Ел басқаруды жетілдіру: облыстарды жоюдан бастау керек

2396
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет. Ол жергілікті өзін-өзі басқаруды айтарлықтай күшейтуді көздейтін саяси реформаның бір бөлігі болады. 

ҚР Президенті Қ.Тоқаев.

Қазақстан жағдайында бүгінгі әкімшілік бөлініс демографиялық саны жағынан селдір, аумақ жағынан енапат территорияны біріктіретін мемлекет есебінде мүлдем ебедейсіз және басқаруға келмейді. Ел басқаруға оңтайландыру мен тиімдендіру реформасы қажет.  Бұндай әкімшілік бөлініс совет өкіметі тұсында метрополиядан басқарылып, шеткерідегі барлық ресурсты орталыққа жөнелтіп қанап, республикаларды шикізат өндірумен қанап отыруға арналған жүйеге негізделген еді. Ол кездегі Қазақстан шын мәнінде КСРО-ның алып бір өлкесі болды деуге келеді. Республика астық пен ет, азық, шикізат  өндіру аумағына айналды, халқы саяси субъект болуға икемсіздендірілген аграрлық тұрғындар ретінде ауылда қамап ұсталды. Қазақтарға қалаға тұру мейлінше жабық болды, там-тұмдап барғаны – орыстандырылды.

Осы жағдай егемен болғаннан кейінгі 30 жыл бойы жалғасып келеді. Бірақ дарабилікке тиімді форматта. Енді керісінше қазақтар қалаға ағылғанмен, әлеуметтік мешеу жағдайдан арылған жоқ. Жасанды урбанизацияның кесірінен өнеркәсіп совет тұсындағыдай өндірісті дамытуға да жарамады. Жердің бәрі жекешеленді, дұрысы – талан-тараж болды. Бұрынғы ауылшаруашылық өнімін өндіруге қалыптасқан әрі барынша тиімді аграрлық советтік жүйенің тас-талқаны шықты. Миллиондаған ауыл тұрғындары әлеуметтік босқынға айналды.

Жасанды және жоспарсыз жүргізілгендіктен, жаңа жағдайға ауылдық қазақтар қалаға тез икемделмеді. Соның кесірінен өз жерінде қазақтар әлеуметтік кіріптар ұлтқа айналды. Алақан жайды халық ұлт болды. Мал шаруагері болған ұлтты жаңа капиталистік өмір салтына егемен болған мемлекет әзірлемеді, оған өз бетіңмен күн көр деген ұстанымды тастады. Аграрлық санадан тез арада индустриалдық-технологиялық санаға өте алмаған қазақ халқы әлеуметтік кіріптар топқа айналып шыға келді.

Ең бастысы, аумағы жағынан әлемде тоғызынша орын алатын, сан жағынан Мәскеу қаласының тұрғындарына жетер-жетпес халқы бар мемлекетті басқару мейлінше тиімсіз әкімшілік-аумақтық құрылымнан тұрады. Қазырғы бұл жүйе елді де, жерді де билеуге барынша қолайсыз әрі тиімсіз.

Елдің енапат аумағы малсызданды, жансызданды, иесізденді. Қайтадан игерілмеген дала пайда болды. Ауыл шаруашылығы бойынша осындай жауапсыз олақ саясат өз халқымыздың наразылығын былай қойғанда, империялық-шовинистік пиғылдағы елдер тарапынан жерге деген қызғаныш пен қызығу тудырып отыр. Бұл ахуал жері қат елдердің интервенциялық амбициясын қоздырды. Оны мемлекет әзірге солардың пайдасына шақталған саясатпен және саудамен жауып отыр...

Облыстарға жіктелген әкімшілік бөлініс совет өкіметі тұсындағыдан да абсурдтық ахуалға ұшырады: әрбір облыста санаулы өндіріс ошақтары мен кенттер, қалалар ғана басқару субъектілері мен объектілері болып қалды, ал мемлекеттің басты іргетасы болып табылатын апайтөс дала айналымдағы шаруашылық нысаны болудан шеттетілді. Совет өкіметі тұсында қазақ халқы үшін демографиялық дүмпу туғызған ауылдық мекендер иесіз қалып, халықтың саны мен сапасы құлдырау үрдісіне ұшырай бастады.

КСРО тұсында өз республикасында саны жағынан 2-орынға ығысқан қазақ халқы 1-орынға шығуы мен халық саны бойынша 70 пайыздан еселеп артуы – әр ауылдық жанұяда кемінде 4-5 бала тапқан демографиялық ахуалдың инерциясы есебінен ғана мүмкін болды. Бұған қоса, елдегі шовинистік демографиялық қабаттың Ресейге ағылуының да біршама салдары еді. Бұған шетелдік қазақтардың 1 миллионға жуығының оралуы да септігін тигізді. Енді демография жағынан ел қартая бастайды, туу бұрынғыдан төмендеп отыр. Өйткені, бәрі бір мезгілде бой алдырған әрі жалына жармастырмайтын капиталистік қоғамның орнауы, халықтың өмір салты мен кеңісін ауыстыруы, ырықты экономика секілді іргелі факторлар қазақ отбасын әбден титықтатып, күйзелтуде. Қазақ жанұясы құндылық ретінде басты позициядан түсе бастады: ажырасу мүлдем жиі, әрбір үшінші шаңырақ ортаға түсуде. Қариялар мен жетімдер үйі көбейе түсті.

Өз әлемінен айрылған халық рухани-әлеуметтік күйзеліске түсті. Бұл жайт қазақтарды өндіруші, жасампаз ету бойынша кейінгі орындарға ысырып тастады. Соның кесірінен олар елдегі диаспоралық топтарға да көзтүрткі бола бастады.

19 миллион халыққа 18 ірі әкімшілік субъектісі бар, оған шағын қалалар мен 18 қалалық, 163 ауылдық ауданды қоссаңыз, өзі аз, өз табысы өзіне жетпейтін халықтың мұншама арамтамақ әрі жебір жүйені асырауы барған сайын құлдық қамыт бола түсуде. Осынша аз демографиялық ресурсты басқаруға енапат аппарат жасақталып, онда мыңдаған арамтамақ-қызметшілер армиясының қарамын ұлғайта түсуде. Бұған басты сипат: ретсіз, икемсіз, экстенсивтік әкімшілік бөлініс.

Бұл әкімшілік жүйе советтік Қазақстанның құрылымынан да еселеп асып кетті. Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы  елде 98,7 мың шенділер бар екенін жариялады. Бұлардың саяси тобында – 453, А корпусының қызметшілері – 285, Б корпусында – 97988 адам.  Орталық мемлекеттік қызметте -52363, жергілікті меморындарда – 46363. Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алуы мен Түркістан облысының және Астана мен Ақтөбе қалаларында қосымша аудандардың құрылуына орай, қызметшілер түмені -  227 бірлікке көбейген. Қазіргі кезде бір мың адамды орташа қисаппен – 5,4 қызметші басқарып отыр, бұлардың орталық аппараттағылары – 2,8 адам; жергілікті апаратта – 2,6 адамнан келеді. Ал енді осы қисапты Жапан еліндегі жағдаймен салыстырсақ, бір мың жапандық азамат өмірін орталық аппаратта 2,7 адам басқарып отыр. Бірақ ол елде 130 миллион халық тұратынын ескеріңіз, бізде – 19 миллион ғана!

Елді бұлайша әсіре басқару ахуалын кәзіргі президент Қ.Тоқаев мырза да аңдап отыр, сол себепті де ол «Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет», — деп айтып қалды. Елбасшының осы сөзі дұрыс ниеттен шықса, біз де сәйкес ұсынысымызды ортаға салуға әзірміз.

Әрине, саяси ырық пен сәйкес құзырды талап ететін пәрмен керек: сенат секілді парламенттің жасанды палатасын жойып, биыл сайлауды тек қана мәжіліс палатасына өткізген абзал. Сонымен бірге елдегі советтік мұра болып отырған «өлкелік» құрылымды еске салатын облыстарды жойған жөн. Жалпы облыстық әкімшілік звено диктатуралық-автократиялық жүйені ақтауға арналған құрылым. Әдетте жергілікті материалдық, экономикалық-қаржылай ресурстардың бәрі облыс әкімінің қолында шоғырланады, бірақ оны орталықтың нұсқауымен ғана жүзеге асыру тетігі орныққан. Сөйтіп, облыстық басқару диктатуралық тетіктің қолаулы сипаты болып отыр.

Әсіресе соңғы жылдары облыс әкімі жергілікті ресурсқа қатысты тырп ете алмайтын, ештеңені шеше алмайтын номинал фигураға айналды. Бұдан ертеректе, билікті бір қолға шоғырландыру кезеңі өтіп жатқан тұста облыс пен мегаполис әкімдері біраз нәрсені белшеден кешкені рас. Кәзір өз жерінде не халық, не әкім ештеңе шеше алмайды. Алайда, бұл әкімдер бірден бір кінәлану келбеттері. Жергілікті халық тарапынан да қарғап-сілеу, сырт көзге орталық тарапынан да қажет кезде осыларды құрбан ету жолымен, «орталықтың» саяси аман қалу жолдары жақсы ойластырылған. Бірақ екі ортада елді басқару ойсырап жатыр. Сонымен, облыстық бөлініс автократияның қолайлы буферіне айналған.

