Ресейдің орыстары былай тұрсын, әбден орыстанған бурят, якутқа дейін “Қазақстандағы қазақтар орысша акцентпен сөйлейді, күлкілі” деп жатыр… Өткенде ютубтан Алматыға қоныстанған буряттар, сахалар туралы деректі фильм көргенмін ғой, сонда ашық айтады. Ең қызығы, олар ауыл қазағын емес, әбден орыстанған қала қазақтарының акцентпен сөйлейтінін байқаған. Тіпті, ресейлік орыстар Қазақстандағы орыстарға “сендер акцентпен сөйлейсіңдер, ударениені дұрыс қоймайсыңдар, сендерді түсіну қиын” деп тәлпіштеніпті. Біздің орысша сайрайтын саясаткерлер ресейлік арналарға сұхбат берсе, ютуб-нұсқасын қарап шығам, сонда пікірлердің ішінде “а он на русском говорит” деп кемсітетіндер көп. Қанша орысша сайрасаң да, біз сияқты орыс бола алмайсың деп өзектен тепкендері ғой…
Бұл жерде намыс мәселесі тұр! Біздің халықтың кейбір өкілдерінде бір комплекс бар сияқты, “орысша сөйлесем күшті көрінем” деген ақымақ ой… Мен тіпті ЕҚЫҰ саммиті, медиафорумдар, кино байқаулар мен халықаралық байқаушылар қатысқан талай сайлауда, ресейлік НТВ мен ОРТ-ның журналистері сазарып тұрған талай халықаралық шараларда спикерлерге сұрақтарымды қазақша қойдым.
Алматының қызы болғасын, орысша да, ағылшынша да қоя аламыз, бірақ тек мемлекеттік тілде қоямыз.
Қайта еуропалықтар native тілде сұрақ қойды ғой деп құрметпен қарап, ұзақ жауап береді. Олар Қазақстанның әлі күнге дейін колония, империя тілінде намысты қойып сөйлей беретінінен хабардар. Бұл тұста талай еуропалық елші-консулдардан сұхбат алдым. АҚШ-тың қай елшісі болмасын, Қазақстанның мемлекеттік тілін сыйлап, қазақша сөйлеп, тіл курстарына барып жүргенін айтады. Тәуелсіздік күні, Наурызда әлеуметтік желідегі парақшаларынан елші мен қызметкерлердің қазақша құттықтауларын талай көрдік. Тіпті, кезінде Қытай, Англия, Франция, Түркия елшілері мен консулдарынан қазақша сұхбат алдым. Елшілік қызметкерлері аудармашымен қамтыды.
Ал кезінде ресей елшілігіне қазақша сұрақ жолдап, кейін хабарын білуге хабарласқанымда қызметтегі бір көкбет, долы әйел (елшілікте мұндай адамның болуы елдің деңгейін көрсетеді): “Сұрақтарыңды орысша жібер! Ресей елшілігіне хабарласып тұрғаныңды білесің бе?” - еп даусын көтеріп сөйледі. “Айналайын, сен түгілі 1,5 млрд халқы бар қытай елшісінен де қазақша сұхбат алдым. Америка елшісі де аудармашы арқылы қазақша жауап берді. Не мәселе, аудармашы арқылы сұхбаттасайық. Қазақстанда жұмыс істеп жатсыздар ғой. Ресейдің Англиядағы елшісі ВВС-ге ағылшынша сұхбат бермей ме? Бұл да сондай мәселе,”- деп едім, телефон тұтқасын тастай салды. Дипломатия деген осы ма? Дипломатия деген сыйластық, кешегі бұратана елге келдім, бұлардың тілінде сөйлемейміз деп тәкәппарлану дипломатия емес. Енді неофашистік пропагандаға тойған елден не сұраймыз?!
Өздеріне зиян, өз денсаулықтарына қиянат. Орыс тілінің таралу ареалын күрт азайтқан да осы теріс идеология ғой, намысы бар басшылар мен елдер ресейден бойын аулақ ұстап, дербес дамып жатыр. Бұ заманда кім феодалдық өмір салтын қолдайды дерсің, кім құл болғысы келеді дерсің, кім қожайынның тілінде сөйлейді дерсің, “ваше превосходительство?”
Kamshat Tasbolat