Егер ана тілінің мүшкіл жағдайы туралы Асанқайғыға салына зарлап, жылап-сықтау жөнінен әлем чемпионаты өткізілетін болса, онда біздің қазекем, сөзсіз, бірінші орын алар еді. Және де сол жүлдені алып жатып, міндетті түрде орысша «спасибо» айтар еді.
Бұл тұжырымымның бұлтартпас дәлелдері мен жарқын көріністерін тәуелсіздік алғаннан бері күнде құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп келе жатырмыз: мемлекет басшысы ауық-ауық мемлекеттік тіл мәртебесін аспанға бір көтеріп тастап, жұртты серпілтіп һәм үміттендіріп қояды да, артынан өз қарамағындағыларға қойған жаңа талаптары сиырқұйымшақтанып кете барады…
Міне, күні кеше президент қазақ тіліне қатысты тағы да бір мықты, саяси маңызы мен астары терең пікір айтып қалды. Ақордадағы кездесуінің бірінде айтқан оның тіл туралы пікірі елді дүр сілкіндіріп жіберді. Кейбіреулер оның бұл сөздерін тіл мәселесіндегі түбегейлі бетбұрыс, рухани революция ретінде қабылдап, бөріктерін аспанға лақтырып жатты.
Бір жағынан, осының өзі күлкілі. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жылдан асты. Біз болсақ әлі де бала сияқтымыз: төл үкіметтің отырысы мемлекеттік тілде өтіп жатқанына қуанып жатырмыз. Неткен ақкөңіл де аңқау едік!
Бірақ ештен кеш жақсы, билікке деген о баста қалыптасқан сыншыл көзқарасыма қарамастан, президенттің дәл осы сөзін, осы жария ұстанымын өз басым ішкі саясаттағы оң әрі мықты өзгеріс деп санаймын. Оның сыртқы саясатқа да өз әсері бар екенін ұғына білейік. Өйткені тілге қатысты (соның ішінде орыс тіліне тиіп кететін) мұндай талап қазіргі күрделі геосаяси ахуал тұсында айтылып жатқаны да президент позициясының пәрмені мен салмағын арттырып жіберді. «Орыс әлемін» постсоветтік кеңістікте мүмкіндігінше сақтап қалу, керек болса, оның ауқымын одан әрі кеңейте түсуді мақсат тұтып, өз саясатының ұстыны етіп алған Кремльге Ақорданың дәл осы мәлімдемесі ұнап қалмағаны бесенеден белгілі. Бұл жағын да түсініп, биліктің осы ниетіне, ұлтшылдық тұрғыдағы жария сөзіне қолдау көрсетуіміз керек.
Президенттің сөзін құп алып, келесі күні үкімет өз отырысын таза қазақша өткізуге тырысып бақты. Сонда да қысқа күнде қырық өліп, ұятқа ұшыраған министрлер мен әкімдер табылып жатты. Сонымен бірге осынау талапты тек қана ресми жиындар мен хат алмасуды қазақшаландыру деп түсіну – түбегейлі қате. Ол – тек бюрократиялық, келте қайырылатын кеңселік тәсіл ғана. Қалыптасқан тілдік жағдайды түбегейлі өзгерту үшін шенділер өзара, халықпен және баспасөзбен де қазақша сөйлесуі тиіс. Бірақ қазақша мүлдем қақпайтын министрлер мен депутаттар енді не істейді екен? Ілеспе аудармаға жүгініп, құтылып кетеді-ау деп отырмын.
Жә, бұның бәрі – мәселенің бәрімізге бесенеден белгілі жалпы саяси жағы. Мен болсам, басқа жағын айтқым келіп отыр.
Орысша барлық сайттарда президенттің сөзі: «Деятельность парламента и правительства должна осуществляться только (!) на государственном языке», – деп берілген еді. Өз басым, басқа – басқа, нақ осы орыс тілінде президент дәйексөзінің дәл осылай берілуін ұлттық саясаттағы моральдық жеңіс деп қабылдап, іштей «тәубе!» деген болатынмын.
Бірақ қуанышым көпке созылмады.
Өйткені президент сөзінің қазақша нұсқасы (Ақорданың ресми сайтында): «Парламент пен үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс», –деп берілді.
Яғни ресми кеңселердің босағасында пәс боп жүрген мемлекеттік тілді төрден бір-ақ шығарған, Қазақстан жағдайында ерекше саяси маңызы мен салмағы бар «только»деген сөз екі ортада із-түзсіз жоғалып кетті. Дәлірек айтсақ, оны біреулер алып тастады.
Өз басым мұндай жайтқа аса таңғалған да жоқпын. Өйткені бұндай жағдай біздің биліктің табиғатына өте-мөте тән құбылыс: бізде қазақтілді және басқа тілді аудиторияға екі түрлі месседж жөнелтіп отыру әдетке айналып кеткелі қашан!
Мұндай сөз эквилибристикасын мен біз әлі де арыла алмай келе жатқан, ескі, совет дәуірінен қалған аурудың сарқыншағы деп білемін. Қит етсе болды, орыстілді қауымның, оның артында тұрған солтүстік көршінің қабағына қараймыз. «Олар не ойлап қалады екен?» деп уайымдаймыз. Ала тайдай бүлініп қалар деп, Кремль жаққа әлі де жалтақтаймыз. Құдды бір құбыламыз Мекке емес, Мәскеу сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, президенттің бір ауыз сөзін екі түрлі етіп елге таратып, масқара болдық. Ұлттық мүдде үшін күресте бір қадам алға жылжып, екі қадам артқа шегіндік.
Жиі айтып жүретін бір сөзімді осы жерде қайталай кетсем, артық көрмеңіздер.
Кенже қызым қазақ мектебінде оқиды. Сабақтан алып кетуге барғанымда, мектеп ауласында басқа ұлт өкілдерін кездестіріп қаламын. Осында оқитын балалардың ата-аналары. «Балаңызды неге қазақ мектебіне бердіңіз?» – деген сауалыма олар: «Өз басым совет дәуірінде орысша оқыдым, жасым келіп қалды, ендігі жерде қазақша үйреніп жетістіруім неғайбыл. Бірақ Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Мен ортақ Отанымыздан ешқайда көшпеймін. Сондықтан да менің балам ертең ешкімнен де кем болмай, Қазақ елінде толыққанды өмір сүруі үшін осы мектепке бердім», – деп жатады.
Міне, басқа ұлт өкілдерінің сана-сезіміндегі революция осы. Ал біздің шенділер әлі де болса осы аса маңызды психологиялық өзгерісті ұға алмай келеді (әлде ұққысы жоқ па, білмедім). Яғни қазақ тілінің уақыт өткен сайын өркендей түсетініне басқа жұрт сенеді де, тиісті қам-қарекет жасайды, ал біздің ақпақұлақ министрлер мен депутаттар президент бір жерінен теуіп қалмаса, қозғалғысы жоқ. Не деген масқара! Не деген рухани бейшаралық!
«Басқа ұлттардың құқы бұзылады» деп байбалам салушыларға айтар уәж мынадай болуы тиіс.
Президенттің сөзінде өз қызметін қазақша жүргізу талабы министрлер мен депутаттарға қойылып отыр. Яғни өзін саяси қызметке арнағысы келетін кез келген азамат тіл тұрғысынан осындай талап қойылатынын білуі тиіс. Соған дайын болғаны абзал. Тілдің майын тамызбасаң да, талаптан, тырысып бақ. Оның өзін жұрт жылы қабылдайды, батасын береді.
Оның үстіне шенділердің қазақ тілін меңгеруге деген ынта-жігері арта түспек, өйткені ондай жағдайда білімі мен іскерлігі тең екі үміткердің ішінен қазақша көсіліп тұратын кадр ғана топ жарары да түсінікті ғой. Қазақша білсе, өз саласына қатысты ақпарат аясы да кеңи түседі, қазақы боп бара жатқан қоғаммен араласуы да жеңілдейді, сайлауға түсе қалса қолдаушылары да көбейеді.
Қазақ тілін оқып-үйренгісі келмесе, басқа, жеке шаруамен айналыссын. Министр не депутат болмай-ақ та күн көруге болады ғой.
Әрине, мемлекеттік тіл мәртебесін өзіне лайықты конституциялық деңгейге көтеру үшін атқарылар шаруа шаш етектен. Оны баршамыз айтып та жүрміз. Оның ішінде тек шенеуніктерді сынап-мінеп қана қоймай, осынау іске жалпыұлттық сипат беріп, қоғамды да қатыстыру міндеті алда тұр. Мәселен, күні кеше атағы жер жарып, дүркіреп жүрген «Қазақ тілі» қоғамы қайда? Неге оның жұмысын жандандырмаймыз? Қазақ тілі үшін күрес (әр нәрсені өз атымен атау керек) қоғамдық күрес болмайынша, мәселе орнынан жылжымайды.
Биліктегілердің бәрі мәңгүрт емес, ол жақта да ұлттық мүдде жолында күресуге дайын азаматтар бар. Бірақ қоғамның қызу қолдауынсыз олардың қолы қысқа, мүмкіндіктері шектеулі.
Ең бастысы, санамызға сіңіп кеткен рухани рефлекстен, тілі мен ділі бөлек басқалардың қабағына қарау әдетінен ат құйрығын кесісіп, біржолата құтылуымыз керек. Меніңше, қазақтың өзі де, оның досы мен дұшпаны да ондай өзгерісті өркениеттік дамудың бір көрінісі деп қабылдап, тіл саясатындағы біздің жаңаша қимыл-әрекетімізді қабылдауға дайын.
Әміржан ҚОСАНОВ, саясаттанушы
арнайы «Жас Алаш» үшін