«ҚХА туралы теріс пікір, жаңсақ ой қалыптаспаса екен» - Бекзат Алтынбеков

12271

Құшағы кең бауырмал қазақ халқы елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген өзге этнос өкілдеріне пана болып, адал ниетімен бауырына тартты. Мемлекет құрушы ұлт пен этностар арасындағы бірлік пен татулықты бір арнаға тоғыстырып, бір шаңырақ астында біріктірудің сара жолы - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру еді.

Аталмыш құрылымның бүгінгі күні қолға алып жатқан жобаларымен танысқысы келетін оқырмандарымыздың саны аз емес. Осы кезекте Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қарағанды облысы бойынша ҚХА төрағасының орынбасары, ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, меценат Бекзат Алтынбековке атқарып жатқан іс-шаралары жөнінде бірнеше сауал жолдап, көкейімізде жүрген сұрақтарға толымды жауап алған едік.

- Бекзат Қомарұлы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай? Аталмыш институт өз жұмысын лайықты деңгейде атқарып отыр ма?

- «Бірлік бар жерде – тірлік бар», - дейді дана халқымыз. Тірліктің сан қилы теперішін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған халқымыз осы сөздің астарына үлкен мағына сыйғызды. Халық бірлігі ғана мемлекеттің негізгі қозғаушы күші бола алатынын дөп басып айтты. Бірліктің рухани негізі мен елдің біртұтастығы, толерантты қарым-қатынас этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыруда азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылына, тиімді диалогына жағдай жасады. Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда тікелей Елбасының бастамасымен құрылған, әуелде Қазақстан халықтары Ассамблеясының аталған құрылымның рөлі зор болды. Мемлекетті құрушы қазақ ұлтының айналасына шоғырланған түрлі этнос өкілдері Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі. Оның 26 жылдық тарихы жетістікке жету жолындағы қиын да қауырт еңбек жолынан өрілді. Тарихтың осынау кезеңдегі парақтарында әр өңірдегі түрлі ұлттардың ғажайып үйлесімділігі, тату-тәтті тіршілігі, Тәуелсіз елімізді көркейтудегі ерен еңбегі жазылды. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 100 ден астам ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл да – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Естеріңізде болар, кешегі Кеңес дәуірінде «азшылық көпшілікке бағынады» деген сыңаржақ қағида болды. Мұның астарында көптің азға  көрсетер әлімжеттігі мен үстемдігі тұрғаны белгілі. Алайда, қазаққа бұның қажеті болған жоқ. Тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударған жүздеген ұлттың жүзін жарқын етуге тырыстық. Бұл біздің қанымызға сіңген дара қасиетіміз еді. Дей тұрғанмен, даралығымызды пұлдап, жат жұрттың баласына ұсынған дәміміз бен шығарған төрімізді құндаған кезіміз болған емес. Дәл осы кеңдігіміз келешегіміздің кемелдігіне негіз болды.

- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Достық үйлерін салтанатты жиындарды өткізу залдары ретінде емес, ҚХА-ның халық бастамаларының ресурстық орталықтары мен жобалық кеңселеріне айналдыру міндеттері жүктелді. Бұл бағытта облыстық Ассамблея жұмыстарының нәтижесі қандай?

- Халық арасында Ассамблея тек ұлттардың мәдениетін, әнін-биін дәріптейді деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Бұл әрине дұрыс емес. ҚХА бүгінде өзінің атқарып жатқан шаралармен қоғамдағы бүкіл өзгерістерге үлесін қосуда. Аймақта атқарылып жатқан барлық шарада біздің өз орнымыз бар. Мысалы, облысымыздың әрбір аудан қаласында және де ірі өндіріс орындарында 216 «Қоғамдық келісім кеңестері» құрылған. Келісім кеңестері өндірістегі жұмыскерлердің құқығын қорғайды, ондағы орын алған кикілжіңдерді шешуге көмектеседі, медиациямен айналысады. Медиация ұғымы халқымыз үшін жаңа термин болғанымен, кешегі билер институтының жалғасы іспетті. Достық үйіндегі медиация кабинеті ел арасындағы көптеген даулардың сотқа жетпей шешімін тауып, халықтың өзара бітімгершілікке баруына мұрындық болып отыр. Бүгінде мұндағы медиаторлардың қатысумен алты жүзден астам дау тиімді шешілген.

Мәмілеге келу, бітімге бару, сөзге тоқтау біздің қанымызда бар, ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс. Яғни медиация сөзі біз үшін қаншалықты таңсық болса, соншалықты жақын ұғым деп айтуға болады. Біздің облыс ассамблеясы білім басқармасымен, облыстық сотпен, полиция департаментімен медиация саласы бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Меморандум аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектептерде туындаған қандай да бір кикілжің мәселелердің шешімін табуға көмектесетін мектеп медиациясы бар. Сондай-ақ, мектептерге аналар кеңесінің өкілдерін, өңірдегі бетке ұстар, ақылымен, өнегесімен жол көрсетер, қоғамда өзіндік орны бар ақсақалдарымызды жібереміз.

Достық үйінде Нұр Отан партиясымен бірлесіп қазыналы қарияларға арналып ашылған Белсенді өмір орталығы, Тілдерді дамыту басқармасының "Ресурстық тіл орталығы", Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалы орналасқан. Облыс, республика, қала деңгейіндегі барлық ауқымды шаралар Достық үйінде өтеді. Жалпы, Достық үйі - азаматтық бастамалар орталығы десе де болады.

- Президенттің ҚХА-ға жүктеген міндеттерінің қатарында қалалар мен ауылдарда оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдарды еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу де бар. Осы тұрғыдан келгенде өңірдегі ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуын қалай бағалайсыз? 

- Этносаралық қатынастардың бірыңғай республикалық мониторингі аясында тоқсан сайын облыстың қалалары мен аудандарындағы этносаралық қатынастардың жай-күйін, толеранттылық пен этносаралық келісім деңгейін, халықтың жалпы азаматтық қарым-қатынасын зерделеу мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.

 

Қарағанды ​​облысының тұрғындары қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, олардың өміріне және оң әлеуметтік әл-ауқатына қанағаттанушылықтың жоғары деңгейін білдірді – 75%. Респонденттер елдегі ұлтаралық жағдайды «Тыныш» және «Қауіпсіз» – 80% деп бағалады. Этникалық құқықтардың сақталуына жүргізілген мониторинг облыста аса қауіпті, наразылық көңіл-күйлерінің жоқтығын көрсетті.

Қазақстанда ұлтаралық келісімді сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың 85 пайызы қолдайды. Жалпы, халық арасында ҚХА құрылымдарына деген сенімнің жоғары деңгейі және олардың қызметіне қоғамдық санада жеткілікті жоғары баға беру туралы айтуға болады.

- Соңғы жылдары ел ішінде бірнеше қақтығыстар орын алды. Қарағанды, Масаншы, Пенжім, Моловодное және тағы басқа. Халық этносаралық сипат бар дейді, кей сарапшылар да оған келіседі. Осыған орай өңірдегі этносаралық мәселелер қалай шешімін табуда? Бұл бойынша облыстық Ассамблеяның позициясы қандай? 

- Бізге Тәуелсіздік жанкештілікпен, бабалардың ұлы аманатымен, аналардың көз жасымен келген ұлы бақыт, ұзақ күткен күн. Азаттық – біздің басты қасиетіміз, тірегіміз! Сондықтан, осы күнде Тәуелсіздігімізге, елдігімізге, жерімізге, береке-бірлігімізге сұқтана қарайтын, қызғаныш танытатын адамдар аз емес.

«Біріңді, қазақ, бірің дос» деп, Хакім Абай айтқан асыл сөзден алыстамай, арандатушылар мен бізді жік-жікке бөлуге ниеті бар топтардан сақ болуымыз қажет. Жалпы біздің еліміздің ең басты ұстанымы – бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен ынтымақ. Бұл – қашан да ел ішіндегі берекені қалыптастыратын және ұстап тұратын аса маңызды құндылықтар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Ассамблеяның құрылғаны да осы мақсаттарға қол жеткізуге, ұстанымдарды ұлықтауға бағытталған. Ассамблеяның позициясы – қашан да достықты бағалау, ел арасындағы араздыққа араша болу, халықты ұйыстыру.

