Қазақстанның солтүстігіндегі ерекше табиғи нысан – Теке көлі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның кадастрлық құны 26,7 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
2020 жылы Теке көлі жергілікті атқарушы органдардың шешімімен ас тұзын өндіру мақсатында жер қойнауын пайдаланушы компанияға берілген. Жалпы ауданы 21,5 мың гектарды құрайтын су айдынына кейіннен жалдау келісімі жасалған.
Алайда 2022 жылы келісімшарттың мерзімі аяқталса да, жергілікті органдар бұл келісімді бұзу үшін ешқандай шара қабылдамаған. Прокуратураның мәліметінше, бұл Жер кодексін бұзушылық болып табылады және су қоры жерлерін мақсатсыз пайдалануға әкелген.
Сонымен қатар, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекстің талаптарына қайшы, бұл кәсіпорын ресми сайттағы жер қойнауын пайдаланушылар тізімінен шығарылмаған.
Арнайы табиғатты қорғау прокурорының араласуымен жерді жалға беру туралы келісім біржақты тәртіпте бұзылды. Осылайша, ащы-сулы көл мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекеттік органдар интернет-ресурстардағы мәліметтерді жаңартып, заң бұзған лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартты.