Жанымды жаралаған Желтоқсан

2588
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылы Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында әртүрлі әңгімелерді естіп, 1986 жылдың жаңғырығы жандүниемді тебірентіп, бетіме желтоқсанның ызғырығы келгендей ауыр да мұңды күйге түсемін. Иә, қазіргі уақытта біз тәуелсіз Қазақстанның халқымыз. Көп нәрсені ойлай бермейміз. Көп нәрсенің байыбына бармаймыз. Бұл тәуелсіздік бізге қандай жолмен және ненің немесе кімнің арқасында келгеніне мән бермейміз. Көпшілік қауым белгілі бір мемлекеттің тәуелсіздіктіалуы үшін қан төгіс майданға шығып, қолға найза мен балта алып, жауға қарсы шабуылға шығуы деп түсінеді. Алайда бұл мүлдем қате түсінік.

Кезінде белгілі бір объективті және субъективті себептермен Қазақстан елі Қызыл Кеңестің құрсауында қалып, жетпіс жыл көлемінде бүкіл кеңес үкіметін шикізатпен, эколгиялық таза азық өнімдерімен қамтамасыз етумен қатар, сол Одақтың саяси-құқықтық және идеологиялық шырмауында болғаны тарихи дерек. Осы Одақтың өктем саясатының нәтижесінде 1986 жылғы Қазақстанға қатысты жасаған «әмірі», ұлтжанды қазақ азаматтарын бейжай қалдырмады. Алайда сол азаматтардың билікке қарсы шығу немесе төңкеріс жасау сияқты пиғылы болмаған еді. Құқықтық мемлекеттің өрімдей ұл қыздары партия басында отырғандарға қарапайым ғана сұрақпен жүгінген болатын. Ол, неге бірінші хатшы сырттан әкелінеді, неге Қазақстандық азамат емес?

Алайда шырылдаған шындықты сұрап орталық алаңғашыққан, көбінесе менімен тетелес менің Отандастарым жазықсыз соққыға шығылып, жасанды ойдан шығарылған себептермен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, алды жазықсыз дәлелденбеген себептермен сотталып, соңы қуғын-сүргінге ұшырап, әсіресе болашақтан асқақ арман күткен студент жастар оқудан шығарылып, жымысшы жастарымыз жалғыз ғана табыс көзі болып тұрған жұмыстарынан айырылып, ел ішінде дүрбелең туған заман болды. Жалпы 1986 жылдың аяғы 1987 жылдың басы жандүниесі қазақ деп шырылдаған жан баласына, аласапыран кезең болған еді. Қазірдің өзінде сол кездегі, әсіресе Алматы қаласындағы орталық алаңда және оның айналасында болған өз көзіммен көрген оқиғалардың ретроспективасын есіме түсірсем, қазірдің өзінде жаным түршігеді.

Негізінде мен 1986 жылдың қараша айында үйленіп, отбасын құрып, өзімнің студент кезіндегі досым Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жусалы станциясының азаматы Тлеуов Ақылбекпен (бүгінде марқұм, жол апатынан қайтыс болған) кездесуге Алматы қаласына желтоқсанның 14-де келген едім. Негізгі мақсатым Алматы қаласынан қызмет тауып, сол жаққа отбасыммен қоныс аудару. Біз Ақылбек екеуіміз 15-ші желтоқсанда дәмханада кездесіп, көп нәрсені еске түсіріп, қызметке тұру мәселесін әңгіме қылған едік.

Ақылбек бойдақ, бар жерден шыққан бала. Аздап көңіл-көтергенді ұнатып, көп нәрсені ойламайтын ештеңені уайымдамайтын бір үйдің ерке баласы еді. Бірақ жан тәнімен өтірікті, арамдықты, сатқындықты жақтырмайтын, адал әрі сенімді дос еді. Спортқа тікелей қатысы болмаса да өзіне сенімді, сері жігіт болатын.