Шын мәнінде облыстық басқару звеносы – артық. Егер де өңірдегі мемлекеттік мүдде мен міндетті орталық биліктің арнайы органына берсе, ал жергілікті өзін өзі басқару звеносын шынайы қалыптастырса, облыстың да, оның әкімшілігінің де керегі жоқ.

Елдегі қазырғы әкімшілік-аумақтық жүйе қандай? 2014 жылғы мәлімет бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық жүйесі 14 облыстан, республикалық маңызы бар 3 қала, 175 әкімшілік аудан, 84 қала, 35 кент және 7031 ауылдық елді мекендерден тұрады. Бұған қоса Қазақстанда барлығы 163 ауылдық, 18 қалалық аудан бар екенін ескерейік.

Ендігі әңгімені аудандар туралы өрбітейік. Айталық, елде барлығы 181 ауданды мемлекеттік тұрғыда басқаруға 5 ірі географиялық аймаққа шоғырландыра басқару керек: әр аймақта шамамен 30 ауданнан болады. Бірақ аудандар үш санатқа/категорияға жіктеледі:

1-санат: Мегаполис-индустриялық аудандар: барлық мегополис қалалармен бірге облыс орталықтары, сондай-ақ, басқа – тұрғын саны 100 мыңнан астам ірі және орташа қалалар, аумағымен бірге кіреді;

2-санат: тұрғын саны 20 мыңнан 100 мыңға дейінгі моноқалалар мен ірі кенттер, аумағымен, аграрлық шаруашылықтарымен бірге кіреді;

3-санат: Таза аграрлық шалғай аудандардан жасақталады.

Барлық аудандар жергілікті өзін өзі басқарудың нағыз көрінісі болады, өз бюджетін өзі жасақтап оны өзі меңгереді, ол үшін мәслихаты мен әкімдерін халық тікелей сайлауы керек.

Әр аудан өзінің муниципалитетін жасақтайды, өз аумағы мен халқының  әлеуметтік және басқа мәселесін шынайы түрде бес саусақтай біліп, шешуге мәжбүр болады. Осындай еркіндік алған әр аудан қарыштап дамуға мүмкіндігі бар ұлы елдің ірі аумақтық бірлігіне, оңтайлы әкімшілік-құрылымына айналады.

Ал мемлекет пен муниципалитетті, жергілікті өзін өзі басқару құрылымын байланыстыратын, аудандарға мемлекеттік саясат пен ресурстың, бюджеттің үйлесімін орнықтыратын және үнемі мемлекеттік мүддені сәйкес аумақтарда сақтайтын  орталық билік пен өңірді жалғайтын Аймақтық 5 министрлік құрылуы керек. Бұлар тиісінше бес аймақтағы мемлекеттік мүдде мен міндеттің орындалуын, атқарылуын үйлестіреді, ұйымдастырады, қадағалайды. Сонда 14 облыстың орнына небәрі 5 облыстық штаттан құралған құрылым ғана өңірлердің өмірін басқарады. Және бұлар өңірді бұрынғы облыс секілді емес, көпшілігін онлайнмен, байланыспен меңгере алады – шығын мейлінше азаяды. Бұл министрліктердің баршасы да Министрлер кабинетіне мүше болмақ.

Егер халық өз әкімдері мен мәслихаттарын өздері сайласа, онда жергілікті билікке бақылау күшейеді. Билік тиімділігі артады. Артық штаттар мен бірліктер өзінен өзі құриды. Жергілікті мәселелер Орталық билікке қарай шапшымайды. Кәзіргідей ел басқарудағы былық болмайды. Жергілікті Халық билігі орнаса, оған жол бермейді, автократиялық құрылымдар мен институттар революциясыз, эволюция жолымен ел билігін нығайтады. Жоғарғы және жергілікті екі сатыдан тұратын билік өзара шектелетін болады және жауапкерліктің шегі нақтыланады.  Сонда халық өз мүддесін біршама жергілікті өзін өзі басқару жолымен шешеді, қалғанын мемлекет шешім беруге міндеттенеді.

Ал бұндай жаңа мемлекеттік әкімшілік-аумақтық құрылыммен парламентті жасақтауға келсек, біздің ойымызша әр ауданнан мажоритарлық сайлау жүйесімен 1 мандат таңдауға түссе, парламенттегі орын саны сәйкесінше 181 болады және бұған қоса пропорционалдық, яғни саяси партиялардың бөліске салуымен тағы 50 мандатты бөлісуге болады.

Қазіргі кезде ел билігінің оңтайлануы мен сапалануы мейлінше өзекті. Бұл автократияны жоюға арналған революциядан да тиімді әрі оңтайлы және халыққа да, саяси күштерге де тиімді. Елде басы артық дүрбелеңсіз реформа жасауға мүмкіндік береді. Қысқасы, енді ел билеуді  оңтайландыру керек!

Серік ЕРҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер