Қадыров Мәскеуде мешіттің салынуына қарсы шыққан топты Украинаға баруға үндеді

2265
Adyrna.kz Telegram

"Мәскеу төрінде үлкен мешіт салынады" деген хабарламаға қарсы шыққан праваславиелік «Царьград» белсенділеріне Шешенстанның президенті Рамзан Қадыров жауап берді. Қадыров белсенділерді "сондық орыс топырағына" адалдық танытса, Донбасқа барып, Ресей мүддесі үшін қасық қаны қалғанша ұрысқа араласуға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Дождь" телеарнасына сілтеме көрсете отырып. 

Мәскеудегі православие өкілдері үшін киелі саналатын "Святое озеро" аумағында ірі мешіттің салынатындығы жайлы тараған хабар Ресей тұрғындарының "құтын қашырғалы" біраз уақыт болды. Ел арасындағы мұндай ақпаратқа праваславиелік «Царьград» белсенділері қарсы шығып, тұтас қалалық референдум өткізуді ұсынған еді.

Белсенділердің "бас көтеруіне" қатысты Шешенстан президенті пікір білдірді.

- Мәскеудегі жаңа мешіттердің салынуына қатысты мәселені дипломатиялық жолмен шешу керек, ал "орыс жерінің идеясын" астана төрінде емес, Донбасста қорғау керек. Егер осы митингке қатысушылардың барлығы "орыс топырағын қорғау" идеясын шын жүректен қаласа, онда автоматпен траншеяларға барсын! <...> Мықтысың ба, қолыңа автомат ал! Сенің орныңа бүгін  Донбасста соғысып жатқан мұсылманға демеу бол, олардың иығындағы автоматты сен қолдан.  Осылайша өз Отаныңды қалай жақсы көретініңді сөзбен не арандатушылықпен емес, іс жүзінде көрсет! - деді  Шешен республикасының басшысы Рамзан Қадыров өзінің Telegram-арнасында.

Шешенстан басшысы митингшілердің әрекетін арандатушылық деп бағалады. Оларды мобилизациялап не сатанистердің мүддесіне жұмыс істегені үшін сотқа тарту керек екендігін айтты.

Оқырман үшін айшықтай кетейік, мешіт құрылысына қарсы митинг 2 наурыз күні Мәскеудің Косино-Ухтомский ауданы, "Святое озеро" маңында өтті. Наразылық жайлы "Readovka" арнасы хабарлады. Арнаның ақпарына сенсек, жүздеген адам жергілікті шіркеу маңына қасиетті мекенді қорғау және мешіт құрылысын жүргізбеу үшін жиналған.

Ресей билігі ірі мешіт құрылысы туралы хабарламаға қатысты әлі ресми түсініктеме берген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер