Алаштануда айқындауға тиіс ақтаңдақ әлі де көп – Ұшқын Сәйдірахман

2547
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары Алаш тақырыбын зерттеп, оқырманға тың дүние ұсынып жүрген жастар қалыптасып келеді. Солардың ішінде «Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахманның есімін ерекше атап өтуге болады. Антологиялық еңбектер мен көптомдықтарды әзірлеуге қатысып, бірқанша ғылыми жобаларға жетекшілік еткен жас ғалым алдағы уақытқа үлкен жоспар құрып отырғанын айтты.

Журналистика мамандығы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын бітірген Ұшқын Сәйдірахманұлы қазақ баспасөзі тарихын зерттеумен айналысады.

«2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы журналистика мәселелерін зерттеу институтына ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылдандым. Баспасөз және баспа ісі кафдерасында оқытушы болып сабақ та бердім. Менің ден қойып, ықылас аударған ғылыми бағытым – қазақ баспасөзінің тарихы мен Алаш қайраткерлерінің мұрасы. Осы екі тақырып өмірімнің негізгі арнасына айналды десем де болады. 2010-2011 жылдары Алаш баспасөзінің 10 томдығын әзірлеуге қатыстым. Ол он томдық «Жас Түркістан», «Сана», «Шолпан», «Абай», «Таң» журналдары мен «Сарыарқа» газетін қамтыды. Шыны керек, аталған басылымдар оған дейін ішінара ғалымдар қауымына болмаса, көпшілік жұртқа белгісіз-тін. Ондағы соқталы мәселелерді қозғаған өткір көсемсөздер мен авторлар беймағлұм болды. Тек ескі қаріпті танитын мамандар ғана сирек қордан оқып, зерттеу нысанына дерек-дәйек ретінде қолданып жүрді. Осы басылымдағы көсемсөздердің жинақталып, ғылыми түсініктерімен жарыққа шығуы қазақ баспасөзінің тарихын тануда елеулі рөл атқарды. Аталған жобадан кейін «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы», «Жүз жылдық жылнама» қатарлы көптомдық еңбектерді дайындауға атсалыстым. Бұл жинақтарда «Ұшқын», «Еңбек туы» газеттерінен бастап, «Социалистік Қазақстанның» 1940 жылға дейінгі көсемсөздері сұрыпталды. Әр материалға ғылыми түсінік жазылды. Осы материалдар арқылы сол заманның шындығын танып, өз дәуіріндегі негізгі мәселелерді анықтауға болады. Әсіресе, басылымдағы полемейкалық жазбалар кеңестік кезеңдегі ұлттық ұстанымдағы азаматтар мен тапшылдық түсініктегі партия шенеуніктері арасындағы идеялық тартысты тап басып көрсетеді. Яғни, Қазақстан кіндік комитетінің органы болған «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды қазақ», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің беттерінен қазақтың ұлттық мүддесін ұлықтау қалай партиялық тап мүддесін насихаттауға ұласқанын айна қатесіз тани аласыз. Бұның өзі деколонизация, декоммунизация үдерісін бастан кешіп отырған қазіргі қазақ қоғамы үшін маңызды дерек көзі болары анық. Осы айтқаныма тұздық болар бір мысал келтірейін. 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Бастауыш сыныпты қай тілде оқыту керек?» деген шетін тақырып қозғалған. «Айтыс ретінде» деген бөгенайы бар айдармен жарияланған бұл тақырып бірнеше нөмірге жүк болып, әлденеше адам пікір тартысына түскен. Сонда Ілияс Қабылұлы бастаған партия басшылары «мектепте қазақ тілді сапалы кадр жоқ, сондықтан бастауыш сыныптың бәрі орыс тілінде жүруі тиіс» деп өктем үн қатып, кеудемсоқ байлам айтады. Ал оған қарсы Қошке Кемеңгерұлы, Абдолла Байтасұлы қатарлы Алаштың кеңестік буын қайраткерлері «Қазақ мектебінде жас ұрпақ қазақ тілінде оқуы тиіс» деген позиция үшін күрескен. Тиісті дәлел келтіріп, дәйекті тұжырым ұсынған. Қазақ мектептері үшін күресіп, ұлттың болашақ тағдырына араша түскен. Әрине, бұл азаматтар осы пікірінен 2 жыл өтпей ұсталған. Десе де жанын пида етсе де асыл мұрат жолынан адасқан жоқ. Мұндай шетін дүниелер аталған баспасөз бетінде сайрап жатыр. Біз «Тарихтан тағылым алмасаң, болашағыңды болжай алмайсың» деген сөзді жиі айтамыз. Басқаны былай қойғанда, баспасөз бетіндегі осындай айтыс-тартысты оқу арқылы біздегі кейбір түйткілді мәселелердің қаншалықты тамырланып, қордаланып кеткеніне көз жеткізуге болады. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу осы тұрғыдан алғанда өте-мөте маңызды деп білемін», – дейді алаштанушы.

Сондай-ақ Ұшқын Сәйдірахманұлы алаштану ғылымында бейтаныс есімдерді жаңғырту өте-мөте маңызды екенін баса айтты. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылында ғылыми айналымға енген Алаш қайраткерлерінің ұзын саны 26, ары кетсе 30-ға әрең жететініне назар аудартты.

«Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің анықталған саны 3 мыңнан асады. Демек біздің Алашты тану, Алашты зерттеу мәселесінде қаншалықты деңгейде жұтаң екенімізді осыдан шамалауға болады. Кейбір азаматтар «Алаш тақырыбы зерттелді, монографиялар аз емес» деп қарсы уәж айтуы мүмкін. Әйтсе де салыстырмалы түрде зерттеу әлі де болса аз екенін мойындауымыз керек. Мысалы, біз Алаш арыстарының сөзі мен мұрасын жинақтай алмасақ, баспасөзде не айтып, не қойғанын түгендеп хаттамасақ, онда біз Алашты қалай танимыз? Яғни, қайраткердің айналымда жүрген бірді-екілі мақаласымен немесе көпке таныс екі ауыз сөзімен оның болмысын анықтауға бола ма? Кейбір зерттеушілер өздеріне керекті дәйектерді ғана көшіріп алып, тұлға туралы сол үзінді пікірмен тұжырым жасайды. Бірақ ол сөз қандай контексте, не мәселе турасында және қандай жағдайда айтылды деген шарттарды ескере бермейді. Осының салдарынан Алаштану кейбір жағдайда әлі де болса көңіл көншітетіндей деңгейде емес. Бұл олқылықтың орнын толтыруға кемін бүтіндейін деп өзім 8 жылымды сарп етіп, 3 томнан тұратын Абдолла Байтасұлының еңбегін жинақтадым. Әртүрлі ескі басылымдардан тірнектеп жиылған бұл еңбекті біз жыл бұрын мемлекеттің «әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасына ұсындық. Алайда қайраткердің мерейтойы болса да Байтасұлының бай мұрасы елеусіз қалды. Жанын елі үшін пида еткен, ұлттық мақсат жолында азап пен айдау көрген Алаштың арда азаматының үш томдығы жарық көрмеді. Бірақ біз бұл еңбектің бірінші томын кәсіпкер азаматтардың демеуімен жарыққа шығардық. Енді әлі де екі том еңбек өз сәтін күтіп қолжазба күйінде тұр. Сондай-ақ біздің алдағы екі жылдық жоспарымызда Иса Тоқтыбайұлы, Кәрім Жәленұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы қатарлы Алаш қайраткерлерінің шығармалар жинағын шығару міндеті тұр. Бұл арыстардың да еңбегі жинақталып, беттелген күйі тұр. Оны да қолдаса мемлекет қаражатымен, болмаса жеке азаматтардың демеуімен шығарамыз. Сонымен бірге «Жүз оқулық» жобасы да алдағы сүйіншілі жаңалығымыздың бірі», – дейді жас ғалым.

Пікірлер