Ең үздік техникалық университеттер қайда орналасқан?

3907
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім беру саласының қайта қаралатынын мәлімдеді.

«Біз жас азаматтарды оқуға, оның ішінде Ресейге аттандыратын боламыз. Бәлкім, ең бірінші кезекте Ресейге, техникалық жоғары оқу орындарына жіберу керек шығар»,– деді Президент.

Осыған орай «Адырна» тілшісі соңғы жылдары QS халықаралық университеттер рейтингінде көш бастап келген техникалық университеттерге шолу жасады.

Массачусетс технологиялық институты

QS рейтингі бойынша Массачусетс технологиялық институты 10 жыл қатарынан әлемнің үздік университеттерінің тізімінде бірінші орында тұр. Дәл осы америкалық университеттің түлектері мен оқытушыларының арасында 97 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Сонымен қатар, бұл оқу орны ғылыми-зерттеу, жаңалықтар мен инновациялардағы әлемдік көшбасшылардың бірі.

Стэнфорд университеті

Техникалық мамандықтар бойынша білім беретін танымал тағы бір америкалық білім беру орны – Стэнфорд университеті. Ол Сан-Францискода орналасқан. Аталған ЖОО-ны бітірген түлектер Yahoo!, Google, Electronic Arts секілді алып компаниялардың негізін қалаушылар болып есептеледі.

Калифорния технологиялық институты

Калифорния технологиялық институты – нақты ғылымдар мен инженерияға мамандандырылған білім ордасы. Ол NASA-мен тығыз жұмыс істейді, сондықтан институттың басым бағыттарының бірі – космология саласындағы зерттеулер.

Гарвард университеті

Гарвард университеті – Айви Лигасына кіретін зерттеуші жоғары оқу орны. Оның түлектері мен оқытушылары арасында 161 Нобель сыйлығының лауреаты бар. 2021 жылғы Times Higher Education рейтингінде бірінші орыннан көрінді.

Кембридж университеті

Кембридж – Еуропадағы ірі ғылыми орталық, ежелгі ЖОО-лардың бірі. Дәл осы университеттің қабырғасында Дарвиннің эволюция теориясы, Крик пен Уотсонның ДНҚ моделі, Ньютон заңдары және басқа да көптеген революциялық ашу жасалды. Аталған оқу орнынан 15 ағылшын премьер-министрі, әлем елдерінің 23 көшбасшысы, Үндістанның 3 премьер-министрі, Дания патшайымы II Маргрета оқып шыққан.

Лондон империялық колледжі

Оқу ордасы ғылым, инженерлік, медицина және бизнес салаларына ерекше көңіл бөледі. London Imperial College қауымдастығының мүшелері арасында Нобель сыйлығының 14 лауреаты бар.

Оксфорд университеті

Оксфорд университеті дүниежүзіндегі ең көне университеттерінің арасынан екінші орынды алады.  Бүгінгі таңда Нобель сыйлығының 72 лауреатының есімі осы білім ордасымен байланысты, ал оның ғылыми және студенттік қоғамдастығының мүшелері әлемнің басқа университеттеріне қарағанда көбірек ғылыми патент алады.

Көріп отырғанымыздай, ең үздік техникалық университеттердің басым көпшілігі Ұлыбритания мен АҚШ-та орналасқан. ТОП-30-дыққа Италия, Канада, Жапония, Германия, Қытай ЖОО-лары кіреді. Ал ресейлік В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті 67-орынға табан тіреген.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер