат жазып берсін» деп айтты. Аллаға шүкір ұлымның 12 мүшесі сау, ақыл-есі бүтін болып туылды. Дәрігерлер «Дені сау ма екен?» деп саусақтарын санап тексерді. Ал менде балам «Сау туылмаспа екен?» деген ой мүлде болған жоқ. Ораза айында туылған соң атын Рамазан деп қойдым. Біз сияқты адамдарға балалы болу одан сайын жігерлі бола түсуге күш береді. Былтыр үкімет Тараз қаласындағы 15 мөлтек ауданнан екі бөлмелі пәтер берді», – дейді ол.

Пікірлер