Қазақ, қайда барасың?

3417
Adyrna.kz Telegram

Қоғам, тірі организм тәрізді дерттен сау және дертке шалдыққан ауру бола алады. Біздің заманға дейін өмір сүрген не бір алып мемлекеттер мен империялар, осы рухани дертке шалдығып, тарих сахнасынан келмеске кеткен.  Тек қана күшке сенген ежелгі Спарта мен ежелгі Македония, Рим империясы («Мәңгілік Рим») мен Осман империяларының жойылуына әкелсе, Екінші дүниежүжілік соғыстан кейінгі уақытта, әлемді қарулы күшпен қорқытатын Кеңестер Одағы ыдырады.

Ежелгі Грекияның ойшылдары мен философтары, масаттанудың түбі мемлекетті құртатынын қанша ескерткенімен, өздерін қудалап, мазақ етіп, ақырында римдіктерге бағынды. Айналасында жау қалдырмаған Рим империясының құлдырау кезеңі сол, даму кезеңінің шарықтау кезеңінде басталыпты.

Әлеуметтік – экономикалық қиыншылықта болған көптеген елдердің тарихында, жауларын жеңіп қана қоймай, елін көркейткен мысалдар жеткілікті. Ауғанстанды күшпен ұстаймыз деген елуге таяу мемлекет, 20 жылдан соң, ол жақтан бас сауғалап қашқанына да көп болған жоқ.

Қазіргі қазақ қоғамына рухани тәрбие мен идеологияның қажеттілігін айтпастан бұрын, қоғамның рухани болмысы - батырлары мен билері, абыздары мен аңыздары, тектілері мен арландарына тола болған Ұлы Далада, ұлыларын бесіктен тәрбиелеген, кеңпейіл, қонақжай елдің бүгінгі сипаты жанашыр халін айтып өткен дұрыс.

Жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыздың бүгінде бес жасар өз қызын зорлағыш айуандары бар. Қоғамда, бір жыныстық қатынас, педофилия, тіпті әкесі, туған қызын зорлау әрекеттері орын алуда. Қазірде, жаза өтеу мекемелерінде 2000-нан аса педофилиямен сотталғандар бар. Ал, оған баратын негізінен жақын туыс, ағайын, отбасы «достары» болғандықтан, қаншама қылмыс жасырын қалпында қалып, жас баланың өмірі мен жарқын болашағына балта шабылуда.

Отбасын құру жасына жеткен қыздар мен басы бос әйелдер саны елімізде 300 мыңнан асқан. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман!» деген бабаларымыздың қатты айтқан аманатын, қазірде, кеудесіне нан піскен аналары: «Ішіме сыйғаны сыртыма да сияды», - деп, Батыстың жалған, отбасы құндылықтарынан ажырату саясатына еріп, феминизмді ту етіп, тірі жетім балапандарды көбейтуде.

Етегін жастайынан жинай алмай, қаралы үйдің кейпіндегідей шашын жайып, түнгі көбелекке айналған қыздарымыз бар. Жастайынан жүкті болып, шақалағын қоқысқа лақтырып, аманын тірі жетім етіп жетімдер үйіне өткізгеннен, ол жақта да орын жоқ.

Жаңадан отбасын құрған жастардың 50 пайызы ажырасуда. Яғни, екеудің – бірі. Ажырасудың негізгі себептері: тұрмыстық зомбылық, ер не әйелдің ішімдікке не есірткіге салынуы, жұмыссыздық.

Сәлемін салып, ата-енесін күтетін келіндер азайып, «не мен, не анау қақпас шал!»,- деп жер тепкілеп, әкесін қарттар үйіне апарғызып тастайтын тәрбиесіз бозбүйректер жетерлік.Олардың дені, ауқатты отбасыларында өмір сүріп, тәрбиесіз жоғары білім алғандар.

Қазақстан, өз-өзіне қол жұмсаудан Әлемдегі ең нашар көрсеткіштен 3-і орында. Тыңдар құлақ, бөлісетін жан болмағаннан соң, өмірмен қоштасудан басқа амалжоқ деп түсінуден болып отыр.

Абақтысы болмаған еліміздегі 80 түзеу мекемелерінде 34 842 адам жаза өтеуде. Жемқорлық рейтингінен әлемдегі 180 елдің ішінде Қазақстан 2019ж – 113 орын, 2020 жылы – 94 орын алып отырмыз.

2022 жылғы алғашқы жарты жылында 1300 жемқорлық қылмыстық әрекет орын алып, былтырғы жылға қарағанда 30,5 % артып отыр. Сонда, еліміз ғана емес, әлемді дүрліктірген қасіретті қаңтардан соң, жемқорлықпен дүние таба қоюшылар араны ашылып кетіпті.

Осы, үстіміздегі жылда, жемқорлықпен істері сотқа кеткен 448 айыпталушының: 77 – әкімшілік, 73 – ішкі істер, 27 – ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара қызметкерлері екен. Бұл сонда, не істесем де жазаға тартылмаймын деген сенімділік пе?

Әлем бойынша Қазақстан алкоголь тұтынудан 10-ы орында. 2003 – 2022жж Қазақстан 188 елдің ішінде 34-і орында болған.

2021 – 2022жж. Алкогольді ішімдік тұтыну 77 пайызға өскен. Пандемия уақытында  - 38 пайызға.  2022ж. 9 айында Қазақстанда: 10 млн 316,9 литр коньяк. (+ 67,3 %), 42,5 млн.л. арақ (+ 98,3 %), 540 млн/л – сыра өндірілген.

Сонымен, қоғамды улайтын, қылмысқа итермелейтін, зорлау мен қасіретке апаратын, отбасын шайқайтын – шарап тұтыну 77 % артқан қоғамның рухани болмысына, осыншама шарап өнімдерін тұтыну оң ықпал бере ме? Мұндай қоғамға, тіл тағдыры, Ел егемендігі, тәуелсіздігіміз бен болашақ ұрпақтың тағдыры маңызды ма екен?

Білім сапасы жылдан жылға төмендеуде. Ұлттық біріңғай тест көрсеткіші бойынша: оқушылардың орташа баллы (125 баллдан). 2012ж – 70.9; 2021ж -  69.08; 2022ж – 66. ҰБТ қажет балды ала алмағандар: 2012ж – 36.8 % ; 2021ж – 39 %; 2022ж- 32 %.

2021жылы өту балы - 50. Жалпы көрсеткіш өте нашар. 125 максималды балдан 50 ала алмау – өте жаман көрсеткіш.

Жоғары оқу орындарындағы студенттердің әупірімдеп іліккендері, 2-і курстан кейін өз профилдік мамандығынан басқа жұмысқа шығып, сессияны әйтіп – бүйтіп өтіп, диплом алу мақсатына жетуде. ЖОО ұстаздары, өз рейтінгі мен портфолионы толтыруды ғана мақсат етіп, өзі ғана оқитын керек емес мақалалар, өтті деген аты бар конференциялар ұйымдастырғыш. Студенттің сапалы білім алуы кейінгі орында, болмаса ол да жоқ. Ешкім талап етпейді. Төменнен жоғарыға дейін керегі – өтті деген есеп берсе болды. Сабаққа мүлде қатыспайтын студенттерді эдвайзерлері мен деканат сүйреп, «қыстық және жаздық сессия» дегенді шығарып алған. Ақысын төлеп, әйтеуір дипломға жеткізіп береді. Ол жақта жұмыс жасап, көзбен көргеннен кейін айта аламын.

Сондай-ақ, телефондағы әлеуметтік желіні сағаттап шарлайтын оқушы, алгебра мен геометрия, физика мен химия сияқты пәндердің екі-үш сабағын жіберіп алса, ары қарай түсіне алмағандықтан, әйтеуір осы пәндер жоқ оқу орнын таңдайды. Оның үстіне, бұл гуманитарлық мамандықтардың ішінде грандқа тапсырып, сапасыз мамандар санын толықтырады.

Телеарналарда, рейтинг (көрермендер көрсеткіші) деген жарыс басталғалы біраз болды.. Сондықтан бастапқыда «танымал әнші», «танымал сықақшы», күлкі театрлары мен ән жарыстарыда бақ сынаған телеарналар кейін негізінен Ресей телеарналарының ток-шоуларын қазақшалап жарысып кетті. Халықтың санасы уланып, жастардың тәрбиесіне кері әсері болады екен деп жатқан ешқайсысы жоқ. Жастардың кумирлері – күлдіргіштер, асабалар, ыңылдап ән айтатындар. Осылар қоғамды рухани аздырғаннан басқа, не хайыр әкеледі?

Рухани тежегіш ролін атақаратын дін құндылықтары мен отбасы құндылықтарын артта қалған орта ғасыр деп жарапазандаған ақпарат құралдары, елдің ниетін мақтанымпаздыққа, пайдасы шамалы әншілер мен тойсүйер қауым деп масаттандырды. Отансүйгіштік, сыйластық, бауырмашылдық пен мейірімділікке тәрбиелейтін рухани бағдарламалар шектеліп, қантөгіс, қиянат, зорлық, жыныстық қатынас тақырыптары тәрізді, қоғамды іштей аздыратын ток-шоулар ақпарат құралдарын басып кетті. Мектептердегі орамал күресі бүкіл мекемелерге ауысып, «арабқұл», «мамбет» деп жеккөрінішті көрсете отырып, елді рухани азғындыққа тежегішсіз апара жатыр.

Мектептер мен оқу орындарына, адамгершілдік пен мейірімділікті, ата-ананы құрметтеуді айтатын дін ұстаздарын кіргізбей, діни сауатсыдық вакуумы қалыптасты. Алайда, радикалдық идеологияны таратудың түрлі технологияларын жетік меңгерген кері ағымдарға керегі осы екен, ақпараттық кеңістік арқылы жастарды «білімдерімен» таңқалдыррған «интернет ұстаздар» өз әрекеттерін қарқынды жалғастыруда.

Керісінше, зайырлы оқу орындарындағы дінтану мамандығындағы студенттер, дінді тек қана тану тұрғысынан оқығаннан кейін, маман ретінде өте әлсіз. Сондықтан да, жат идеологияның алдын алу, жалған көзқарастан қайтару бағытына қаншама қаржы бөлгенімен, саны артып барады деп, қосымша қаражат сұрай бергеннен ары жұмыс нәтижесіз. Радикалдық көзқарасты ұстанушылар, оған адасып барғандар, еш мәнін ұқпай, дұрысы осы екен деп жүргендер қаншама? Олардың жалпы саны 20 мың деп топшалай салған ақпарат, қаңтарда қаншама дүрбелеңге салды.

Діни оқу орындарын тәмамдаған мамандардың қоғаммен жұмыс жасауларына зайырлылы білім жетіспейді. Ол оқу орындарына, мектепті жақсы және үздік бітіргендер бара бермейтіндіктен, жалпы білім деңгейі мен дүниетанымы, қазіргі заман талабынан қалыста сыңайлы.

Бұл салада, бұрында сырттан бақылап жұмыс жасайтын қауіпсіздік сала қызметкерлері, арнайы идеолог және теолог маманы ретінде білім алмай, өздері басқарып кеткендіктен, мәселені шеше алмайтын сөзсіз. Медицина қызметкелері тәрізді, арнайы білім мен ауруханаға барып тәжірибеден өтпеген маман, ауруды емдей алмайтыны тәрізді, арнайы білімге қоса, мешітке барып, бес парызды ұғынып, діни қызметкерлермен күнделікті қастарынан табылмаса, іс жүрмейді.

Сондықтан, дін істері басқармаларын, бұрынғыдай ішкі саясатттың бір бөлімі ретінде қайта қосып, рухани тәрбие жұмыстарын қолға алу қажет деп санаймын.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл мәселеге рухани дерт деп қарап, медицина саласы сияқты, тәнді дертке шалдықтыратын негізгі себебін айқындап алу керек. Дәрігерлер: не тамақ іштің, қызметің қандай орта, жаяу қанша жүресің, денсаулыққа пайдалы қандай амалдар жасайсың?, - деген сауалдардан бастайды. Сонан соң барып, диагноз қойып, емдеу басталады.

Жат идеолгия мен рухани азғындаудың түбірі бір – өнер, салт-дәстүр, білім мен мәдениет, әдеп пен иман тақырыптары жоқ жерге, әрине қандай түрлі ағым болсын келе береді.

Осыншама, белуарына дейін рухани жұпындыққа батып отырған қоғамды бірден дөңгелетіп алып кетеміздеу қиын. Жемқорлық пен дүниеқұмарлық, азғындық пен масампаздық, ысырапшылдық пен мансапқорлық тамыры тереңге кеткендіктен, бұл рухани азғындықты кетіріп, қарама – қарсы бетке өту үшін, жастардан бастап қайта тәрбие қажет. Адамгершілдік, мейірімділік, жанашырлық, бауырмашылдық, білімпаздыққа ұмтылу үшін, оны атқарар жас буын, шәкірттер тәрбиелеу керек.

Ел болашағы жастарда десек, сол елдің тұтқасын қолына алатын, бағыт пен бағдарын айқындап, қоғамды артынан еріте алатын, дүниетанымы кең, ұлтжанды азаматтарды бүгінде даярлауымыз қажет. Экономика қанша дамығанмен, қоғамның рухани болмысы құлдыраса, қандай алып мемлекет болса да ол күйрейді. Елдігімізді сақтайық, ағайын.

Мирхат Мадияров – тарих ғылымдарының кандидаты, қоғамтанушы, дінтанушы, сарапшы.

 Алматы. Қараша, 2022ж.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер