Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде қате жіберуіміз ұят! – Құсман Шалабаев

4703
Adyrna.kz Telegram


Қазақс
тан Тәуелсіздік алған жылдан бері үш тұғырлы тіл, яғни мультилингвизм ұстанымын ұстанады. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бірдей меңгеруді талап етеді. Алайда Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі кейінге қалып бара жатқандай. Тәуелсіздік жылдары ұлттық тілдің әлеуетін арттыруға арналған бірқатар істер атқарылғанымен, бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелер баршылық. Осы тұрғыда «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласындағы төрағасы Құсман Шалабаевпен сұхбаттасты.

- Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында 2021 жылы 26 қарашада «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қайта құрылды. Өзіңіз төрағалық етіп отырған қоғамның атқарар міндеттері қандай?

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» алғаш рет 1989 жылы Алматыда өткен I құрылтайда құрылған болатын. 1992 жылы  II құрылтайы өтіп, кейін 11 жылдай біраз тоқырап қалды. Алайда  2021 жылы 26  қараша күні Түркістан қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIқұрылтайы өтті. Оған Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, Премьер-Министрдің орынбасары, Мәжіліс депутаттары, Білім және Ғылым министрі, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері және тіл жанашырлары қатысқан еді. Сол жиында қоғамның жұмысына серпін беру мақсатында жеті міндетті жүзеге асыруды тапсырды.

Атап айтсақ, алдымен, қоғамның өңірдегі филиалдарын ашып, материалдық базаларын нығайту және электронды ресурстарын дамытуды тапсырды. Елдегі саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыста болу, латын графикасына ауысу үшін қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізу, шет мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз бен еліміздегі орыс тілді тұрғындарымыздың қазақ тілін меңгеруіне көмектесу міндеттелді. Қазір аудан әкімдіктерінде, түрлі үйымдар мен қоғамдық орталарда, мектеп және бала-бақша, оқу орындарында бастауыш ұйымын құру жүзеге асырылып жатыр.

 

- Елімізде тарихи оқиғаларға байланысты қалыптасқан тілдік ахуал, орыс тілінің үстемдігі әлі күнге дейін бар. Оны қалай жоя аламыз? Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін,  қазақ тілінің мәртебесін өзге тілдерден биіктету мақсатында қандай шаралар атқаруымыз керек?

Әрине, өз елімізде өз тіліміздің тұғыры биік болуы керек. Алдымен, өзге ұлттың тіліне тиіспей, қазақ тіліне деген қажеттілік жүйесін қалыптастыруымыз керек. Одан бөлек, жүйелі түрде механизм құруымыз қажет. Мәселен, Англия бір зат өндіріп, танымал болмаса да, Мемлекеттік тілдерінің арқасында бүкіл әлемді өз тілдерінде сөйлетіп отыр. Өйткені, оларда әу бастан тілдің жүйелі түрде механизмі болды.

Еліміз Егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдарында экономикалық дағдарыстардан бөлек, рухани ахуал сын-көтермей тұрды. Кеңес Одағынан шыққан халқымыз үшін толықтай  ұлттық тілде сайрап кету қиынға соқты. Әлі күнге дейін билингвизм, яғни тек қазақ және орыс тілдерінде сөйлеу бар. Кейін «Тіл туралы заң» қабылданып, түрлі реформалар жүргізілді. Алайда тіл мәселесінде ақсақтап келеміз. Ол үшін әрбір тұлға өзінен бастағаны дұрыс. Кез келген ортада Мемлекеттік тілде сөйлеп, қазақ тілінде қызмет етуді талап етуі қажет.

Одан бөлек, бала жастайынан қандай тілді ортада өссе, соған бейім болатынын ескергеніміз жөн. Түрлі телеарнадағы бағдарламалар, мультфильмдер қазақ тілінде сайраса, бала тілі де қазақ тіліне судай болар еді. Бұл ата-аналардың жауапкершілігінде ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының да әсерінен болады. Өйткені, қай тілде ақпарат көп болса, сол тілді меңгеру қарқынды жүреді.Сондықтан ақпараттарды қазақ тілінде сауатты әрі түсінікті етіп таратуымыз қажет.

Сонымен қатар, аралас мектептер мен жекеменшік бала-бақшалардың орыс тілінде сөйлеуі үлкен мәселе. Ол үшін бала-бақша тәрбиешілеріне қазақ тілін білуі және сөйлеуі міндеттелуі қажет. Оқушыларға берілетін тақпақтар, тапсырмалар қазақ тілінде болуы шарт.

Біз – Отансүйгіш, қонақжай елміз. Сондықтан елімізді 130-дан астам ұлт мекендейді. Олардың ұлттық тілі, діні, салт-дәстүрі бар. Бірақ Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қазақ тілінде сөйлеуі керек деп олаймын. Ол өзге ұлт болсын,  қазақ болсын, бәріне ортақ болуы керек. Алайда біз олардың тілін, дінін, салт-дәстүрін кемсітуге жол бермейміз әрі құрметтейміз.

Бүгінде Қазақстанда тұратын қазақтардың үлес пайызы 70 пайызға жуықтады. Бұл қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың да санының артқанын білдіреді. Сондай-ақ, соңғы жылдары байқаймыз, қазақ тілі трендте. Әлеуметтік желілерде өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде челлендждер жасап, ұлттық нақышта киініп бейнелерін жариялап жатады. Біз бұған сүйсінеміз. Бұл қарқында қазақ тілі тұғырлы болары сөссіз.

«Тіл туралы» заңға көңіліңіз тола ма?

- Көңілім толмайды. «Тіл туралы заңға» өзгеріс еңгізу қажет. «Орыс және қазақ тілдерін қатар қолданылсын» дегенді желеу етіп, көп мекеме іс-қағаздарды орыс тілінде ғана пайдаланады.  Хат алмасу, іс-шараны орыс тілінде өткізуді әдетке айналдырып алған.  Тіпті, Конституциямыздың өзі алдымен, орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылады. Ондай да біз тұрмақ, заң шығарушы органдар да түсінбейді. Сондықтан «Тіл туралы заңды» алдымен түсінікті етіп, қазақ тілінде жазу қажет. Одан бөлек, қазақ тіліне басымдық беру керек.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында билікке қазақ тілін жетік білетіндер ғана алынатындығын мәлімдеген болатын. Бұдан кейін заң да, тілдің қолданысы да жақсара түсетініне сенемін. Өйткені, тілді түсінетін, тілді құрметтейтін адам ғана оны жақсарта алмақ.

- Тілдік нормаларға байланысты заң бұзушыларды жауапқа тарту мәселесі әлі де реттелмеген. Яғни, қолданыстағы заңнамада тіл нормаларын бұзған жеке және заңды тұлғаларды жауапқа тарту талаптары болғанымен, оны іске асыру механизмдері соңына дейін жете қоймады. Осы тұрғыда “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының көмегі бола ма? Қандай істер атқарады?

- Әрине, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының биыл алға қойған міндеттерінің қатарында осы тілдің нормаларға қатысты заң бұзушыларға ескерту беріп, оларды жауапқа тарту мәселесі бар. Бүгінде бірнеше жобалар мемлекеттен қолдау күтуде. Соның бірі, қоғамдық орындар, мекемелер мен жарнама тақтайшаларындағы қателер, мейрамхана мен асханалардың қазақша мәзірде болуын толықтай қадағалау жобасы.

Қазақстанда тұрып, қазақша қате жазу ұят! Алдымен, осы мәселені шешіп алумыз қажет. Өйткені, біз жарнама тақтайшаларынан түрлі қателерді және кей мәзірдің тек орыс тілде ғана нұсқасы бар екенін көріп жүрміз. Оларға қолданылып жатқан шаралар мен ескертулерді байқамаймыз. Сондықтан осы жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Тек әкімдік тарапынан қолдау болса болғаны.

Жобаны тек Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері ғана емес, барлық Қазақстан тұрғындары пайдалана алатын болады. Сол арқылы тілге жанашыр әрбір жан  қоғамға пайдасын тигізе алады.

- Тіл саясатында соңғы жылдары орын алған маңызды өзгерістің бірі қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары болатын. Алайда әлі күнге дейін толықтай латын әріпіне көше алмай жүрміз? Не үшін деп ойлайсыз?

Еліміз үшін латын графикасы тансық емес. Өйткені, 1929-1940 жылдарында тіліміз латынша таңбаланды. Кейін КСРО-ның отарында болып, кирилл қаріптерін қолдануға мәжбүр болдық. Міне, енді 2025 жылға дейін толықтай латын қаріпіне көшу мақсатымыз болып отыр. Бұл цифрлы әлемде елімізді ілгері жылжытуға көп септігін тигізеді. Біз қазақ тілін латынға көшіру арқылы кирилл қаріпінен бас тартып, орыс тілінен іргемізді алшақтатамыз. Тіліміз өз алдына дербес тіл болады. Осы тұрғыдан қазірден бастап, іс-қағаздар мен оқулықтарды латын графикасымен шығара беруіміз қажет.  

Алайда ғалымдардың арасында әлі күнге дейін талас-тартыс болып жатыр. Бірі – ХХ ғасырдың басында қолданылған Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиін қолдаса, бірі 34 таңбадан тұратын Түркі елдерінің латын графикасын қолдайды. Әлі де Тіл саласының мамандары латын қаріпіне негізделген қазақ әліпбиінің үлгілерін жасауда.

Әрине, латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың санасын бұғаудан босата отыра, түркі әлеміне ықпалдасып, рухани ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашамыз. Жоғарыда атап өткен бірнеше себептерді де шешу мәселесін  қолға алсақ, қазақ тілінің мәртебесі асқақ болады. Бірақ біз бұны бүгіннен бастап, қолымыздағы бар мүмкіндіктерді пайдаланып, атсалысуымыз керек!

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер