Ресей Украинаға 100-ден астам дронмен шабуыл жасады

143
Adyrna.kz Telegram
Фото: focus.ua
Фото: focus.ua

Ресей әскері жексенбіге қараған түні Украинаға қарсы тағы бір жаппай дрондық шабуыл жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы Украина Қарулы Күштерінің Әуе күштері мәлімдеді.

Олардың айтуынша, түн ішінде Украинаға жалпы саны 103 Shahed ұшқышсыз ұшағы мен басқа да түрдегі дрондар жіберілген. Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысы Полтава, Сумы, Харьков, Киев, Чернигов, Черкассы, Кировоград, Житомир, Днепропетровск, Херсон, Николаев және Запорожье облыстарында 52 дронды атып түсірген.

Украина Қарулы Күштерінің мәліметі бойынша, тағы 44 дрон бағытын өзгертіп, жерге зақым келтірмеген. Бір дрон Беларусқа қарай ұшып кеткен. Сонымен қатар, Херсон бағытына Қырымнан "Искандер-М" баллистикалық зымыраны ұшырылғаны тіркелді.

Украина Қарулы Күштерінің мәліметінше, Ресей шабуылы салдарынан Херсон, Николаев, Чернигов, Сумы, Житомир және Киев облыстарында зақым келген.

"Жеке кәсіпорындар, көпқабатты үйлер және азаматтардың мүліктері бүлінген", – деп мәлімдеді Украина Әуе күштері.

Украина Төтенше жағдайлар қызметінің ақпараты бойынша, Киев облысындағы Бровары қаласында дрон сынықтары 25 қабатты тұрғын үйге құлап, өрт басталып, тұрғындар эвакуацияланған. Зардап шеккендер жоқ.

Херсон облысының әскери әкімшілігінің басшысы Александр Прокудин түнгі шабуыл салдарынан өңірде 22 жеке үйдің бүлінгенін хабарлады. Бір адам қаза тауып, алтауы жарақат алған. Олардың арасында бір бала бар.

Пікірлер