Ресейсіз мұнай тасымалы. Тоқаев Еуропалық Одақпен арадағы байланыстың маңызды бағыттарына тоқталды

1895
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" көшбасшыларының екінші кездесуінде сөз сөйледі. Еуроодақтың Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін айтып, оның үлесіне сыртқы сауданың 40%-дан астамы тиесілі екенін тілге тиек етті. Елдің Еуропаға мұнай тасымалдау мақсатына маңыз қойып отырғанын хабарлады. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме көрсете отырып жазады.

Тоқаевтың айтуынша, энергетикалық сектор Қазақстан мен Еуропалық Одақтың байланысын жандандырған басты бағыттардың бірі.

- Энергетика секторы  Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылындағы басты бағыттардың бірі. Біз энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын жандандыру жұмысына мақсатты түрде ден қоямыз.

Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының 80%-ы Каспий құбырының консорциумы арқылы Еуропаға тасымалданады. Ортақ мүдделерге иек арта отырып, стратегиялық маңызды мұнай құбыры арқылы ұзақ мерзімді және тұрақты мұнай тасымалдауды қамтамасыз ету үшін ЕО тарапынан қолдау күтеміз, - деді президент.

Ел басшысы Әзірбайжан мемлекетімен арадағы энергетикалық байланыстарға тоқталды.

- Әзірбайжандық серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатып, Транскаспий бағытын да дамытып жатырмыз. Мысалы, осы жылдың басынан бастап жылына 1,5 миллион тонна көлеміндегі "Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан" бағыты бойынша қазақстандық мұнайды жөнелту басталды.

Сонымен қатар, біз "Ақтау – Батуми" бағыты бойынша мұнай экспортын кеңейтуді,  Транскаспий маршрутының құбырлары арқылы мұнай жөнелту көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан Германияға "Дружба"құбыры арқылы мұнай жеткізуді жүзеге асыра бастады. Ағымдағы жылдың басынан бері 90 мың тонна көлемінде мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткішті болашақта оны ұлғайту мүмкіндігімен жылына 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізу әлеуеті бар", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Қазақстан Еуропалық Одақтағы серіктестеріне 60-тан астам кен орнын игеруде жеңілдік беруге дайын екендігін айтты.

«Біз еуропалық серіктестерімізге Қазақстан аумағындағы 60-тан астам бағалы әрі түсті металлдар кен орындарын барлауға және өңдеуге жеңілдік беруге дайынбыз», - деді Президент.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер