Астана алауы. Өрт екінші күнге жалғасты

1984
Adyrna.kz Telegram
Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жол арасындағы қураған шөп пен қамыс өртін екінші күн қатарынан сөндіруге күш салып жатыр. Бұл жайлы Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мекеме мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов елорда маңындағы ТЖ орнына  барып, өртті тез арада сөндіру үшін қажетті күштер мен құралдарды іске жегіп, ТЖМ Казавиақұтқару авиатехникасын қосымша тартуды тапсырған.

"Қазіргі уақытта өрт сөндіруге Қазавиақұтқару су ағызу құрылғысы бар МИ-8 борты қосымша тартылып, бүгін таңертеңнен бастап өрт ошақтарына әуеден 17 рет 51 тонна су төкті. Өрт сөндіру орнында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары ТЖД жеке құрамының 185 адамы және 37 бірлік техникасы, қала әкімдігінің 6 суару машинасы жұмылдырылды", - деп жазды Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Zakon.kz-тің хабарлауынша, Астана қаласының әкімдігі және Клуб добряков еріктілер командасы елордалық өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз еткен.

Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға шақырды.

"Өрт қауіпсіздігін, балалар отпен ойнамауын қадағалаңыз, темекі тұқылын тастамаңыз! Өрт қауіпті кезеңде өрттің пайда болу қаупі артады. Әсіресе, отпен абайсыз болу жағдайлары артады", – делінген хабарламада.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер