Мирас пен Құралай: «Рухани жаңғыруды шәкірт тәрбиелеуден бастадық»

3031
Adyrna.kz Telegram

2021 жылдың 13 қазанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған еді. Осы орайда, елордада өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолға алған жобалармен таныстырған еді. Оның сөзінше, 10 нақты Ұлттық жобаның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндеттен тұрады.

Аида Балаева ханым «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына қатысты былайша түсініктеме берген еді:

«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі. Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр».

Сонымен ұлттық мәдениет пен ұлттық әлеуетті қалыптастыру жолында «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы үш негізгі бағытқа бөлінген. Олар, «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту; «Ел рухы»; «Тәуелсіздік ұрпақтары».

«Ұлттық рухани жаңғырудың» бірініші бағыты аясында 38 жоба жоспарланған. 2025 жылға дейін халықтың 88,5%-ын «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жобаларымен; мектеп жасындағы балалардың 100%-ын мәдени тәрбиемен қамту; «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін 40%-ға дейін арттыру; сондай-ақ меценаттар қаражаты есебінен 3000 нысан салу және жөндеу жоспарда бар. Мұнымен қоса, бұл іс- шаралар тұрғындардың, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық қаламгерлерді, соның ішінде жас ақын-жазушыларды мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдауға бағытталған.

Ұлттық мәдениетті дамыту жолында ұлы қадам ретінде бағаланған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының екінші бағыты «Ел Рухы» деп аталады.

Екінші бағыттың алға қойған мақсаттары ретінде 2025 жылға қарай он үш ірі іс-шара өткізу мен бес нақты нәтиже көрсету көзделген. Олар, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілер салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5%-ы мәдениет саласы қызметімен қамтылады. Екі жүз елу жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған мың екі жүз мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді.

Үшінші бағыт - «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және бұл еліміздің жастарына арналады.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Сөз жоқ, бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», - деді ол.
Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу бойынша шараларды іске асыру. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу;

Осы орайда өнерде жүрген кәсіби әншілер де «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасына өз тарапынан үлестерін қосуда.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері, өнер жұлдыздары Мирас пен Құралай Бекжановтар өнер саласында шәкірт тәрбиелеуде үлкен еңбек атқаруда. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Қаскелең қаласында «Мирас пен Құралай» өнер орталығын ашып, вокал, домбыра, сурет салу, хореография, актерлік шеберлік сыныптарында балаларды оқытуда.

- Сәлеметсіз бе, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасына көзқарасыңыз?

- «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы еліміздің дамуына, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, келешек ұрпақтың саналы болып өсуіне үлкен үлес қосуда. Өнер саласында жүрген біздер де әртүрлі мерекелік шараларда ауыл-аймақтарда концерт беріп, халыққа қазақ өнерін дәріптеп жүрміз.

Осы өнер саласында көп жылдан бері жүргеннен кейін және Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияны бітірген кәсіби әншілер болғаннан кейін шәкірт тәрбиелеуге ерте келдік. Алдымен, Құралай екеуіміз Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттерді оқыта бастадық. Өнерде жүрген қаншама дарындарды вокалдан оқыттық. Бүгінде өзімізбен бірге бір сахнада өнер көрсетуде.

- Алғаш «Мирас пен Құралай» Өнер студиясы қашан және қайда ашылды?

- Иә, 2017 жылы Алматы қаласында оқушыларға арналған өнер студиямыз ашылды. Жетекшісі Құралайдың туған сіңілісі Жанар Құсманова болды. Жанар да өнерде жүрген, вокалдан сабақ беретін ұстаз. Осы жылдар бойы мыңдаған оқушылар білім алып, Халықаралық, Республикалық байқауларда жеңімпаз болып, жүлдегер болып, бүгінде музыкалық колледждерде білім алуда.

Былтыр Қаскелеңдегі өнер студиямызды ашу үшін көп дайындалдық. Ғимаратты тауып, оны күрделі жөндеуден өткіздік. Балаларға ыңғайлы болсын деп оқитын бөлмелерді жаңа заттармен жабдықтадық. Көптеген аспаптар алынды. Ең үздік мамандарға іріктеу жарияладық. Бүгінде Қаскелең қаласының 300-дей шәкірті біздің мектепте оқуда. Оларға ең білікті, кәсіби ұстаздар білім беруде.

- Балалар жылына қандай шаралар өткізілмек? Басқа өнер орталықтарынан айырмашылық бар ма?

- Биылғы барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады.

Ол «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» – деді.

Сол үшін де биыл балаларға арналған өнер мектебімізге ерекше назар аударып, күні-түні еңбек етудеміз. Басқа өнер орталықтарынан айырмашылығымыз – біз, Құралай екеуіміз өзіміз вокалдан сабақ береміз. Басқа сабақтарды да өзіміз қадағалаймыз. Күнде осы жердеміз.

Міне, кеше ғана Қаскелең қаласының мәдениет үйінде Наурыз мейрамына арналған есеп беру концертіміз өтті. Қаншама бала өнер көрсетіп, ата-аналары өнерлеріне тәнті болып қайтты. «Өнер әр қазақтың қанында бар» демекші, әр шәкіртіміз өте дарынды балалар. Болашақтарынан үлкен үміт күтеміз. Димаш Құдайбергенов сияқты еліміздің атын әлемге паш ететін балаларымыз өте көп. Тек сабақтарды өткізбей, еңбектенсе болғаны. Бұл жерде ата-аналардың да рөлі маңызды. Баланың өнеріне назар аударып, қадағалап, жігерлендіріп, сенім артып отырса, керемет болар еді.

Биыл жоспарда көптеген республикалық, халықаралық байқаулар бар. Соларға дайындық жоғары деңгейде. Және бірнеше есеп беру концертіміз бар.

Сұқбатыңызға рақмет!

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер