Түркия компаниялары мұндай жетістіктерге жетеді дегенге ешкім сенбеген

3095
Adyrna.kz Telegram

Түріктің қару-жарақ, медицина саласында технология өндіретін "Aselsan" компаниясы 2020 жылы 400 миллион доллардың өнімін 20-дан астам мемлекетке экспорттаған. Бұл компания тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 2020 жылдың соңында тағы бір мемлекетпен 38 миллион долларға келісімге отырған.

 

"Aselsan" өнімдерін тұтынушылар арасында НАТО елдері де бар. Бұл әрине, компания үшін әлемдік масштабпен алғанда ірі жетістік емес. Бірақ 20 жыл бұрын "Aselsan", "Байрактар", "Рокетсан" атты Түркия компаниялары мұндай жетістіктерге жетеді дегенге сену қиялмен бірдей еді. Ол кезде түкеңдер 1 миллион лираға қоғамдық әжетханаға кіріп, Стамбулда көпқабатты үйлерге су жетпей, халық суды канистрмен тасып жүрген заман болатын. Бірақ ақырындап күшейіп келеді. Ең бастысы қолдарынан келуде.

Негізі Қазақстанның потенциалы, өркениетті елдерде оқып келген жастардың мүмкіндігі АҚШ пен Европаға жетпесе де түкеңдерді қуып жетіп, тіпті басып озуға жеткілікті. Біздің жастар Оpen mind, жаңалыққа ашық, еркін ойлы, бірнеше тілде еркін сайрайтын буын. Мемлекеттік қолдау, дұрыс стратегия, әлеуметтік жағдай мен технократтық санаға қарай саясаттың беті бұрылса, қазақ жастарының қолынан да келеді. Бір технократтық компания нақты результатпен жарқ етіп шықса, технократтық буммен келесі бастамаларға жол ашады. Жастардың бұл пассионарлық күшін неге пайдаланбаймыз,  осы маған да жұмбақ.

Ал, жер кең. Халық аз. Табиғи байлық көп. Екі жағымызда екі ірі көрші. Алмағайып өзгеріп жатқан халықаралық саясат. Геосаяси өзгерістер шапшаң орын алып жатқан замандамыз. Қашанғы көпвекторлы саясат көмектеседі? Мемлекеттік мүдде масштабымен алғанда уақыттан ұтылып жатырмыз.

500 жылдық тарихымызда технократтық салада жарқ еткен кезіміз жоқ. Адамзаттың дамуына қосқан үлесіміз аз. Технологияның жоқтығынан, қолымызға садақ алып, зеңбірекке қарсы шығамыз деп өзгеге бодандыққа түсіп, үнемі тоқпақтың астында басылып қалған елміз. Бұл олқылықты толтыру керек. Тарихи қателіктен сабақ алу парыз. Түбі біз бұған келеміз. Не қазір, не кейін. Бірақ келеміз. Қазақстанның қай президенті мұны іске асырады,  бұл үлкен сұрақ. Саяси ерік-жігер жеткілікті болған бір заманда түбі шығуы тиіс. Мәселе қай президент тұсында шығады. Сол президент елдің тарихында ерекше атпен қалады. Ал бұған ұмтылу, ұмтылмау саясаткердің тұлғалық болмысы мен потенциалына байланысты дүние.

Мұны іске асырмай, домбыра тартып, өлең айтып жүре беруге де болады. Оны ақтап алуға да мың сан сылтау табу қиын емес негізі. Сөз артылмайды ғой бізден. Бірақ мемлекеттік мүдде тұрғысынан бұл бізге тиімді жол болмайды. Технологияда уақыттан ұтылу ең басты қателік. Өзгелер қазірдің өзінде көш ілгері кетті.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер