Италияда отандық дизайнерлер мен зергерлердің топтамалары таныстырылды

2084
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Италиядағы елшілігінде «Дәстүр және қазіргі Қазақстан – ғасырлар бойы жалғасқан байланыс» тақырыбында қазақстандық дизайнерлер мен зергерлердің топтамаларының тұсаукесері өтті, деп жазады "Адырна" порталы. 

Оған 100-ден астам адам қатысты, оның ішінде Италияның шығармашылық саласының өкілдері – дизайнерлер, өнертанушылар, суретшілер және т.б. беделді кісілер болды.  Сондай-ақ іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, журналистер және т.б. қатысты. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Таныстырылымның мақсаты – кез келген мәдениеттің құрамдас бөлігі және қалыптасу құралы болып табылатын бірегей тарихты, салт-дәстүрді және ұлттық мұраны бейнелейтіндіктен, итальяндық көрермендерді сәндік-қолданбалы өнердегі үрдістер арқылы Қазақстанның ұлттық нақышымен таныстыру.

Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев еуропалықтардың Азиямен танысуы халықтардың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін суреттеген атақты итальяндық саяхатшы Марко Полоның шығармаларынан бастау алғанын ерекше атап өтті.

Тұсаукесерді Самал Төлеңгітованың Текемет-Сырмақтан жасалған, киізден жасалған бұйымдар топтамасы ашты. Көрермендерге киізді жібекке айналдырып, жібек матаға ерекше өрнектер жасауға мүмкіндік беретін, өзінің жеңілдігі мен сапасын жоғалтпайтын заманауи технологиямен үйлестірілген дәстүрлі қолөнер арқылы жасалған шапандар мен шарфтар көрсетілді.

Одан әрі қазақстандық сәнгерлер Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі суретші-зергер Нұрдос Әлиасқаровтың әшекей бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық нақышта жасалған сырға, білезік сынды әйелдердің түрлі әшекейлері көрсетілді.

Сондай-ақ сәнгерлер әйелдер мен ерлер шапандарының топтамасын – қазақтың ұлттық киімдері мен этникалық дизайнер Тарбия Айдымбаеваның этникалық киімдерін көрсетті, олар заманауи дизайнда әмбебап киім үлгісі болып табылады. Тұсаукесер қалыңдықтың дәстүрлі той киімін көрсетумен аяқталды.


Сондай-ақ қонақтарға кілем және басқа да киізден жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақтың ұлттық киімдерін көпшілікке паш еткен модельдер Италия университеттерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер болды.

Пікірлер