«Біз осы кесапаттан құтылуымыз қажет»: Жанұзақ Әкім АЭС туралы пікірін білдірді

5089
Adyrna.kz Telegram

АЭС десе елміздің бірқатар белсендісінің төбе шашы тік тұрады. Өйткені, АЭС салған елдер оның пайдасын көріп жатқанымен, енді одан құтылудың амалын таппай отыр. Оның жұмыс істеу мерзімі тоқтаса да, қауіпсіз ұстап отыру үшін миллиардтаған қаржы керек. Экономикаға пайда әкелеміз деп, шығынға ұшырататынымыз анық. Сондықтан АЭС салу туралы ой екіге бөлініп, пікірталас тоқтар емес.

Қазақстанға АЭС керек пе? Қаншалықты зиянды? Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, экономист Жанұзақ Әкіммен «Адырна» ұлттық порталының тілшілері тілдескен еді. Төменде қайраткердің АЭС туралы ой-пікірімен бөлісеміз:

«Қазақстанға атом станциясы керек пе?» деген сұрақ əр қазақты алаңдатар мәселе. Себебі бəрімізге белгілі. 1949 жылдан 1991 жылға дейін  500-ден астам атом бомбасы Қазақстанның 13 аймағында жарылды. Семейде сол 500 жарылыстың 64%-ы болды, қалған 36%-ы 12 аймақта, оның ішінде  Түркістан, Созақ, Атырауға дейін, Тайсойғанда 16 жер асты жарылысы болды. Жалпы атом бомбыларын жер асты, жердің беті жəне аспанда да  жара берді, барлығын сынады. Сосын Қарашығанақта 41 жыл бойы жарды.

Мен Мəскеуде аспирант болып жүргенде, 1988 жылы осы мəселені көтеріп, Семейден топырақтың, судың анализін және адам қанының анализін алғыздық. Оны Мәскеуде әскери лабораторияда зерттеді. Сол кезде, 1989 жылы суицидтің үлесі Семей аймағы облысында орташа Республикалық деңгейден 16 есе көп еді. Қазір сол əскери полигондардың аймағындағы суицидтің үлесі орта Республикалық деңгейден 10-12 есе жоғары. Яғни, оның сол атом жарылыстарының əсері əлі толық зерттеліп, емделіп, əлі сол аймақтарда тұратын адамдардың əлеуметтік мəселесі, яғни жеңілдіктерін алу жөнінде және тағы басқа мәселелер шешілген жоқ. Қазір көріп отырғанымыздай əлі күнге дейін Семей аймағында екі басты балалар, алты саусақты және тағы басқа өзгеріске ұшыраған адамдар дүниеге келіп жатқан жағдайлар бар.

Бұл трагедия бізде əлі шешілген жоқ. 30 жылда Семейдің 2 миллиондай адамы мүгедектік туралы жеңілдіктерін ала алмай отыр. Мəселе тек Семейде ғана емес, Аралдағы апат, оның үстіне жарылыстар, Арал аймағындағы атом бомбасының жарылуы, Атыраудың батысындағы Сүйіндік, Азғыр жерлері де бар. Сол аймақта да суицидтің деңгейі жоғары және кемтар балалардың туылуы əлі көп. Оның бəрі полигондарда ракеталарды пайдаланып жатырғандығында және оны зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Əскери полигондарды Ресейге 1994 жылы 80 жылға тегін беріп жіберді. Қазақстанның 10 млн га жерінде, яғни 6 облысында Ресей əскерлерінің полигоны бар. Біз осы апат, кесапаттан құтылуымыз қажет. Бұл бірінші мəселе.

Екінші мəселе, Байқоңырдан ұшатын ракеталар 1963 жылдан бастап гептил деген жаңармай пайдаланады. Кеңес одағының ракеталары пайдаланатын гептилдің ішінде радиоактивті элементтері бар. Оның ең соңғы күшті ракеталары 1990 жылдың басынан 1994 жылға дейін ұшты. Ол ракетада 760 тоннаға дейін жанармай болды. Ракета 3 сатымен көтерілгеннен кейін, 3 сатымен түседі. Ал Байқоңырдан көтерілген ракетаның 1-ші сатысы Қазақстан жеріне, 2-ші сатысы Алтайға, 3-ші сатысы Якутияға дейін барып түсетін болды. Содан кейін олар 1963 жылдан бастап гептилді пайдаланып ұша бастады.

1967 жылы Алтайдың балалары дүниеге келді. Таза альбинос балалар. Олардың шашы да, көзі де, терісі де, барлық денесі аппақ. Олар –  мутанттар, осы гептилдің кесірінен пайда болған балалар. 1967 жылдан бастап, сол əлі күнге дейін жалғасып келеді. Соңғы ракеталар, протоннның жарылыстары, міне 15-ші жылға дейін Жезқазғандағы 150 мыңдай киік, 100 мыңның айналасында үй жануарларлы қырылды. Бірақ, оны жасырып, жариялаған жоқ. Оған біз, осыған қарсы Қазақстан Альянс қозғалысы халықаралық ұйымдарды шақырып, «Халықаралық атом станциялар салынбасын» деп Алматыда екі рет жиналыс өткіздік. Путиннің тапсырамасымен екі станция саламыз деп, біздің шенеуніктер құтырып,  ештеңе ойламады. «Халық қырылып жатыр-ау» деген ой болмады.

Арал өңіріндегі жағдайға 30 жыл болды. Адам мен бала өлімінде әлемде ең алдынғы орындардың біріндеміз. Арал өңірінде және біздің Денсаулық министрлігінің қаулысы бойынша жалпы Қазақстанда 35 жастан асқан әйелдерге бала тууға, былай айтқанда рұқсат жоқ. Себебі, ағза сол жаста сыр береді. Оның себебі –  таза судың жоқтығы.

Қазір Қазақстанда халықтың жартысынан азы ғана таза ауыз суды пайдалана алады. 60% халық таза ауыз суын пайдалана алмай отыр. Соның кесірінен асқазан, ішек-аурулары пайда болады. Ішек пен асқазанда адам иммунитетінің 80%-ы бар. Содан кейін адамдар ауру болады.

Бұл байбалам емес, соңғы деректерде суицидтің осы полигондардағы, полигондар аймағындағы үлесі, тұратын халықтардағы үлесі, орта Республикалық көрсеткіштен 10-12 есе жоғары. Ал бəрімізге белгілі  12 жылдан бастап БҰҰ осыны зерттей бастады. Қазақ қыздарының ішінде 12-18 жас арасында суицидтан 1-ші орын аламыз. Яғни, біздің республика бұл жағынан əлі радиоактивті элементтерден құтылған жоқ. Себебі, полоний мен стронцийды, жалпы радиоактивті элементтердің жартылай ыдырау уақыты жарты миллион жылдан артық. Ең азы сол полоний жарты миллион жылдан кейін ыдырап, басқа элементке айналады. Сонда бізде əлі бұл мәселе шешілмеген. Қазір əр 3-ші отбасында осындай жағдай. Сондықтан атом станциясын саламыз деу бір жағынан экологиялық тұрғыдан, екінші жағынан демографиялық тұрғыдан дұрыс емес.

Қарқаралы тұрғындарының орташа жасы 42 жаста екен. Мың екі жүзге жуық адам бар. Содан кейін бұл атом бомбасының əсері адамға, жатырда жатқан балағада əсер етеді және өмір бойы ол 45 жастан асқаннан кейін онкологияға айналады. Жас кезде  иммунитет мықты болады да, кейін кішкене әлсіреген мезгілде, онкология болып шығады.

Онкологияның деректерінде де Қазақстан жақсы көрсеткіште емес. Сондықтан атом мəселесіне келгенде өте сақ болуымыз керек. Маңғыстауда шала істеп тұрған атом станциясы бар. Олар шыққан радиоктивті элементтерді апарып анау Қасқыркөл көліне құяды. Оны ешкім қоршап, адам мен жан-жануардың баруына ешқандай шектеу қойған жоқ. Ал сол көл ашық жатыр. Біздегі экологиялық жағдай осындай...

-АЭС орнының немен алмастырған дұрыс? Еліміз үшін тиімді жол бар ма?

Біз қазіргі жағдайда жəне алдағы 20 жылда да атом станциясыз жақсы экономиканы энергиямен қамтамасыз ете аламыз. Оның біріншісі – баламалы энергетика. 2012 жылы ЭКСПО-ға қол жеткіздік. Ол Қазақстан үшін үлкен жетістік болды. Халықаралық адам институтының бастаған жұмысын үкімет қолдап, енді біз осыны дамытуымыз керек.

Жамбыл облысында қазір барлығы энергияның 4/1-ін осы баламалы энергетика арқылы қолданады жəне ол жерде 23 елдің компаниялары жұмыс жасайды. Елімізге күн жетеді, сол Арал теңізінің айналасын күн батареяларымен толтырып тастасақ немесе Мойынқұм, Қызылқұмға күн батареяларын қойса болады. Бұл –  энергетиканың болашағы және атом электр станциясынан миллион есе қауіпсіз.

Біз экологияалық мәселеге тоқталдық енді баламалы энергетика туралы айтсақ. Қазір Германияда күн бізден әлде қайда аз, жел де көп емес. Соған қарамастан экономикасы Еуропадағы ең үлкен мемлекетке айналды. Энергетиканың 35-37 пайызын баламалы энергетикадан алып отыр. Себебі, ол – қауіпсіз. Сондай-ақ, жылдан-жылға арзандап бара жатыр. Технология дамыған сайын күннен, желден алатын энергетиканың тиімділігі арта береді.

Алматы облысы, Жетісу облысы, Түркістан облысы мен Шымкент облысы, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, барлығында күн жетеді. Қазақстанның солтүстік жағында да жел мен күнді пайдаланса тиімділігі артпақ. Болашақ осында.

Біздің айтқанымыз – экологиялық тұрғыдан. Енді демографиялық тұрғыдан қарасақ, біз қазақ халқы өспейтін халықтардың ішіндеміз. Ол туралы Хантингтон деген Американың атақты жазушысы, ғалым, журналистінің 70-ші жылдардың аяғында шыққан «Өркениетті соғыс» деген кітабында да “Орта Азия халықтарының ішінде Қазақтар өсімі өте нашар халық” деп жазады. Мысалы, 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін Өзбекстанда 21 млн халық болса, қазір 34 млннан асты. Ал бізде 17 млн болса, 19-ға енді жетіп жатырмыз. Өзбекстаннна да көп адам кетті. 3-4 миллиондай адам кетсе, бізден де 2-2,5 млн адамдай кетті. Ол әрі-бері сыртқы демография, миграция жүріп жатыр. Бірақ оған қарап жатқан жоқ, олардың өсімі 13-14 миллионға өсті. Біз 30 жылдың ішінде 2 миллионға ғана  өстік.  Неге?

Осының үлкен бір себебі -  12-18 жасар қыз балалардың арасындағы суицидтің көптігі, әлемде 1-ші орын алуымызда. Біз осы мәселені шешуіміз керек. Атом полигондарының мәселесін біз әлі шешкен жоқпыз.  13 аймақта жарылған атом бомбалары бәріне әсер етіп жатыр. Бәрі содан...

-Пікір бөліскеніңізге рахмет!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер