АҚШ Ресейдің энергетика саласына қатаң санкция салған соң, үш ресейлік танкер Қытай порттарына кіре алмады. Олардың бортында 2 миллион баррель мұнай бар, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.
13 қаңтарда Bloomberg агенттігі АҚШ санкцияларына ұшыраған үш ресейлік танкердің Шаньдун провинциясындағы порттарға жақындаған кезде тоқтап, дрейфке кеткенін хабарлады. Olia, Mermar және Huihai Pacific танкерлері Ресейдің Қозьмин портынан Қытайға қарай 2 миллион баррель мұнай тасымалдап келе жатқан. Бұл мәліметтерге Kpler компаниясының кеме мониторингі деректері негіз болған.
Танкелердің тоқтап қалуына себеп — АҚШ санкцияларына ұшыраған кемелерге Шаньдун порттар тобына кіруге тыйым салған. Бұл порттар Қытайдың шығысындағы ірі порттарды біріктіреді. Бұған қатысты ақпаратты Reuters агенттігі бір апта бұрын хабарлаған болатын.
10 қаңтарда АҚШ-тағы Джо Байденнің әкімшілігі Ресейдің энергетика секторына қарсы ең қатаң санкцияларын енгізген. Олардың арасында 183 кеме бар, олар АҚШ билігі бойынша Ресейдің "құпия флотына" жатады және санкцияларды айналып өтетін мұнай тасымалдауда қолданылып келген.
Ресейлік кемелердің мұнайды түсіру мәселесі басқа аймақтарда да туындаған. Мысалы, The Bell басылымының мәліметінше, Испания жағалауында Газпром зауытынан СПГ партиясын алып келе жатқан Cool Rover газ тасымалдаушысы зәкір тастаған. Газ тасымалдаушысы қайда бағытталатыны әзірге белгісіз.