Америкалық әскери күштер Қызыл теңізде Йемендік хуситтерге соққы берген кезде өздерінің жойғыш ұшағын кездейсоқ атып түсіргендерін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
АҚШ қолбасшылығының мәліметінше, F/A-18 Hornet ұшағы америкалық әскери кемеден жіберілген зымыранмен атып түсірілген. Экипаждың екі мүшесі катапультпен секіріп, аман қалған. Бір ұшқыш жеңіл жарақат алған.
«USS Harry S Truman авиатасымалдаушы соққы тобындағы USS Gettysburg зымырандық крейсері кездейсоқ F/A-18 Hornet ұшағына соққы беріп, оны атып түсірді. Бұл ұшақ USS Harry S Truman авиатасымалдаушысынан ұшып шыққан еді», – делінген хабарламада.
Оқиға америкалық әскерилер Йеменнің астанасы Санадағы зымыран сақтау нысандары мен хуситтердің командалық орталығына бірнеше әуе соққысын бергеннен кейін болған.
АҚШ әскери күштерінің айтуынша, бұл сәтте Иран қолдайтын Йемендік көтерілісші хуситтердің бірнеше дроны мен кемеге қарсы зымырандарын да жойған. Дегенмен, олар атып түсірілген ұшақтың хуситтерге қарсы операцияға қатысқан-қатыспағанын нақтылаған жоқ.
Америкалық қолбасшылықтың мәлімдеуінше, Санадғы соққылар хуситтердің АҚШ кемелеріне және Қызыл теңіздің оңтүстігінде, Баб-эль-Мандеб бұғазы мен Аден шығанағындағы сауда кемелеріне шабуылын болдырмауға бағытталған.
Хуситтер 2023 жылдың қазан айынан кейін, ХАМАС Израиль аумағына шабуыл жасап, Газ секторында палестиналық топқа қарсы операция басталған соң, Израиль мен басқа елдердің кемелеріне зымырандар мен дрондар жіберуді жиілеткен.
2023 жылдың қарашасынан бастап бұл шабуылдар Қызыл теңізде екі кеменің суға батуына алып келді. Хуситтер дәлелсіз түрде тек Израиль, АҚШ және Ұлыбританиямен байланысты кемелерді нысанаға алатынын мәлімдейді.
Хуситтердің әрекеттеріне жауап ретінде АҚШ, Ұлыбритания және тағы 12 мемлекет Қызыл теңіздегі сауда жолдарын қорғау операциясын бастады. Бұл теңіз арқылы маңызды сауда маршруттары өтеді.
Сенбі күні Израиль әскери күштері Йеменнен жіберілген зымыранды атып түсіре алмағандарын және оның Тель-Авивтегі саябақтардың біріне түскенін мәлімдеді. Израильдің төтенше жағдай қызметтері 16 адамның терезе сынықтарынан жеңіл жарақат алғанын хабарлады. Тағы 14 адам баспанаға тығылуға тырысқанда жарақат алған. Хуситтер өкілі бұл соққының гипердыбыстық зымыранмен жасалғанын мәлімдеді.
Аптаның басында Израиль хуситтердің нысандарына бірнеше соққы беріп, Сананың порттары мен энергетикалық инфрақұрылымдарын жойғанын хабарлады. Хуситтердің деректері бойынша бұл соққылардан тоғыз адам қаза тапқан.
Хуситтер Газадағы соғыс аяқталғанға дейін шабуылдарын жалғастыратындарын уәде етуде.