Ұлтымыздың болашағы

2400
Adyrna.kz Telegram

Ата тілді ғылым, техника, технология, гуманитарлық салаларына енгізейік!

1.Экстенсивті жолдың отызжылдық нәтижесі және ертеңгі күндер... XXI ғасырда 60 миллионды ел болуымыз керек! Рухани- ақпараттық егемендігімізді қуаттайық!

 Мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің өсуі экстенсивтік даму жолында қазақ деген ұлтымыздың елімізде саны өскенінен, жалпы тұрғынның арасында үлесі жетпіс пайызға жеткенінен, қазақ тіліндегі мектептер саны басымдау болғанынан. Шүкір.

 Бірақ бұл жолдың бүгін тығырыққа тіреліп бара жатқанын да анық көреміз. Ата тіліміздің басқа ұлттар арасында абыройы әліде аздаулау, қазақтың да көбісі өмір бойы басқа тілде сөйлеп, ойлап, оқып, жазып келеді де ата тілге көшуін ойласа да көше алмайды – жұмысында басқа тілсіз жүре алмайсың, өндірістің бәрі тұрып қалады!.. Қазір қазақ тілділердің біразы балаларын басқа тілдерде (орысша, ағылшынша) оқуға беруі де мәжбүрліктен ғой. Себебі – ең озық ғылыми-техникалық-технологиялық салаларда қазақ тілінің ізі де, иісі де  әлі жоқ!..

 Маман болғысы келсе әр адам өзіміздің елімізде тұрып өзге тілде оқиды – көп салаларда қазақ тілінде оқу жоқ!.. Содан отыз жылда бір де қазақ Нобель лауреаты бола алмағаны да ма, ғылым, техника, технология салаларында, гуманитарлық салаларда болсын! Біріншілер прогрессті көтеретіндер, гуманитарийлар-ау елдің рухын, санасын, ақпаратты егемендігін көтеретін топтар. Оған қоса әлемнен артта қалу себебі кадр мәселесі, ғалымның айлығы банктің күзетушісінікінен де аз, өнертапқыштар керек емес, жазушыға бір тыин да кітап жазған еңбегіне төленбесе – қандай прогресс пен  озықтықты сұрайсың? Озық салаларда өмір бойы басқа тілде сөйлеуінің мәжбүрлігін білетіндер қазақ тіліне жақындай ма? Озық салаларда істейтін қазақ тілділердің өздеріне де туған тілі тек үй тіліне айналғаны-ай!!!

 Жапонияда миллиардер арасында екінші орын алатындар – жазушылар, жапон халқы кітап көп оқиды да, көп жазады да, экономика-ғылым-технология жағынан да озық елдерінің қатарында. Бәсекелестікке жарамайтын тілдердің біразы XXI ғасырда жойылуда, тағы көбісі тоқырау киімін киіп соларға жақындауда! Білім, ғылым, технологиясы толы тілдерді бүкіл әлем жаттап жатыр-ау, мысалы ағылшын тілін...

 Енді біздегі тіл мәселесінің үш қырына жақындау қарасақ: прогресстің озық салалары, рухани-ақпараттық егемендік, демография (тілдік орта ролі)...

 1991 жылы ел тұрғындарының тек 39% қазақ құраған, ұлтымыз орыстілді ортаның қоршауында болды. Қазіргі 70%-дықта тұрып қалмай, өсе беру керек екен дейміз. Және елімізде 19 миллион тұрғынымыз бар болса, келесі отыз жылда 30 миллионнан асып, тағыда отыз жыл өткенде 45 миллионды болып, осы ғасыр біткенше 60 миллионға жету керек. Сонда ғана халық санынан еуропалық Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания қатарлаына қосыламыз. 85 – 90%-ды қазақы тілді орта ата тіліміздің сақталуына экстенсивтік түрдегі кепіл болып қалар.

 Бірақ бүгінгі шақтағы қоғамның орыстілді ортадан қазақтілді ортаға өтуі өте ойластырулы, сақты, епті болу керек. Бұ жерде кеше ғана қазақ тілінде сөйлемеген, бүгін сөйлеу бастауына ұмтылған еліміздің әр азаматына қазақы орта көмек беру керек. Мысалы, Британияда, АҚШ-та ағылшын тілінде сөйлеуге үйреніп жатқан кісіге ешкім кулмейді, сенің акцентің дұрыс емес деп! Қуанады – ағылшын тілінің бүкіл әлемге жайылғанына!.. Бізде ше басқаша: өздерінің қолынан дым келмейтін кейбіреулеріміз «әне, анау қазақша дұрыс сөйлеуге де үйренбеген!» десе үйренгісі келетіндердің жолын кесеміз... Қарасаң сол күлкішіл ауылда қазақы ортада өсті ғой - тіл оған өзі келді! Тілдің нағыз патриоттары басқалар да тілімізді білсін деп  - оларға көмек беру керек, жылы сөзбен, ықыласпен. Бұл сөздерді практикалық түрде айтып отырмын, өзім он сегіз жыл аудандық қазақ-татар мәдени-ағарту ұйымының төрағасы болдым, елю жыл басқа тілде сөйлеп, міне, ата тілде мақала жазып отырмын. Тілге үйрену оңай емес, бірақ ынтаң мен жігерің болса – үйренесің! Бұны айтып отырғаным – алдағы ұсыныстарыма дайындық, оқырман білсін деп, тәжірибесі бар адамның сөздері екенін... 

 Екінші қырға көшсек, тілдің толық дамуына қазір рухани-ақпараттық егемендікті қалпына келтіру керек - гуманитарийларсыз халқыңды табанды қыла алмайсың. Ата тіл - табандылықтың бір белгісі.

 Өткен генийларымыздың бірі Майқының айтқаны бар: "Хан әділ болса басынан бағы таймайды, халық табанды болса қара жерден кеме жүргізеді"!.. Қазір бақтың тайу жаққа жылжуларын да, табансыздықтың да ымдарын көрудеміз – жағдайды дұрыстау керек, күш салып. Енді озық салаларға қарасақ...

2.XXI ғылыми-технологиялық ғасырдың интенсивті жолы міне:

 Әр ғылыми-техникалық-технологиялық салада ата тілді жақсы білетін мамандардың басын қосып, ғалым-лингвистермен күшейтіп, төрт-бес жылда қазақ тілде терминология жасау керек! Оқулықтарды жазып, салалық журналдарды ашып, қазақ тіліндегі кітап, т.б. материалдарды жинап салалық ақпарат қорларды іске кіргізу, қазақ тілінде мамандарды оқытуды бастау. Осылай ірге салып бәр озық салаларды қазақылау – Жаңа Қазақстанымыздың  керек істерінде алғашқы қадамдарының бірі болсын.

3.Қасиетті бұл істің алғашқы қадамын өмірге енгізу:

 Бірінші. Ең биік әкімшілікте бұл істі үнемі алға жылжытып отыратын талантты белсенділер керек.

 Екінші. Үкіметте бұл істі ұйымдастырып, өмірге енгізетін арнайы комитет керек. Ойға, іске жалқауларды онда жақындатпау - ең бастысы. Тек іс, нәтиже әр адамның кәсіптік бағасы. Бұрынғы жалқаулық, ынтасыздық, жауапсыздық  капитуляциядан отыз жылдың көптеген бастамалары бос әңгімеге айналды. Ал, жемісті салаларға қарасаң, со салалардың басында талантты еңбекшіл прогрессивтік идеялары бар тұлғалар болды. Мысалы, халықараралық салада бүгінгі көсеміміз, демографияда идеяларды беріп тұрған демография маманы Мақаш Тәтімов болды. Бірақ 2012 жылдан бастап демографиялық талпыныста оралмандарымыздың үлестері басылды, қандастарымызды келтіретін кең қақпа жабылды, тар тесіктен көбісі өте алмайды-ау... Осы мысалда көргеніміздей, кең дүниені тар қылмайық, елімізді, ұлтымызды әлемнің артында қалдырған статиканы ұмытып, ақ пейілмен қазақ аналары үнемі туып жатқан талант-генийлерімізге динамикалық жол ашайық.

 Үшінші. Істі қаржылауға мемлекеттік және азаматтық әдіс. 162 белгілі қалталы, ұйымдастырушы қабілеттері жеткілікті, азаматтарымыз 162 мамандыққа ата тілді енгізуге бар күшімен үлес қосса - ұлттық салықты біраз жағынан орындады деуге болады. Ең нәтижелілерге марапат аялмай берілсін – мұндай мүмкіндіктен қашатын адам болмас. Алтын әріппен жазылсын: «Ұшқыш-космонавтика саласын қазақылаған мынаулар...» деп, «Программирование саласын қазақылаған мынаулар...» деп, бәр салада алғашқылардың аты қалсын.

 Төртінші. Жұмыс ашық түрде болып, алты ай сайын нәтижелері қаралып, теледидар арқылы комитет бастығы мен салалық орындаушылар теледидармен халыққа ақпарат, сұрақтарға жауап берсін: бір күн, таңның тоғыз сағатынан кешкі алтыға дейін. Осылай әр жыл өткен сайын теледидарда премьер-министр мен осы іске жауапты орынбасары халыққа бұл іске қатысты есеп беріп тұрсын.

 Бесінші. Жұмысты биылғы желтоқсан айының бірінен бастау: комитетті ұйымдастыру, жоспардың схемаларын, кадрларды белгілеу, іске кіргізу, таланттарды топшылау, офлайн да, он лайн да, процесстің жүруімен іскерлер қосыла береді, тек кедергілерге беріспей үнемі алға жылжып тұру керек. Терминологиялау проблемасын көтеріп жұрген лингвистерді бәрі біледі, енді тек талантты, қуатты, еңбекшіл, нәтижеліл, ұйымдастырушы белсенділер керек және көздерінен от жанып тұрған қоғамдық ұйымдастырушылар-белсенділер, журналистер – шамымыз сөнбес үшін. Әр құрылтайда осы істің жағдайы туралы ақпарат беріліп тұрсын. Ешкіммен ұрыспай, билік пен халықтың күшімен керек істі алға жылжытудың мүмкіндігі бар – 99%-ды мүмкіндік. Ал, қарсылықты бір пайыз – ол не? Енжарлық, жалқаулық, керек жерде керек емес арамтамақтардың отырғанынан. Кішкентай құмалақ бір бөшкі майыңды бұзып тастайды...

 Алтыншы. Осы ұсыныспен еліміздің әр азаматына айтатыным: Жаңа Қазақстанды тек өзіміз құра аламыз. Соның ішінде айтып отырған қасиетті істі тек өзіміз көтереміз. Қолымыздан келгенін істейік. 

 Жетінші. Президентімізге тілейтінім: отыз жылда істелмеген істі бес жылда орындайық! Күшіміз жетеді – Әділді Қазақстанға қадам басу, ата тілімізге  ұлт ретінде әділдік көрсету. Тарихи тағдырымыз солай болды, тең жартысымыз ондаған жылдар туған тілімізде сөйлей, ойлай, оқи, жазай  алмадық, енді азат елімізде қазақ тілінде сайрап кету, озық елдердің қатарына өзіміздің еңбегіміздің нәтижелерімен жету – аруақтардың алдында біздің ұрпақтық парызымыз. Жігері бардың жолы бар дейді ағылшындар. Жігерлі болайық! Мақсаттарымызға жетейік!

 Сегізінші де пункт бар: ғылым, техника, технология салаларын қазақтілді қылдық деп, басқатілді объекттерді жабуға болмайды – олардың өнімдері елімізге әлі керек-ау!.. Басқа тілді кадрлардың тәжрибесі еліміздің алтын қоры, бәріміз бірге істеп, бәсекелесіп, достасып ортақ істі биік деңгейлерге көтерейік, алдағы буындарға еңбектің жемістерін жеткізейік! Талантты мамандарды елімізге тартуды білейік, оларға биік деңгейлерде өнім беретін жағдайларды жасай білу керек. Қазақтілді мамандар ағылшын, орыс тілдерін жақсы біліп, бәр озық жаңалықтармен қазақы ақпарат қорларын үнемі толтырып тұру керек.

 Тоғызыншы. Осы екі-үш күн бұрын боксшы Айдос ініміз кубалық боксшыдан ұтылып, қазір комада жатыр. Ініміз күшті, намысты, беріспейтін, ештеңеге қарамай алға ұмтылатын қайсар жігіт, бірақ кубалық боксшының техникалық шеберлігі биіктеу болды. Әлемдік бәсекелестікте бәр жағынан деңгейі биіктеулер жеңеді. Соны ұмытпайық, ағайын! Алға жүруге тырысайық.

Төреғали Қазиев. Жазушы, зерттеуші. 

Қазақ халқының тарихына арналған орыс тілінде шыққан жеті кітаптың авторы. Қазір ата тілде «Қазақ нама» кітабы жазылуда. Осы кітаптың «Қартқазақ» деген бірінші бөлімі жарыққа шықты – жақында кітап дүкендерінде болады. Автор 2018 жылы Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет Грамотасымен марапатталған, Бөкенбай батырдың медалімен, т.б.

Ақтөбе. 08.11.2022 жыл

 Ескерту: «Ата» ұғымының күш-қуаты, мықтылығы көбірек деп, қасиетті «Ана» ұғымының нәзіктігі болғасын, өмірдегі күрестің алғы шептеріне «Ата» ұғымын қойа білейік. Тіліміздің сөздерін абыз аталарымыз берді. Қазақ тілінің әлемнің көптеген тілдеріне Аталығы бар екенін де ұмытпайық. Азат елде Ата тілді ұмытуға болмас, тілімізде бабалардың тәжірибесі, өсиеттері, моральдық-этикалық ережелері. Жер бетіндегі әр адам туралы ақ көңілді өзіміз айтамыз ғой: «Ол да адам баласы!» деп. Бұл сөздер адамзаттың бір ұядан шыққанын көрсетеді.

 «Армысыз?» деп амандасады-ау қазакең.

«Армыз! Бармыз!» деп жауап береді.

 Даналықтың белгісі.

Пікірлер