Бекболат ҚАРЖАН: Алтынтөбеде жер үшін күрескен азаматтар сотталып жатыр

1438

Бірінші бөлім!

Ағайынды елдерді қырқыстырып, жерін алып отырғандар – әкімшіліктегілер және олармен ауыз жаласқан жергілікті лоббисттер

ҚР тұңғыш президенті, Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаевқа;
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа;
ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановқа;
ҚР Парламенті мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматуллинге;
ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа;
ҚР Бас прокуроры Жақып Асановқа;
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа;
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Жанар Жайылғановаға
Алтынтөбе ауылы округінің тұрғындарының атынан

Құрметті, Қазақстан халқы мен Қазақстанның жоғары билігіндегі лауазымды тұлғалар! Біз жақтағы дауға назар салыңыздар!

Мен сіздерге Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, өзімнің туған ауылым, туған өлкем - Алтынтөбе ауылы округінде орын алып жатқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының ішінде шешімін таппаған жер дауынан әбден шаршап, ақ пен қараны айыра алмай, төзімі шегіне жеткен жергілікті халықтың күйзелісі мен жан-айқайын жеткіземін. Ашу-ызаға булыққан халықтың жан-айқайы осы уақытқа дейін БАҚ-тарға, әлеуметтік желілер мен ұлттық ақпараттық порталдарға шықпады. Себебі, біздің қолымызда жер дауына қатысты материалдар қоры жеткіліксіз болды. Жергілікті ауылдық жерлерде өз жерлерін игеремін, өз кәсібімді дөңгелетемін деген азаматтарға ҚР Конституциялық заңдары мен ҚР 2003 жылғы «Жер Кодексінің» 103 бабына сәйкес дәлелдеуді қажет етпейтін мән жайлар деп табылатын шартты жер үлесі берілмей, жергілікті атқарушы билік тармақтары - аудан әкімшілігінің, облыс әкімшілігінің, ең соңында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінен бастап әр-тараптар жерді бір біріне сілтеп, өткізіп жіберген Қаулылары мен шешімдері, құжаттарымен таныстыра келе, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың халық 30 жыл бойы талап етсе де, әртүрлі құйтырқылықтарға салып, Алтынтөбе ауылы округінде ертеден ата-бабасы қоныстанған халықтың мүддесіне өз тұрғылықты жерін осы уақытқа дейін шешіп беруге жарамай отыр. Біздің қолымызда жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың хаттары мен қаулылары, бізге жауап берген құжаттары бар. Оның есесіне, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдармен ауыз жаласқан лоббисттер мен латифундисттердің халықтың жерін әр тұсынан жұлма-жұлмасын шығарып пайдаланып, мемлекеттік акт жасап алып, меншіктеп отырғаны қасиетті жердің иесі – жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын ай өткен сайын емес, күн өткен сайын асқындырып барады. Мұның соңы жақсылықпен аяқталмайтынын жергілікті атқару органдары ескерер емес. Ең бір сорақысы – жергілікті органдармен ауыз жаласқан лоббисттерге халықтың рұқсатынсыз жер учаскелеріне мемлекекттік акт жасап алуына жол берілсе, халықтың мүддесіне келгенде ешқандай жер де, мүлік те бұйырмай тұрғаны елді ашындырып отыр. Бұл бүгін ғана емес, тәуелсіздік алған 30 жыл бойы жалғасып келе жатыр. Мұның соңы ауыл тұрғындарының арасындағы төбелес пен дау-дамайларға, бір бірінің жағын ұрып сындырып, бір біріне қол жұмсауына алып келуде. Қазіргі күні Алтынтөбе ауылы округіндегі азаматтары бір бірін жау көретін жағдайда отыр.

Кезінде кеңес одағы ыдырап, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі, аудандарындағы ауыл округтеріндегі совхоздар ен колхоздар, шаруашылықтар тарап, жергілікті халыққа өздеріне тиесілі шартты жер үлестері беріліп жатты. Бірақ неге екені белгісіз, Алтынтөбе шаруашылығы таратылмай, халыққа өзінің жерінің құжаттары мен жердің көк қағазы берілмей, шаруашылық бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі кеңшар сияқты қалпында қалды. Соңында Алтынтөбе шаруашылығының жер телімдері тұқым өндіруші шаруашылық ретінде Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігінің «Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны» (РМҚК) ретінде сақталды. Жер телімдері ҚР Ауылшаруашылық министрлігінде қандай мақсатта сақталғаны да белгісіз. Расында элиталы тұқым өндіруші шаруашылық ретінда сақталып, Республикаға пайдасы тигені жөнінде мәліметтер де жоқ.

Негізінен, Алтынтөбе шаруашылығының жер телімдері жергілікті тұрғындарға ҚР «Жер Кодексінің» 103-бабына сәйкес таратылуға тиіс болатын. Бірақ бұл шаруашылықты тарату жергілікті мемлекеттік органдардың тарапынан іске аспай, халыққа шаруашылықтың жерлері Заң аясында берілмей, әкімшілікті басқарған басшылар мен жергілікті лоббисттердің тырнағында кетті. Содан бері Алтынтөбеде қоныстанған жұрлшылықтың берекесі ұшты, құқы тапталды, мүддесі ұрланды, әлеуметтік ахуалы басқа ауылдық округтерімен салыстырғанда 15-20 жылға артта қалды. Неге дейсіз? Себебі жалғыз. Халыөтың өзіне тиісілі жері жоқ. Жері жоқ халықтың қолында ештеңе де болмайды.

Бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі Алтынтөбе шаруашылығының жер телімдері де Қазақстан Республикасының «Үкiметi белгiлеген тәртiппен» мемлекеттiк мекемелерге бекiтіліп берілген өзге де мемлекеттiк мүлiк жекешелендiру объектілерi алғашқы жекешелендіру (приватизация) жылдары «Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2721 Заңы негізінде таратылып берілуі тиіс болатын. Бірақ жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар бұл процесті жекешелендіру заңы негізінде жүзеге асырмады. ҚР Үкіметі мен Бас Прокуратура да біздің округтің мүлкі мен жерлерінің таратылуын заң жүзінде қадағалауға алмады. Сол уақыттағы кеткен ағаттықтың салдары қазіргі кезде Алтынтөбе ауылы округінің тұрғындарына жан күйзелісін алып келіп отыр.

Қазақстан Республикасының тарихында ең алғашқы жекешелендіру (приватизация) науқанына биыл 28 жыл толып отыр. Ал, менің туған өлкем – Алтынтөбе ауылы округінің халқы сияқты Республика бойынша қаншама жерсіз отырған ауыл округтері бар болуы мүмкін. Соңғы кезде ауылдардан қалаға жұмыспен, әлеуметтік жағдайының нашарлығынан кетіп жатқан азаматтардың саны да күрт артқан. Мұның бәрі де кәсіп жасаймын деген азаматтардың жерінің болмауының салдарынан туындауда.

Алтынтөбе ауылы округінің жерлерін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына кімдер және қандай мақсатта өткізіп жіберді?
16 сәуір 2010 жылы сол уақыттағы Қазығұрт ауданының әкімі Т.Алиевтің Атлтынтөбе ауылы округінің барлық жер телімдерін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталына жеке меншік құқықпен өткізу туралы қаулысы шығады.

Қаулыда не дейді?
Қаулыда жерді «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталына жеке меншік құқықпен тапсыру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңының баптарын негізге алып, Алтынтөбе ауылы округінің қоғамдастық өкілдері мен азаматтардың келісімін алдық деп, құжаттарға қол қойдырып, жер учаскесіне құқықты табыстау комиссиясының № 31 қорытындысымен, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары С.Тұрбековтың әкімдікке жазған хатын негізге алып, әкімдіктің №153 қауылсы арқылы Алтынтөбе шаруашылығының 15935 (Қазығұрт ауданы әкімінің 16 сәуір 2010 жылғы № 153 қаулысында 15935 гектар деп көрсетілген егістік, жайылым, суармалы, шабындық жерлерін қоса алғанда) гектар жер телімдерін «Оңтүстік» ӘКК (әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы) АҚ-ның меншігіне жеке меншік құқықпен беріп жібереді. Қазығұрт ауданы әкімінің 16 сәуір 2010 жылғы № 153 қаулысында жерді «Оңтүстік» ӘКК АҚ-на табыстау кезінде әкімдікте төменде аты аталған азаматтар қол қойып, халықтың құқын корпорацияға табыстып, Алтынтөбе ауылы округінің жерлерін өткізген:

1. Аудан әкімі – Т.Алиев
2. М.Момынов
3. Г.Тағаева
4. Н.Әлімбаев
5. Б.Қыстауов
6. К.Шаймерден

Қаулыны іске асырып, орындаушылар:
1. Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы – А.Қожахан
2. Т.Тағаева
3. Кеңесші – Д.Кулимов
4. Жалпы бөлім меңгерушісі – А.Өсербаев

Міне, жер учаскесіне құқықты халықтың атынан табыстаған адамдар осылар. Осы азаматтардың халықтың құқын таптаған әрекетінен кейін, Алтынтөбе ауылы округіндегі тұрғындардың тыныштығы бұзылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап құқы тапталған халықтың мүддесі жерлігікті әкімшіліктің тарапынан ескерусіз қалып, жыл сайын дау-дамай мен берекесіздік бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мұхтар Исабаев бастаған Алтынтөбе ауылы округінің бастамашы тобынан құралған азаматтары талай жылдар бойы өзінің жерін даулап, кооператив ашып, корпорацияға барды. Бірақ ешқандай да нәтиже болмады. Олар елбасының ауылшаруашылығының кооперативтерін ірілендіру саясатын да ескермей, халыққа өзінің жерін қайтармай, әртүрлі алдаулармен шығарып салды.

Алтынтөбе ауылы округінің азаматтары аудан әкімшілігі мен аудандық жер қатынастары басқармасының табалдырығын тоздырды. Облыс әкімшілігі мен облыстық құзырлы органдардың есіктерін де тоздырды. Ең соңында бір емес, екі бірдей ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің де табалдырығын тоздырды. Бәрінің адынан өтті. Бәрінің жауабын алды. Құжаттардың бәрі қолымызда. Ақыр соңында Алтынтөбе ауылы округінің барлық жер телімдері жергілікті халықтың мүддесіне шешілмеді.

Осы ұзақ уақыт бойы жалғасқан жайсыз әрекеттерді түсінген, түбі жерінен айырылса, ауылынан көшіп кетуге мәжбүр болатынын ойлаған Алтынтөбе ауылы округінің жастары мен азаматтары бас қосып, халықтың болашағы мен келешегі үшін, мүддесі мен преспективасы үшін бастамашы топ құрып, жерді халықтың мүддесіне шешу мақсатында іске кірісіп кетті. Жергілікті атқарушы органдар халыққа ешқандай да альтернатива қалдырмаған. Жер жоқ. Кәсіп жоқ. Береке жоқ. Жыл сайын жанжалдасқан халық.

Осы жағдайды ескере отырып, жұмысты жайына қойып, бұл мәселеге бел байлап кіріскен жастар тобын жасақтап, істі бастадық. Мен сіздерге алдағы уақытта тәуелсіздік алған жылдардан бергі жалғасқан сыбайластық пен халыққа қарсы жасалған жайсыздықтардың бәрін баяндаймын. Материалдардың бәрін фейсбукке, әлеуметтік ақпараттық порталдарға шығарамын. Себебі, бұл мәселе бұқараның алдына шықпаса, шешілмейтініне көзіміз жетті.

Біз Алтынтөбе ауылы округінде бастамашы топ құрып, округтің жерлеріне қатысты іс материалдарын Қазығұрт аудандық сотына тапсырдық. Енді алдағы уақытта жерге қатысты сот процестері басталатынын айта кетеміз. Біз Алтынтөбе ауылы округінің 10 мыңға жуық халқының мүддесі үшін күресті бастадық. Барлығыңыз да бізге қолдау көрсетіп, істің оңынан шешілуіне ықпал етулеріңізді сұраймын. Бұл тек қана Алтынтөбе ауылы округінде ғана орын алып жатқан жағдай емес, барлық облыстар мен аудандарда бар жағдай. Біздің ауданда жер дауы қатты асқынып, соңы төбелестерге ұласып, азаматтарымыз сотталып жатыр. Алтынтөбе ауылы октугінде жер дауына қатысты 22 адам тергеуге тартылып, 5 азаматтың үстінен қылмыстық іс бойынша сот процесі жүруде. Қазығұрт аудандық сотының судьясы Дүрия Амантайқызы округтің азаматтары - Исабаев Әбілқасым мен Орымбаев Жорабайға 2021 жылғы 08-қыркүйектегі № 5140-21-00-1/56 санды іс бойынша екі жылдан аса уақытқа бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Қазығұрт аудандық соты жерін қорғаған азаматтарды соттап жатыр. Бұл жағдайды халықты қорқытып-үркіту деп санаймыз. Мұның бәрін арнайы мақаламен түсіндіретін боламын.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округінің тұрғындары Қазақстанның халқы. Олар бүйрегінен теуіп шеттететіндей өгей халық болып сырттан келген жоқ. Ғасырлар бойы ата-бабалары осында ғұмыр кешкен. Ауылдағы азаматтардың барлығы өздерінің шартты жер үлесі қолына тисе, шет жаққа қаңғырмай, өз кәсіптерін жүргізуге мүмкіндік алар еді. Бірақ жергілікті облыс, аудан деңгейіндегі атқарушы органдар тәуелсіздік алған жылдардан бері халыққа жерін қайтарып беруге құқық танытпай отыр. Азаматтардың көпшілігі өндірістік кооперативтер ашып, кәсіп жасаймын деп ниеттінеп отыр. Бірақ азаматтарға шартты жер үлесі берілмеген. Шартты жер үлесі берілсе жергілікті ауыл тұрғындарына орта және шағын кәсіпті жандандыруға мүмкіндік туар еді. Қолдан жасап отырған осындай құйтырқылықтардың арқасында бұл мүмкін болмай отыр. Біздің маңайымыздағы Жаңабазар, Көкібел, Тұрбат сияқты ауыл округтерінің тұрғындарының барлығында Кеңес өкіметінен қалған шаруашылықтар таратылып, өздерінің ҚР «Жер Кодексінің» 103 бабына сәйкес шартты жер үлестерін алған. Барлығы да емін-еркін шаруаларын іске асырып отыр. Әлеуметтік жағдайлары да біздің ауыл округіне қарағанда әлдеқайда жақсы.

Бізге де заң шеңберінде осы механизмді қолданбаса, азаматтарға ҚР «Жер Кодексінің» 103 бабына сәйкес шартты жер үлесі берілмесе, онда талай дау-дамай мен қақтығыстар орын алып, халықтың берекесі кетіп, асқына беретін болады. Соңы қантөгіске де алып келетін болады. Себебі, біз аудан мен облыстың жергілікті атқару органдарының тәуелсіздік алған жылдардан бері халықтың мүддесіне шешпей келген жер дауын қазір өз еркімен шешетініне сенбейміз. Қазір жергілікті атқарушы органдар азаматтарды Азаматтық іспен емес, қылмыстық іспен соттап жатыр. Бұл қисынға келмейтін әрекет әрі жергілікті биліктің халықты басынуы деп санаймыз. Сондықтан да мемлекетіміздің басшысы деп, арызымызды сізге жеткізіп отырмыз!

Аталмыш мақала редакцияның позициясын білдірмейді. Қарсы тараптың да ой-пікірін жариялауға дайынбыз.

Бекболат ҚАРЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket