Туыстары қан жұтып отыр. Журналист Абай облысындағы жағдай туралы айтты

4540
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Абай облысындағы жағдай тұрақталғанымен, жел тұрып, бұған дейін сөндірілген ошақтар қайтадан күшейіп, жана бастаған. Бұл туралы журналист Оңғар Алпысбайұлы “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

Кешегіден жағдай тұрақты. 8 ошақты өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тік ұшақпен жоғарыдан қараған кезде өртеніп жатқан жерлер қорқынышты. Бүгін біз өрт болып жатырған бірнеше жерге барып көрдік.

Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ең қиыны - қалың өрттен қатты жалын мен ыстық соғып тұрады. Ол жерде жай жүрудің, демалудың өзі қиын. Қызметкерлер сондай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Егер қатты тұншығып бара жатырса өздерінің тәсілдері бар екен. Беттеріне сулы орамал немесе суланған кез келген шүберек басып,  еңкейіп, жерге жақындап тыныстап, ауа жұтып алады. Бірақ ұзақ демалып отыратын уақыттары да жоқ. Тамақтарын сол жаққа алып келіп жатыр, - деп қызметкерлердің жағдайын айтты.

Айтуынша, тұрғындардың барлығы жұмыла күш салуда. Оқиға болған жерге көмек қолын созамын дегендер ағылып жатыр екен.

Ең қуантарлығы - біздің халқымыздың ұйымшылдығы. Себебі,  мында тамақтандыру пунктері орналасқан. Ол жерге осы маңайда орналасқан ауылдардың әйел еріктілері келіп, күніне 10 шақты қазан тамақ пісіреді. Сол жақта жүрген қызметкерлерге тамақтарды көліктермен жіберіп жатыр. Одан бөлек, бірнеше көлікке тиелген азық-түлік, су, өзге де қажетті заттардың барлығы лек-легімен келіп жатыр.

Дәл қазіргі уақытта 1500-ге жуық адам, 300-ге жуық техника, 11 тікұшақ өрт сөндіру жұмыстарымен айналысуда. Бүгін таңертең де Жетісу, Алматы облыстарынан қосымша күш келген. Ақпарат бойынша, 1000 адам деген, - деді журналист.

Оңғар Алпысбайұлы оқиға орнында қаза тапқандардың отбасымен де сөйлескенін айтты.

Ең қорқыныштысы - бұл жерден 14 адамның мәйті табылды. Орман шаруашылығының қызметкерлерінің барлығы өртеніп кеткен. Жаңа сол кісілердің туыстарымен сөйлестік.

Орманның ішінен 2 адам шыққан екен. Екі адам деп естідік, бірақ екіншісін нақтылай алмадық. Ал біреуінің әкесімен сөйлестік. Оның өзі әлі де сол өрт сөндіру жұмыстарына қатысып жүр екен. Оның айтуы бойынша, ол жігітке өртке жақындауға рұқсат бермеген. Көзіне жас алып тұрып, айтып берді.

“Қашып шыққан адамның әкесі біздің таныстарымыз еді, жақсы араласқан адамдарымыз еді. Түнгі сағат 10-кезінде шамамен байланысқа шықты  рациямен: “Бізді тастамаңыздар! Біз әлі де осындамыз. Бізді өрт қоршап алды”, деп байланысқа шығып, соңғы сөздері сол болды”, -дейді.

Одан кейін оларға барып жету, құтқарып алу мүмкін болмаған. Өкінішке қарай, олардың мәйіттері, техникасы де кеше табылды. Туыстары қан жұтып, қайғырып отыр. Жағдай шамамен осындай, - деді журналист.

Сондай-ақ, облыстық өңірде жел күшейіп кеткен. Бұған дейін сөндірілген ошақтар қайтадан көтеріліп, қайтадан жана бастады.

Жел күшейген жерлердің бірнешеуін барып көрдік. Мынау жел сағат сайын бағытын ауыстырып, өрт түрлі бағытта таралып жатыр. Оның барлығын тік ұшақпен жоғарыдан барлап, қай бағытта дәл қазір жанып жатырғанын, қай жерде қатты жанып жатырғанын және қай жерге қанша күш жіберу керек екенін анықтап отыр. Әзірге осы”,-деп оқиға болған жерден Оңғар Алпысбайұлы хабар берді.

Пікірлер