Сол кезде Ақылбектің әлде туған, әлде нағашы ма есімде жоқ, әйтеу бір ағасы Алматы қаласындағы үлкен бір трестің бастығы еді. Есімі есімде қалмапты. Ақылбек сол ағасының қолында Алматыда тұратын. Ол ағасы мені ертеректен біз Ақылбек екуіміз Павлодар қаласында бір жатақханада тұрғаннан бері білетін. Маған дегенде ол кісінің көзқарасы жақсы еді. Алдын-ала келіскен уәде бойынша Ақылбектің сол ағасы, «Егер Әлібекпен бірге жүріп, бірге тұратын болсаң екеуіңді де қызметке аламын», - деген шарты бар еді. Мен де сол уәдеге сеніп Алматыға келгенмін.

Ол кезде ұялы телефон жоқ. Жалғыз байланыс құралы үй телефоны еді. Келісім бойынша Ақылбек үйге барып, ағасымен ақылдасып, мен оған телефон шалып, қай күні қайда бару туралы уәделесеміз деп қол алысып қоштастық. Сол күні уақыт жай болғандықтан біз ертең телефон арқылы хабарласамыз деп келістік. Бұл желтоқсанның 15-де болған оқиға.

Келесі күні, яғни желтоқсанның 16-ы күні кешке мен телефон шалып хабарласқанда, біз келесі күні, яғни желтоқсанның 17-де сағат 11.00 орталық алаңның жанындағы почта бөлімінің Мир көшесіне қараған телеграф жағында кездесеміз деп келістік. Себебі Ақылбектің ағасы бізді сағат 12.00 кездесуге шақырған екен. Мен ол кезде Алматы қаласында тұратын апайым Сәуленің үйіне тоқтағанмын. Апайым Сәуленің сол кездегі пәтері Әуезов драма театрының жанында Жамбыл көшесінде еді. Апайымның жолдасы белгілі балалар жазушысы-журналист, Зайсанның тумасы, бүгінде марқұм болған Марат Қабанбаев. Кейіннен ол кісі Алтынбек Сәрсенбаевтың командасында болған. Танымал қаламгер опозиционер болды. «Дат» газетінің атасы десек те болады.

16-шы желтоқсан күні кешкі телеақпараттан Орталық партия комитетінің шешімімен Д.Қонаевтың бірінші хатшылықтан кетіп, орнына Колбиннің тағайындалғаны туралы хабарды естідік. Алайда ешқайсымыз оған саяси тұрғыда мән берген жоқпыз. Телехабардан да артық ештеңе баяндалмады. Тек, жездем Мәкең, «япырай Димекеңе не болды екен, бұлардың орыстары өлгенше отыра беруші еді ғой, арты тыныш болса екен», - деген пікірін айтты. Басқадай бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмады. Себебі біз жездем екеуіміз басқадай әдеби, әлеуметтік тақырыптарға әңгіме қозғап отырғанбыз, тек соны жалғастырып кеттік.

Ертесінде мен мөлшермен сағат тәңертеңгі 10.00 шамасында үйден шығып, жаяулап келіскен почтаға қарай аяңдадым. Себебі екі орта бәлендей қашық емес еді. Бастапқыда Әуезов театрына дейін менің көзіме оғаш ештеңе байқалмады. Абай даңғылын кесіп өтіп Байзақов, Ботаническая көшелеріне түскенде 3-5-тен топталған жастардың көбейгенін байқадым. Барлығы сол мен кетіп бара жатқан бағытқа кетіп барады және қолдарында ерекше мән беретін ештеңе жоқ. Әңгімелері көңілді, қызу тақырыпта. Алайда ашу немесе дүрлігудің нышаны мүлдем жоқ. Құтты бір тойға немесе парадқа жиналуға кетіп бара жатқан сияқты.

Мен ілгері жүрген сайын топталған жастардың қатары көбейе бастады. Мөлшермен 3-4 квартал жүрген соң халықтың саны мүлдем көбейді. Халық саны көбейген сайын дауыстар да қатты шыға бастады. Мен тек сол кезде ғана төтенше бір жағдайдың орын алғанын және бұл оқиға кешегі телеақпараттан естіген хабармен, яғни 1-ші хатшылық лауазымға сайланған Колбинмен байланысты екендігін ұқтым. Себебі жастардың әңгімесінен сұраусыз ақ анықталып тұрғандай, олардың барлығы дерлік патриоттық рухтағы тақырыпқа әңгімелесіп бара жатты. Әсіресе «айтсын», «түсіндірсін бізге», «тіпті Қазақстанның орысы болса да болады ғой, «әйтпесе Қазақстанда басшылыққа лайық бір қазақ табылмады ма», - деген әңгімелерді менің құлағым анық естіді.

Осы толқыған адамдар легімен орталық алаңға жақындағанда халықтың саны мүлдем көбейіп кетті. Мен почтаның ғимаратына жақындағанда адамдардың тобырымен еріксіз көшенің екінші бетіне ысырылып қалдым да почта ғимаратының екінші бетіне шығып қалдым. Себебі олардың барлығы топталып бірнешеу боп келе жатса мен жалғызбын, содан еріксіз ығыса бердім.

Мир көшесіндегі почтаның телеграф тұрған ғимаратына жеткенде мен бойымның ұзындығын пайдаланып, ғимараттың алдынан Ақылбек досымды іздедім. Алайда адамдардың көптігінен досымды таба алмадым. Себебі ғимараттың алды, оның баспалдағы түгел қаптаған адамдар болды. Осы кезде жастардың арасынан ұрандаған дауыстар да шығып жатты. Сөйтіп тұрғанда мен адамдардың тобымен еріксіз ығысып Орталық алаңнан бірақ шықтым. Менің есіл дертім, досым Ақылбекті тауып алу болатын. Мойнымды созып жан-жағымнан соны іздеймін. Бірақ таппадым. Досымды сол қалпы кездестірмедім. Ақылбектің өзі ер мінезді, қызушаң және ұлтшыл патриоттыққа бейім жан еді. Жастардың осындай толқуын көргенде ол шыдамай еріксіз белсенділік көрсетіп, көпке араласып кетті ме деп ойлаймын.

Содан мен Орталық алаңдамын. Көптің ішіндемін. Жан-жақтан дабырлаған жастардың дауыстары. Бірен-саран болмаса жиналған адамдардың басым бөлігі жастар. Арасында тыңдасам студенттер және жұмысшы жастар да бар. Түгел өрімдей қыздар мен жігіттер. Ару Алматының сол күнгі ауа-райы бүртүрлі ызғарлы еді. Тіпті табиғат ананың өзі билікте болып жатқан әділетсіздікті жақтырмағандай ызғарланып тұрды.

Жиналған жастар ортаға билік басындағылардың келіп, түсінік беруін талап етті. Біреулер «ортаға Димекеңнің өзі келсін». «Сол кісінің аузынан естиік, ол кісі өз еркімен кетті ме әлде кетірді ме», деген сияқты айқайлар болып жатты. Енді бір топ Ш.Қалдаяқовтың Қазақстанын шырқап жатты. Шынын айту керек жалпы жиналған жастардың бойында ашу мен ыза болса да, олардың көңілдері жайдары, жүздері жылы еді. Менің маңымда тұрған жастардың арасында шабамын, қырамын, жоямын деген пейілдің нышаны да жоқ еді. Керісінше барлығы позитивті күйде, күннің суықтығына тонып қалмас үшін өздерін жайдары ұстауға тырысып, ішінара әзілдесіп, орындарында секіріп жылынып тұрды.

Қазір тура есімде жоқ мөлшермен сол түске тақаған уақытта болар деймін, жастар ақылдаса келе билікке парламентёрлерді жіберуді шешті. Ортаға іріктеліп белсенділер шықты. Мен алыста тұрдым, сол себепті олардың кімдер екенін және неше адам екенін анық көре алмадым. Алайда рупор арқылы айқайлаған дауыстардан осындай жағдайлардың болып жатқанын естіп, көріп тұрдым. Осы кезде алаңды қоршаған милиция формасындағылар болды. Алғашында олар халыққа тимегенімен, халықты жақтырып та тұрмағаны анық байқалып тұрды. Милиционерлер жастарды ортаға өткізбеуге тырысып, жастарға көпе-көрнеу бөгет жасап тұрды. Алайда қызбаланған қыздар мен жігіттер оларды тыңдамастан, шептерін бұзып ортаға өтіп толып жатты. Көп ұзамай алаң халыққа лық толды. Біраз жастардың қолында ұрандаған транспаранттар пайда болды. Менің сол кезде байқағаным, жігіттерден гөрі қыздардың батылдығы мен қайтпас қайсарлығы әлдеқайда басымырақ болды. Қазақ ұлтты милиционер жігіттерге тап-тап беріп, «қазақ емессің бе, неге қазақтарға қарсы шығып тұрсың?», деген сияқты өктем-өктем талап қойып, милиционер қазақтарды жерден алып жерге салып жатты.

