Қазақта гендер патидің орнына “Құрсақ шашу”, цветная вечеринканың орнына “Бастаңғы” бар - Тұрар Сәттарқызы

5499
Adyrna.kz Telegram

Аға буынның міндеті - өскелең ұрпақ бойында қазақылық иммунитет қалыптастыру.Ұрпағымыз адаспасын десек, өзгеге еліктеуді қоюымыз керек! Бұл пікірді "Қара шаңырақ" ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі - тарихшы, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Әлеужелі, тик-ток дегеніңде ақыл айтар атасы мен апасынан бастап бала-шағасына дейін жеңіл әрі тез “танымал болу” жолына түсіп, “әлеужелінің жұлдызы” болуға кірісіп кетіпті. Рухани құндылық ұмытылып, материалдық құндылық алға шығып, қалай болғанда да ақша табу болып кетті бар ойымыз. Жасап жатқан өзге емес, өз қазағым! Жұртым-ау, мынау қазақ қайда барады? “Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ” болып, өз қолымызбен өз ұрпағымызды дүбара ұлтқа айналдырып жатқанымыз, несі?

Шалы да, кемпірі де жастарға “тәйт” деп тыйым салудың, болмаса, өнегелі сөз, ақыл айтудың орнына цветной вечеринканың бел ортасында жүр. Еліктегіш, ерме ұлт болдық. Әйтеуір өзіміздікінен гөрі өзгенікі керемет болып көрініп тұрады.

“Біреудің қаңсығын таңсық” көреміз. Қазақылықтан қашамыз. Қалай ұлт болып қаламыз? Өзімізде таңғалдырар дүние жоқтай, басқалардың айтқанына “аузымызды ашып, көзімізді жұмып” таңғаламыз. Біздің еліктегеніміз соншалықты бүгінде сырттан келген “гендер патиді”, “хэллоуинді”мерекелеп жүргеніміз аздай, енді “цветная вечеринка” дегенге жаппай көшіппіз. Мұның “жұқпалы вирус” сияқты тез тарағаны соншалықты, тіпті тик-ток, әлеуметтік желіде қазекем үлкені-кішісімен қоса, бүтін отбасымен кірісіп кетіпті. Бір қызығы, мұның бәрі қаланы қойып, енді ауылға да жетіпті.

Қазақтың “қаймағы бұзылмаған”, салт-дәстүрі сақталған бір ауылдан жақында танысым хабарласып: Тұрар апай,  гендер пати, цветной вечеринка ауылға да келді. Келінінің аяғы ауырлап үйінде “гендер пати” жасап жатса, қайын атасы ешнәрсе түсінбей дал болып отыр. Ал цветной вечеринка кең етек алды,- дейді. Өзегіңді өртейтіні, қаймағы бұзылмаған қазақылық сақталған ауылдың өзінде де кішісін қойып, ақыл айтар  үлкендер де кірісіп кетіпті”,- деп жазды журналист.

Сондай-ақ, ол “Цветная вечеринка” шеттен әдейі ЛГБТ-ны жарнамалауға, жастардың көзін де, өзін де үйретуге келген дүние сияқты екенін айта кетті.

“Ең сорақысы, “Цветная вечеринканы” балабақша, мектептерде де мерекелеуге рұқсат беретін мектеп әкімшіліктері бар екен. Қарап отырсам, Цветная вечеринканың түсі көбіне ашық түсті, кемпірқосақтың түсіне келіп жатады. Ал ол ЛГБТ туы.

Бұл шеттен әдейі ЛГБТ (лесбиянкалар, гейлер, бисексуалдар мен трансгендерлер)жарнамалауға, жастардың көзін де, өзін де үйретуге келген дүние сияқты көрінеді. Ал біздің қазекең оны ұқпай, жаппай тойлап, ұрпағының көзін тұздай құртуға кіріскен сияқты.

Баяғыда десең, тағы бір ескінің көзі деп қарайды. Сол баяғыда аяғы ауыр келіншегінің шермиген қарнын сипап суретке түссе, мынауыңның есі дұрыс емес дер еді. Бүгінде ерлеріміз ез боп бара ма, гендер патиде жылап, әйелінің қарнын сипап суретке түсіп жатқан жігіттерге қарап, не деріңді білмейді екенсің, тіпті. Тіпті оны жариялаудан арланбайды. Намыс қайда, ерлер? Содан келіп, еркектер қайда?,-дейміз. “Қатыным бала туғалы жатыр”,- деп жылап, мұрнынан сорасы аққан қай атаң болып еді?!”,- деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар, Тұрар Сәттарқызы қазіргі аяғы ауырлаған келіншектірдің ішін көрсетіп  суретке түсетінін сынға алды. 

Баяғыда “тіл бар,көз бар”,-деп аяғы ауырлаған келіншек ешкімге айтпаған. Кең көйлек киіп, ішін білдірмеуге тырысқан. Тіпті шермиген ішінен қысылып, “ұят болады” деп төркініне де бармаған. Ал қазір қарасаң, жаһанға жар салып, әлеуметтік желіге суретін салып, гендер пати деп, той жасап жатады. Бұл біздің қазақылық дәстүрімізге де, жаратылысымызға да жат дүние. Бүгінде балалар арасында неше түрлі ауру бар.

Кейде осының барлығы өзіміздің өзегімізді өгейсініп, ұлттық тамырымыздан ажырауымыздан да шығар ма депте ойлаймын. Тіпті былтыр осы еліміздегі  Отбасылық құндылықтарға қатысты әжептәуір комиссияның мүшесі болып жүрген, әже жасындағы әйелдердің өзге ұлттың киімін киіп вечеринка жасаған суреттерін көріп, “сөзі басқа, өзі басқа” жандар өскелең ұрпаққа қандай өнеге болмақ?,-деп ойлаған едім.

Өкініштісі, бүгінде “сырты басқа, іші басқа” қасқалар көп. Олар өскелең ұрпаққа өнеге бола алмай, көп жастарымыз “өзін тани алмай” адасып, ділден де, діннен де шатасып жүр. Тәрбиелік мәні бар салт-дәстүріміз, өнеге болар ісі жоқ, ұлт болсақ, жарайды дер едім. Түсіне білген жанға, қазақтың қай дәстүрін алсақ та, тұнып тұрған тәрбие бастауы, өскелең ұрпаққа өнеге”,- деді ол.

Одан бөлек, журналист қазақта керемет салт-дәстүрдер барын және тәрбиелік мәні барын айта кетті.

“Қазаққа жат, ешқандай тәрбиелік мәні жоқ, басқадан қалмаймын деп, өзгенің қаңсығын жапа-тармағай жасап жатқан әр қазақ осы әрекетімен өз ұрпағын ұлттық тамырынан ажыратып жатқанын ұмытпаса екен. Қазақылық танымға жат дүние “жұқпалы вирустай” тарамасын десек, ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз, орта буын аға-апалар жастарға өнеге болып, білгенімізді үйретіп,

“Әй, балалар, бұларың болмайды. Америка мен Еуропа бізге үлгі емес. Біз қазақпыз. Ал қазақ дәстүрге бай халық. Тәрбиелік мәні, өнегелі мынандай дәстүрлеріміз бар. Ал мынау қазақта жоқ, ұлтымызға өгей салт. Өзгенің қаңсығына ілесеміз деп қазақы абыройдан айырылмайық, адаспаңдар. Ұят болады”,-деп ақыл айтуымыз керек емес пе?!

Ұрпағымыздың бойында сырттан кірген жат нәрсеге қарсы тұрарлық “қазақылық иммунитетті”  аға буын қалыптастырмаса, жастарымыз қайдан білмек?! Қазақ – ұлт болашағын ойлап, ұрпақ тәрбиесін бәрінен жоғары орынға қойған халық.

Ұлттық тәрбие өскен ұядан, отбасынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан да қазақ “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”,-деп ұрпағының бойына ұлттық құндылықты сіңіріп, ұясынан қыран етіп тәрбиелеген. Ал бүгінгі кейбір қазақ өз шаңырағында, өз ұясында “цветной вечеринка”, “гендер пати” сияқты өзгенің қаңсығын дәріптеп, өз қазақтығын менсінбей, өз қағынан өзі жеріп, ұлттық құндылығын өгейсініп, өз ұрпағын аластырып, ұлт тамырынан балта шауып, ұрпағын дүбара етіп тәрбиелеп жатыр.

Қазақылықты тек қазақ ғана сақтап қала алатынын ұмытпайық! Өзімізде де керемет салт-дәстүрлер жетерлік! Гендер патидің орнына “Құрсақ шашу” бар, цветной вечеринканың орнына “Бастаңғы” бар. Қазақы салт-дәстүр жайлы білемін десеңіздер, Зейнеп Ахметова апамыздың “Күретамырын” оқыңыздар”, деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер