Жолаушы Тұрдығұлов: Ғылыми негізбен жұмыс істейтін шеберлер тапшы

3377
Adyrna.kz Telegram

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сәндік қолөнер кафедрасының шеберханасына бас сұқтық. Биыл ғана бірінші курсқа түскен «балмұздақ» студенттер ағаш жонып, ұлттық саз аспаптардың нобайын келтіруде екен. Жас шеберлердің «бас сардары» Жолаушы аға шеберхана түкпірінде әлдебір ағашты сүргілеп, оны қайта-қайта өлшеп-пішіп әлекке түсіп жатыр.

Осы сәтте:

Айтқан жақсы өлеңді домбыра алып,

Бір шеберге тиегін жондыралық.

Шын көңілің шынымен болса менде,

Бір ауылды бір жерге қондыралық, – деген ел аузынан естіген қара өлең жолдары еріксіз ойымызға орала кетті. Ағаштан түйін түйіп, бүкіл саналы ғұмырын ұлттық саз аспаптарын жасаумен қатар, шәкірт тәрбиесіне арнаған Жолаушы Әбілғазыұлын аз-кем әңгімеге тарттық.

– Қайта-қайта қойылса да, ешқашан құнын жоймайтын бір сауал бар. Шеберлік, зергерлік тұқым қуалайды деп жатады. Бойыңыздағы өнер кімнен берілді? Арғы ата-бабаларыңызда шеберлікпен, зергерлікпен айналысқандар болған ба?

– Әкемнің серілігі, балуандығы бар еді. Әйткенмен, нағашы жағымның өнерпаздығы басым түсетін іспетті. Қазақ «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп жатады ғой. Нағашы жұртымда «сегіз қырлы, бір сырлы» Байжұма деген атамыз болыпты. Бірде ол кісі асау бураны дойыр қамшымен баудай түсіріп, басы дауға қалыпты. Аймаққа әйгілі байдың әлгі бурасы қамшы тиген жерінен қылышпен шапқандай қақ айырылып кесіліпті. Мұны көрген байекең «Байжұма бурамды қылышпен шауып тастады» деп биге шағымданады. Би болған жайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін атамызға тері төсеп, қамшылатқан көрінеді. Тоғыз қабат өгіз терісі қамшы соққысынан қақ бөлініп, қамшы өрімі жерге әжептәуір кіріп кеткен деседі жұрт. Сол Байжұма бабамыз әйдік шебер де болыпты. Батырлығы, барымташылдығы тағы бар екен.

Бала кезімде қолымнан пышақ түспейтін. Түн әлетінде ұйқы құшағына кетіп бара жатып та бәкімнің сабын сипалап кірпік ілуші едім. Мал баққан қазақтың баласымын. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүреміз.

Адамның қандай болуы кіндік шешеге байланысты деп бекер айтылмаса керек. Қазақ баланың кіндігін кім болса, соған кестіре бермеген. Шыр етіп дүние есігін ашқанымда кіндігімді Тоқан деген апай кескен екен. Ол кісі өзінің тоқыма жұмысына ою-өрнектің сан алуан түрін пайдаланушы еді. Мен тек қолөнер шебері ғана емес, суретшімін. Осы күні ою-өрнекке қатысты жұмыстың айналасынан табылуым – сол Тоқан апайға тартқандығымнан болар.

– Әрбір ою-өрнектің астарында үлкен мағына болатын көрінеді. Бұған қандай алып-қосарыңыз бар?

– Еліміздегі көп шеберлер өрнек пен оюды өз орнына дұрыс пайдалана білмейді. Киімге салынатын өрнектер бір бөлек те, ағаш бұйымдарға салынатын оюлар бір басқа. Зергерлік заттарға нәзік өрнектер түсірілсе, ағаш бұйымдарға қатаңдау-қаталдау оюлар салынады. Тағамдарға қатысты ыдыс-аяқтарға қошқар мүйіз оюды қолданған жөн. Ыдыс-аяққа Ай бейнесін салу қате. Ондай ою зират белгісі ретінде жұмсалса, жарасар еді. Ал домбыраға салынатын ою-өрнектер негізінен халықтың әртүрлі наным-сеніміне байланысты болып келеді.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді қазақ даналығы. Сіз кімдердің шәкірті болдыңыз?

– Белгілі бір адамнан ұсталықты оқып-тоқыдым деп айта алмаймын. Қанда бар өнер болған соң ба, ұлттық аспаптарды жасауды әп-сәтте игеріп-ақ кеттім. 1985 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келдік. Музыкалық аспаптарды қайта жасаушы ретінде жұмыс істей бастадым. Қолөнермен айналысатын жігіттердің еңбектерін көріп, өз шеберлігімді шыңдай түстім. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға қолөнер бойынша оқуға тапсырып, оны 1993 жылы тәмамдап шықтым.

– Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сәндік қолөнер кафедрасының ұстазысыз. Профессор деген де атағыңыз бар. Шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз…

– Шәкірттерім өте көп. Жоғарыда өзің атап өткен кафедрада ағашты көркемдеп өндеу деген пән бойынша дәріс беремін. Осы өнер жолына адамдар аз келеді. Өйткені бізде талап жоғары. Кез келгенді бас-көзсіз оқуға қабылдай бермейміз. Жыл сайын 4-5 маман бітіріп шығады. Олар ағаш, метал, қайыс, мүйіз, тас бұйымдармен жұмыс істейді. Бізден алғашқы болып бітірген Ердос Рахымбекті ерекше атап өтуге болады. Ол қазір Қазақстандағы үздік шеберлердің қатарынан табылады.

– Республикалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» конкурстарының Гран-При сыйлығын ұтып алған екенсіз…

– «Үкілі домбыра» байқауының ең алғашқы жеңімпазы – Жақсылық Оспанов болса, келесі жылы Сұлтан Мұсаев жеңіске жетті. Бұдан кейінгі байқаудың бас жүлдесі менің еншіме тиесілі болды. Менен соң Оқанов Нарбек жеңімпаз атанды.

– Қолөнерге жастардың қызығушылығы қандай?

– Жалпы қызығушылық жаман емес. Бұған «ДЭККО» жанры айтарлықтай ықпал етті. Домбыраны электроникаға икемдеген талантты музыкант Жасарал Енсепов болса, оны сәтті орындап, халыққа жеткізген оның баласы  – Асылбек.  Домбыраны жастармен дәнекерлеген «МұзАРТ», «Ұлытау» топтарының жігіттеріне алғысым шексіз. Олар қазақтың қара домбырасын әлемге паш етуде. Шәкіртім Ердос қазір «МұзАРТ-тың» домбыраларын жасап беріп жүр. Осы күні домбыраға талғам өскен. Елімізде ғылыми негізбен жұмыс істейтін шеберлер тапшы.

– «Домбыра өзінің қоңыр үнінен айырылып барады» деп дабыл қағатындар да жоқ емес. Музыкатанушы ғалым Жұмагелді Нәжімеденов домбыраға тағылатын лесканы қой немесе ешкі ішегіне ауыстыру керектігін айтып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қой өргізіп, ешкі баққан ауылдан шықтық қой. Төрт-бес күн сайын бір қой соямыз. Қазақтың қой ішегін домбыраға таққандығы туралы көптеген кітаптардан оқып білдім. Ондай ішекті өзім жасап, домбыраға тағып, тартып көрдім. Үні сондай керемет! Бірақ, тез үзіліп қалады. Кейінірек жасалу технологиясын біліп алдым. Ішекті әуелі тұзды суға салып, бір тәуліктей пісіру керек екен. Сонда ішектің түсі мөп-мөлдір болып өзгереді. Сосын барып иіріп, кергіге салынып созылады. Ішек екі есе жұқарып, екі есе ұзара түседі. Осы әдіспен әзірленген ішектің «ғұмыры ұзағырақ» екеніне анық көзім жетті. Сол секілді мал дәрігерлері жарақаттанған теріні тігетін кедгудтың дыбысы қой ішегінің дыбысынан кем түспейтіндігін артынан білдім. Малдың кептірілген сіңірінен де домбыра ішегі жасалады. Мұның жұмысы қиын. Алғаш сіңірді кептіріп алып, ағаш балғамен ұрады. Ол адам шашы іспетті ұсақ жіпке айналады. Оның барлық жағының диаметрі бірдей болуы талап етіледі. Оған үлкен шеберлік, ептілік керек.

– Қолөнердің қарыштап дамуына қандай кедергілер бар?

– Мемлекет тарапынан қазақ қолөнершілеріне деген жанашырлық атымен жоқ. Қазақтың рухани мұрасын айшықтайтын дүниелерді ешкім бағаламайды. Қолөнершілерді тек әншілер мен күйшілер ғана іздейді. «Өнер құрбандықты талап етеді» деген сөз бар. XVII ғасырда өмір сүрген Италияның скрипка жасаушысы Аматиден Антонио Страдивари 60 жасқа келгенше талмай тәлім алады. «Ұлы шебер» деген атқа лайық болуы үшін Антонио Страдивари (90-ға жетіп дүиеден озған) өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбекке арнайды. Аматидің келесі бір шәкірті Гварнедидің де маңдайға жазылған тағдыры сондай.

Еліміздегі ұста-шеберлерге қолдау көрсетілмейді. Бұл бір.

Екіншіден, шеберлерге жұмысқа қажетті материал табу қиынға соғады. Кейбір сапалы матералдар домбыра бағасынан асып түседі. Үндістан, Оңтүстік Америка, Африканың кейбір жерлерінде ғана өсетін қара ағаштың (зәңгі ағаш) оқтаудай бір бөлігі 5 мың теңге тұрады. Жақсы бір домбыра жасап шығу үшін әлгіндей қара ағаштың үшеуі қажет. Ендеше, ары қарай өзіңіз есептей бергейсіз. Үшіншіден, шеберлердің басы қосылатын орталық жоқ. Әркім бет-бетімен жүр. Бір-бірін жөнді танымайды. Сондықтан, бәсекелеспейді де. Ал егер бәсекелестік өссе, сапа да артар еді.

Сөз соңында қазақтың ұлттық аспаптары ешқашан өлмейтіндігін, өшпейтіндігін айтқым келеді. Саз аспаптарымыз әлем халықтарын мойындатып жатса, бұл оның кемелденгендігінің, деңгейінің шарықтап көтерілгендігінің белгісі.


Әңгімелескен Арман ӘУБӘКІР

Пікірлер