Парламентёрлердің кеткеніне бірталай уақыт болды. Уақыт түстен асты. Жастар тарқамады және тарқау туралы ешкімде ой да болған жоқ. Бағанағыдай емес енді «Қазақстан» әнімен«Елімай» әндері жан-жақтан шырқала бастады. Сол кезде менің жанымда тұрған бір топ жастар бір-бірімен әзілдесіп, орталарында тұрған нәзік келген, үстіне ашық түсті пальто киген сары шашты қызға «Ой қарындасым-ай! Сізді автобустан лақтырып жібере жаздадық қой», - деп қалжыңдап жатты. Сөйтсе автобуста келе жатқанда осы бойжеткенді орыс ұлтының өкілі екен деп, біреулер автобустан түсіріп жібермек болғанда, оның тек шашын бояған қазақ қызы екенін біліп, алып қалыпты. Енді міне бұрын бір-бірін танымаса да, ұлт басына кемсіту мен қорлау келгенде барлығы иықтасып, бір алаңда тұр. Сол кездегі ұлт өкілдерінің рухына әсіресе қайтпас қайсар мінезді жастарымызға мен бүгін тағзым етемін.

Биліктен ойға қонымды жауап немесе түсініктеме күтіп алаңда тұрған кезімізде мен жан-жағыма жалтақтап Ақылбек досымды іздеп тұрдым. Оны кездестіремін, табамын деген үмітім әлі жоғалмаған еді. Алайда оны сол қалпы мүлдем кездестірмедім. Дегенмен, мен сол бейбіт шерудің ішінде өзімнің жерлесім, менен бір класс жоғары оқыған ауылдасым Симтиков Елшатты кездестірдім. Ол маған қарағанда әлдеқайда басым белсенділік көрсетіп, баған басына шығып, айқайлап тұрды. Мен оны алыстан көріп байқағаныммен ол мені көрмеді. Себебі арамыз бірталай алшақ болған еді. Жету мүмкін болмады. Соңынан естуімше ол да кезінде біраз қуғындалған екен. Алайда бүгінгі күні бәріне деген сенімсіздік танытып, ешқандай іс-шараларға араласпайтын көрінеді.

Жиналған жастар қаншама тосқанымен жіберілген парламентёрлеріміз оралмады. Сол кезде олардың өздерін қамап тастапты, ұрыпты деген сөздер шыға бастады. Енді алаңдағы жұрт ашуға басты. Сол кезде парламентёрлердің арасында болған бір бойжеткен шығып, жылап тұрып жұртқа «қайтыңдар», «тарқаңдар», «арты жаман болады» деген әңгіме айтты. Мен өз басым ол қызды көрмедім де айтқанын да естімедім. Дегенмен алдыңғы шепте болып жатқан оқиғалар соңғы қатарда тұрған біздерге жетіп жатты. Осы сәттен бастап жиналған жұрттың ішінде шынайы толқу басталды.

Жиналған жастардың арасынан «Колбин кет!», «Долой Колбина», «Әр елде сол елдің басшысы болсын», - деген ұрандар орысша, қазақша естіле бастады. Осы кезде мінбеге шыққан белсенділер орысша және қазақшалап «Тарқаңдар әйтпесе қазыр күшпен тарқайсыңдар», - деп әртүрлі қоқан-лоқы көрсете бастады. Алайда алаңға жиналған жастар оларды тыңдамақ түгілі айылдарын да жиған жоқ. Керісінше олардан «ДінмұхамедҚонаевтың өзі келсін, әйтпесе кетпейміз, тарқамаймыз, керек болса осы алаңда түнейміз», деп жатты.

Осы кезде менің тағы бір байқағаным, кейбір белсенді жігіттерді оңашалап алып кетпек болып жатты. Алайда олардың барлығын алып кетуге шамалары келмеді. Дегенмен жетектеп алып кеткендері де болды. Біраздан кейін алаңда ұшқан бас киімдер (әсіресе милиционерлердің) және қар кесектері менкірпіштің сынықтарын байқай бастадым. Белгісіз бір ер азамат баған басына өрмелеп шығып, радиоқабылдағыштың үншығармасын жұлып алып лақтырып жіберді. Оның бұл батыл әрекеті басқаларға рух бергендей болды.

Осы сәтте бейбіт шеру керісінше майдан даласына айналғандай болды. Себебі алаңды қоршаған милиционерлер қолдарындағы суық қаруларымен алаңдағы жастарды ұрып-соғып, қуалай бастады. Жастар да қарап қалмай оларға қарсылық білдірді. Екі жақтың да адамдары соққыға жығылып жатты. Көптің аты көп қой, жастар да бой берер емес. Қолдарында қарулары болмаса да, қарулы милиционерлерге тайсалмай төтеп бере бастады. Тіпті керісінше милиционерлердің өздерін тықсырып алаңның шетіне шығарып тастаған кездері де болды. Екінші жақта керісінше жастардың да тығырыққа тіреліп, алаңнан ойсырыла қуылған сәттері де болды. Арасында қыздар мен жігіттердің жарақат алып алаңға жығылып, тапталып жатқандарын да көрдім. Солардың бірі менің өзім жығылып жатқан жігітке шалынып, омақаса құлап тобырдың астында қалып қойдым. Со жолы сол жақ қолым жаман жаншылып қалыпты. Алғашында ет қызуымен мән бермеген едім. Соңынан байқадым сол қолымның алақанымның сырты мен білек тұсым ісіп кетіпті және білегімдегі командир сағатым болған (корпусы күміспен жалатылған, темір серіппелі браслеті бар еді), сол сағатым қолым жаншылғанда түсіп қалыпты. Орнында білегіме батқан ізі ғана қалған екен. Кім екенін  танымаймын, маған бейтаныс жігіттер мені және басқа да жігіттер мен қыздарды демеп тұрғызып алды. Есімді жиып, қол аяғымның сау екенін байқаған соң өзім сияқты жарақат алған, құлап жатқандарға көмектесуге кірістім. Себебі мен өзім туғаннан төбелеске жоқ адам едім. Сондықтан төбелесіп жарытпасымды білген соң өзіме санитарлық қызметті өзім жүктеп, жаралыларды шетке сүйрей бастадым. Үстіп жүріп өзім де басымның оң жағынан оңдырмай соққы алдым. Дубинка ма әлде күрек пе анығын әлі білмеймін әйтеу бір затпен тиген соққыдан ауыр дене жарақатын алыппын. Тиген соққыдан есеңгіреп құладым. Қанша жатқанымды білмеймін, есімді жисам бөтен қыздар мен жігіттердің мені тұрғызып, мойнымдағы шарфыммен басымды байлапты. Мен бірақ соны өзім байқамаппын. Тек сырт киімімнің су болғанын ғана білдім. Менің үстімде сырты нығыз қара матамен қапталған тон, мойнымда қолдан тоқылған ұзын ала шарф, бұтымда қара көк түсті шалбар, басым жалаңбас болатын. Басыма киіп келген боялған қазақи қоян бөркімді апайымның үйіне тастап кеткенмін.

