Түрі бар домбыраның бүктемелі,
Кім оны жол жүргенде жүк көреді.
Жанынан тастамайды түзде күйші,
Төріне үйде іліп күткен елі («Қара өлең», А. «Жалын» 1997).
Құмарбек Қапсеметұлы қолөнерге тұтастай өмірін бағыштаған адам. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Түркиядан елім деп еміреніп келген азамат алдағы болашағын тек қазақ жерімен ғана байланыстырады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген нақылды жадына түйіп өскен шебер қолөнер құпиясымен бөлісті.
– Шеберлік өнердің табалдырығын қалай аттадыңыз?
– Мен Түркияның Ниде қаласындағы Алтай қазақ ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауылда өтті. Мектеп жасына келгенімде Стамбул қаласына көшіп кеттік. Кейін Стамбул техникалық университетіндегі түрік музыкасы консерваториясының музыкалық аспап жасау бөлімшесін бітіріп шықтым. Бұл консерваторияда түріктің музыкалық аспаптарын және гитара, скрипка тәрізді еуропалық аспаптарын да жасап үйрендім. Халқымыздың ұлттық саз аспаптарын ең алғаш Болат Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген кітабынан көрдім. Бұл менің ішімдегі отыншылдық сезімімді оятты. «Қазақтың кереметтей саз аспаптарын неге өзіме жасап көрмеске?» деген ой туды…
– Тұңғыш рет домбыра жасаған сәтіңізді есіңізге алыңызшы…
– Үйімізге Жармұхаммед деген күйші ағамыз қонақ болып түскен еді. Ол кісі «бір домбыра тауып кел» деп жұмсады. Мен көршіміздің домбырасын апарған едім, бірақ ол «бұл – қазақтың емес, түріктің домбырасы» деп жаратпады. Ақыры іздеп жүріп бір үйден домбыра таптым. Домбырамен әуелгі таныстығым осылай басталды. Әлгі домбыраны үйге жеткізгенше жүрекке жылы қоңыр үнін сүйсіне тындап, қос шегіне тыныштық бермедім. Жолда келе жатып домбыраның өлшемдерін жіппен өлшеп алдым. Ертеңінде пешке жағатын отынды алып, оның бір бөлшегінің отрасын ойып, мойын салдым. Әуелгі жасаған домбырам осы еді. Ол кезде мен әлі 16-17 жастағы бозбаламын.
– Ұстаз мектебінен өттіңіз бе?
– Бізде домбыраға баулитын мектеп болған жоқ. Қолына домбыра алып жүрген ақсақалдардың ән-күйіне құлақ түріп өстік. Сол қариялардың бірі – Мұстафа Өзтүріктің әкесі Кәбен қажы еді. Мен ол кісіден «Қара жорға» би күйін үйренген болатынмын.
– Өзіңіздің қолөнер шебері ғана емес, әншілік қырыңыздың да бар екенінен хабардармыз…
– «Әу» демейтін қазақ бар ма? Мен ән айтамын. Бірақ, әнші емеспін. Жас кезімнен бастап, ата-анамыздан, ақсақалдардан естіген және күйтабақтарда ойналатын халық әндерін өз шама-шарқымша айтып жүрдім. Түркі тілдес халықтардың музыкасын ойнайтын ансамбльдерде қазақ әндерін орындауы едім. Стамбулдағы қазақ қоғамының шаңырағында үнемі ән өнерімен еңбек сіңірдім.
– Елге оралуға қандай жағдай түрткі болды? Қазақстанға түбегейлі ат басын қашан бұрдыңыз?
– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» дейді атам қазақ. Әйтеуір түбі бір елге оралу ниетім бар еді. Бірақ, тұрмыс-тіршілік мұрша бермеді. Ниде университетінің көркем өнерпаздық бөлімшесінде қызмет еттім. Көне түрік өнері – «ебру санаты» пәнінен дәріс бердім. Сонымен қатар, сол жоғары оқу орынның музка факультетіндегі студенттердің скрипка және тағы басқа аспаптарын жөндеу жұмыстарымен айналыстым. Талантты күйші Айгүл Үлкенбаева Түркиядан келіп оқып жүрген бір студенттен ойда-жоқта мен жасаған домбыраны көріп ұнатады. Артынша Айгүл Үлкенбаева маған бірнеше домбыраға тапсырыс берді. Осыдан кейін елге оралып, өнер саласында еңбек етуді ойладым. 2008 жылдың аяғына қарай Қазақстанға біржолата көшіп келдім. Сол тұста Жоламан Құжыманов есімді дәстүрлі әнші ағамыздың көп көмегі тиді. Ол кісіге алғысым шексіз. Сондай бір ақкөңіл, жаны таза адам. Қолынан келер жақсылығын аяп қалғанын көрген емеспін. Жоламан ағаның әншілік өнері де бір төбе. Осы күні Алматыдағы өнерпаздармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген жайымыз бар.
– «Ебру санаты» деп аталатын қандай өнер?
– Бұл өнердің тарихы Бұқара қаласынан (IX-X ғ.ғ.) бастау алады. «Ебру» деген сөз – «судың жүзі» деген мағына береді. Ол – топырақтан жасалған бояуларды қоюлатылған судың бетіне қылқаламмен тамшылатып, біздің ұшыменен ою-өрнектер салу өнері.
– Түркия мен қазақстандық шеберлерінің жұмыс істеу әдіс-тәсілдерінде айырмашалық бар ма?
– Әу баста мен тек Түркияда үйренген әдістерімді пайдаланушы едім. Кейінгі кезде бірге жұмыс істеп жүрген бауырым әрі шәкіртім Айхат Атантаевтан Қазақстандағы шеберлік тәсілдерді да қолдана бастадым. Мысалы, Түркиядағы тәсіл бойынша домбыраның шанағы ортадан бастап құралса, осы жердегі тәсілде шетінен бастап құралады.
– Сізді кейбір кісілер «Құмарбек» деп атаса, қайсыбір ағаларымыз «Өмір» деп атап жатады. Бір адамның басында екі есімнің болғаны ма?
– Негізінде құжат бойынша аты-жөнім – Өмәр Қия. Әкемнің азан шақырып қойған есімі – Құмарбек. Шекара асып келе жатқанымда жол-жөнекей бір ақсақалмен ұзақ әңгіме-дүкен құрған едім. Қария «елге барғанда Құмарбек деген қазақша есіміңді қолдаң» деп бата берді. Сондықтан елге оралғаннан кейін Құмарбек деген есімімді қолданып жүрдім. Бірақ, бұрыннан таныс достарым мені әлі күнге «Өмір Қия» деп таниды.
– Ел ішінде домбыраға қатысты аңыз әңгіме көп-ақ. Елітіп әкететін осындай әңгімелер сіздің де бала қиялыңызға талай әсер еткен болар?
– Ол кезде біздің ауылымызда домбыра ойнайтын ешкім жоқ болатын. Ақсақалдардан, әжелерден «домбыраны қайтсек үйренеміз?» деп сұраушы едік. Сонда бір қарт «Тоғыз жолдың торабында күй ойнасаң, шеберлігін артады» деп кеңес берді. Сосын жол бойына барып, білгенімізше күй шертіп көрдік. Одан соң бір әжеміз «домбыраны жеті түн құшақтап жатсаң, сонда ғана жақсы күйші болсың» деп үміттендіріп қойды. Домбыраны жеті түн құшақтап жаттым, не өзгерді, білмеймін? Бірақ, бүгін ойласам бұл сөздердің мағынасы – қайда жүрсең де қолыңнан тастамай, түн ұйқыда құшақтап жататындай домбыраға барынша адал болу, өнерге деген шексіз сүйіспеншілікпен өмір сүру екен.
– Соңғы кезде «домбыра мен қобыз – жын-шайтан шақыратын құрал» деп байбалам салып жүргендер төбе көрсетіп қалуда…
– Әр адамның ішкі әлемінде көркем өнерге деген құштарлық болады. Егер де адамдар бұл құштарлықты қанағаттандырмаса, олардың ішкі әлемінде қара пиғыл, ызақорлық тәрізді қасиеттер орын алады. Осындай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстау үшін адамзат ішкі дүниесін өнерден құр қалдырмау керек. Өнер – адам жаның байытады… Әуелден былыққа белшеден батқан жан домбыра мен қобызсыз-ақ жын-шайтанға жақын болады. Жүрегі өнермен нұрланған адам үнемі жаны жақсылыққа құмартып, жын-шайтаннан алыс жүреді. Қазақтың қасиетті қара домбырасы ізгілікке қызмет етеді.
– Саз аспаптарыңызға қандай материалдар пайдаланасыз?
– Әр халықтың ұлттық аспаптарына өз топырағында өнген ағаштары қолданылғаны жөн. Сондықтан, бізге негізінен Қазақстанда өсетін ағаштардан саз аспаптарын жасаған дұрыс болады. Өзім Түркияда өскен, 15-20 жыл кепкен ағаштарды қажетіме жаратамын. Ол үйеңкі ағаштары осында да өседі. Шеберлер үшін ағаштың әбден кепкендігі маңызды. Өз ағаштарымның ойдағыдай кепкендігіне сенімдімін. Сұранысқа орай Африка елдерінен жеткізілетін ағаштардан да домбыра шаба береміз.
Әңгімелескен Арман ӘУБӘКІР
Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, күйші:
– Мен Түркиядан келген Седат деген шәкіртім арқылы алғаш рет Құмарбектің домбырасын көрдім. Домбырасы өзгеше екен. Қазақстандық шеберлердің дүниесіне мүлде ұқсамайды. Сосын айналамдағы өнерпаздарға Құмарбектің домбыраларын айтып жүретін болдым. Кейін оны Қазақстанға шақыртып алдым. Осы күні Құмарбекті көпшілік жақсы таниды. Добыра үні жақсы шығу үшін материалдардың сапасы, шебердің ұсталығы, орындаушының шеберлігі қазет-ақ. Құмарбек домбыра жасау барысында сапалы материалдар пайдаланады. Саз аспаптарын жасау технологиясы да ерекше. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Маған сол қасиеті ұнайды. Өз тарапымнан бүгінгі заманда шапшаң жұмыс істей білудің де қажеттілігін ескетке кеткенді жөн деп ойлаймын. Соны да игере алса, дұрыс болар еді. Көптеген домбыралардың пернелері дұрыс ілінбей жатады. Құмарбек пернелердің орынын дәл тауып іледі. Шеберлігі де бір басына жетеді. Қазір ол қазақ елінде жемісті еңбек етіп жүр.