Басымдағы жарамды орап берген сол қыздар мен жігіттер мені және тағы да бір қызбен екі жігіт, төртеуімізді сол маңдағы бір ауруханаға алып келді. Келсек аурухананың барлық есіктері жабық екен. Ол кезде кеш түсіп, күн қараңғы болған еді. Әйтеу тоқпақтап жүріп сол жастар аурухананың бір қосалқы есігін аштырып алды. Менің сонда бір байқағаным, есікті ашқан дәрігерлер емес керісінше қазақ ұлтты жас санитар қыздар болды. Олар бізді орау бөлмесіне емес керісінше бір қосалқы бөлмеге алып келіп, жарақаттарымызды тазалап, таңа бастады. Мені есеңгіреп тыныш тұрғандықтан болар ең соңынан қарады. Алдымен жарақатын ауырсынып, дауыстап мамалап, жылап тұрған қызды қарады. Сосон екі жігіттің жараларын таңып берді. Кезек маған келгенде менің басымды ораған шарфты шешкен кезде аққан қан мен жарамды көріп, қыздар шошып кетті. Біреуі жүгіріп барып дәрігерді шақыруға кетті. Біраз уақыттан кейін орта бойлы, толық денелі жасы егде тартқан, сол жердегі қыздардың айтуынша Мария Митрофановна деген медсестра келді. Ол кісі жай келмей, ұрсып келе жатты. Менің ұққаным бойынша неге есікті жауып алды? Кім ондай бұйрық берді? Сыртта қанша жарасынан қан сорғалаған адамдар тұр, деп ашуланып жүрді. Келіп менің жарамды көрген Мария Митрофановна «ой-ой-ойлап», «что же это делается а», «что же мне делать», «потерпи родной, потерпи», - деп менің жарамдыемдей бастады.

Мен бүгінгі кезде сол маған алғашқы дәрігерлік көмеккөрсеткен жастарды, санитарларды және Мария Митрофановнаны көргім және оларға өзімнің алғысымдыбілдіргім келеді. Алайда олардың ешқайсысын күні бүгінге дейінкездестіре алмай келемін. Артынан білдім сол ауруханаСейфуллин көшесіндегі Жедел медициналық көмек көрсетуауруханасы екен.

Біз жарамыз таңылып, есімізді жиған соң, сол жерден кетудіңамалын іздедік. Себебі бізден кейін де сол жолмен жаралыларбіртіндеп келе бастады. Ауруханаға жату туралы ойлау да мүмкінемес еді. Себебі біз онда жасырын жолмен кіріп, ем алып тұрмыз. Ешкім біздің аты жөнімізді сұраған да жоқ және біздің де айтқымыз келіп тұрғаны шамалы еді.

Содан біз бірге кірген үш жігіт бірге шығып кеттік. Маған қарағанда олардың жаралары жеңілдеу еді. Есімде қалғаны біреуі қолын мойнына асып алған болатын. Біз таныспадық та. Ауруханадан шыққан бойы тасалап қараңғыда жарық көшеге шықпай келе жатқанымызда үйлердің арасынан бір жигули маркалы автокөлігі шыға келді. Біз сасқанымыздан оның жолын бөгей кеттік. Сол кезде машина тоқтап біз тез арада оған отырып алдық. Жүргізуші бізден ересектеу азамат екен. Түріне қарасақ интелигентый киінген, орысша сөйлейтін қазақ жігіті еді. Біз ол адамды таксист екен деп, үйімізге апарып тастауын сұрадық. Ол жігіт бізді аяды ма әлде нағыз ұлттың патриоты ма білмедім, әйтеу еш қиналмастан, тек үлкендік ақылын айтып, «байқаңдар»деп үй үйімізге таратып тастады. Тіпті бізден жол ақы да алмады.

Мен бірден апайымның үйіне барудан бас тарттым. Біріншіден, басымның жарақатын, қан-жоса болған үстімді көрсе онсыз да жүрегі ауыратын апайым Сәуле шошып кетер деп қорықтым. Екіншіден, жездем ол кезде мемлкеттік БАҚ-а еңбек етеді. Соған зияным тиер деп қорықтым. Содан аэропорт жақта Уссуриская көшесінде тұратын кластасым әрі ағайындас туысым Рысхан Әкімтаеваның үйіне барайын деп шештім және сол автокөлікпен Рысханның үйіне келдім. Осымен менің қызыл кеңестің қандықол қырғынымен ойламаған жерде басталған «шайқасым» басталмай жатып аяқталды.

Рысханның жолдасы Жағыпар Қызылорда жақтың азаматы, аңқылдаған ақкөңіл, көзі ашық жігіт. Күні бүгінге дейін сол қалпынан айнымаған азамат. Менің күйімді көріп, шошып кеткен Рысхан мен Жағыпар екеуі бірден мені үйге кіргізіп, шешіндіріп, тамақ беріп, төсек салып жатқызып қойды. Ертесінде бір уколдар әкеліп салып, жарамды жаңалап таңып, сол жатқаннан мені бір апта үйде тығып, емдеді. Ертесінде Рысхан менің апайыма телефон шалып, оны тыныштандырып қойды. Кешінде апайым Сәуле жездем Марат екеуі келіп, халімді сұрап, тамақ, дәрі-дәрмек әкеліп беріп кетті. Бір аптадан кейін, Жағыпар маған Қапшағайдан Жанғыз төбе станциясына дейін поезға билет әкеліп беріп, мен үйге, яғни Зайсанға оралдым.

Сол кезде алған дене жарақатым бертіңге дейін менің мазамды алушы еді. Қазір толық жазылды ма әлде менің ағзам оған толық көндігіп кетті ме білмеймін. Әйтеу ауырғанын қойды. Ал сол қырғында алған менің жан жарақатым ауқын-ауқын есіме түскенде жүрегімді сыздатып, жан-дүниемді ауыртады. Әсіресе сол қырғында жастарға суық қару қолданып, қыздарымызды шашынан сүйреп, ұлдарымызды қан-жосасын шығарып сабап, оларды қуғындап, түрмеге қамап соттап, әлімжеттік көрсеткендердің ішінде Мәскеудің қол шоқпарына айналған өзіміздің қандастарымыздың да болғаны есіме түскенде кәдімгідей жан азабын тартып, қиналысқа ұшырайтын кездерім де болады. Неткен жетесіздік, неғылған әділетсіздік және қандай мүсәпірлік деп ойлаймын. Бүгінде Алла-тағаладан маған сондай ұрпақ бере көрме, деп тілеймін.

Уақыт бәрін емдейді дейді. Дегенмен біздің жарамыз әлі емделер емес. Себебі мен қазіргі кездің өзінде 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанын есіме алсам кәдімгідей бойымды үрей билеп, жаным түршігеді. Соққыға жығылып жатқан қыздар мен жігіттердің жарасын ауырсынған дауыстары, жан айқайы, милиционерлердің қатыгез қанталаған көздері, олардың боқтықтары, қолдарындағы қан-қан болған күректері мен қалқандары әлі күнге дейін көз алдымда. Оны ұмыту мүмкін емес. Сол қырғыннан қанша адам қыршынынан қиылып ажал құшты. Қаншасы өмірлік мүгедек болып қалды. Қаншасы сотты болып тағдырлары тәлкекке түсті. Алайда солардың сол жанкештілігі бүгінде дұрыс бағаланып отыр ма? Бүгінде неге жоғары мінбелерде осы тарихи жағдайды жәй оқиға деп атайды? Неге ол тарихи революциялық ұлт көтерілісі деп жарияланбайды? Әлем мойындаған көтеріліс, неге өзінің тарихи мекенінде саяси-құқықтық тұрғыда бағаланбайды? Неліктен осы Желтоқсан көтерілісіне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіліп, диссертациялар жазылмайды? Бұл шаралардың орындалуы кімнің мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін?

Уақытында Бүкілодақты, Әлемді дүр сілкіндіріп, он бес татулас елдердің тәуелсіздігіне қол жеткізуде, революциялық серпіліс күшіне ие болған, Әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдық мерейтойы жақындауда. Елімізге тәуелсіздіктің өз еркімен келмегені бүкіл әлемге аян. Ендеше сол тәуелсіздікке қол жеткізуде желтоқсанның ызғарлы аязы мен кеңес үкіметінің қанды қол саясатына қарсы шығып, халықтың һас батырлары атанған ұлдарымыз бен қыздарымызды ұлықтау баршамыздың ортақ мүддеміз деп түсінемін.

 Ә.О.Алмабаев,

Нұр-Сұлтан қаласы.

Пікірлер