Қазіргі таңда отбасылық кикілжіңдерді, тұрмыстық ұрыс-керістерді және балалардың арасындағы келіспеушіліктерді ұлттық деңгейге көтеру көбейіп кетті. Ол – дұрыс емес деп есептеймін. Осындай жағдайлардан астар іздеу, оны этносаралық қақтығыс ретінде қоғамның ішіне дүмпу салу жақсылыққа әкелмейді. Біз – ұлы дала заңына бағынған, аталы сөзге тоқтаған ақылды халықпыз. Бабадан мирас болып сақталған осынау Ұлы дала – біздің ел, біздің жер! Оған ешкім шүбә келтірмесін. Осындай қақтығыстарда керісінше, ақыл айтар ақсақалдарды ортаға салып, екі әулеттің басын қосып берекеге шақыру маңыздырақ. Шаңырағымыздың шайқалмауы әрқайсымызды алаңдатуы тиіс. Осы орайда, «түймедейді – түйедей қылып» керек емес дер едім. Қазақ жеріне қоныстанған этнос өкілдеріне өзімізді сыйлатып, өзімізді үлгі етіп, татулықты ту етіп жайдарлы күн кешкенге не жетер!? Береке-бірлігіміз арта берсін деп тілеймін!

- Жыл сайын Ассамблеяға қыруар қаржы бөлінеді. Көпшілік ол қаржы негізсіз жұмсалады деген ойда. Шындығында облыстық Ассамблея қаржысы қайда және қалай жұмсалады? Достық үйінде биылғы жылы атқарылған шараларға қанша қаражат бөлінді және ол қалай игерілді?

- 2021 жылдың ағымдағы кезеңіне жоспарланған іс-шараларға 50 500 000 теңге 25 жобаға бөлінген. Оның ішінде: 76% немесе 19 жоба жүзеге асырылды (31 300 000 т.г), 6 жоба (16 250 000 тг.) жүзеге асырылуда. Облыс бойынша 2021 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы 1,5 мыңға жуық іс-шара өткізді, оның бір мыңы онлайн форматта өтіп, 100 мыңнан астам адам қамтылды.

3 тоқсан ішінде Қарағанды ​​қаласының Достық үйінде 10 мыңнан астам адамды қамтыған 150 іс-шара өткізілді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, жыл ішінде келесі бағыттар бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру, «Қоғамдық бірегейлікті қалыптастыру» республикалық жобасын жүзеге асыру, «Отбасы – жеке тұлғаның рухани-құндылықтар тәрбиесінің негізі» семинар-тренингтері, «Social trust» Әлеуметтік сала кәсіпкерлік мектебі, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» аймақтық жобасы, «Жаңғыру жолы» және т.б.

- Өзіңізді меценат ретінде жақсы танимыз. Осы тұста Қарағанды облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық шараларға тоқталып өтсеңіз, нәтижесі қалай?

- Облыстық Ассамблея аймақтағы әлеуметтік көмекке зәру тұрғындардың жағдайынан үнемі хабардар болып, кез келген уақытта қол ұшын беруге даяр. ҚХА жанынын құрылған қайырымгерлер мен меценаттар клубына бизнесте жүрген азаматтар кіреді. Этномәдени бірлестіктердің көптеген өкілдері қайырымды істерін жарияламай, ешкімге дабыра қылмай жасағанды құп көреді. Атымтай жомарт азаматтардың атсалысып, демеушілік көрсетуімен бірқатар ауылдарда мәдени-әлеуметтік нысандар жаңартылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға қомақты қолдау көрсетілді. «Мектепке жол», «Мейірім шуағы», «Қайырымдылық керуені» сынды жалпыхалықтық акциялар барысында да қарағандылық меценаттар көш бастап жүр. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Нұрлан Қалтаев, «ASYL ADAM» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Көңілбай Шөкенов, жекелеген  Вайнах, Джорджия, Кәріс, өзбек, әзірбайжан, түрік, тәжік, татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің өкілдерін құрметпен атар едім. Мысалы Гюлага Рзаев Майқұдықтағы дамуы тежелген балалар интернатын шефтікке алып, ай сайын сырт киім, кеңсе құралдары, тәттілерді үйіп апарады. Арыс, Мақтаарал оқиғаларында, пандемия кезінде қыруар көмек көрсетілді.

Жеке кәсіпкер ретінде менің өзім де Жезқазған-Ұлытау өңірінде біршама қайырымдылық акцияларын өткізіп, сауапты шараларға ұйытқы болып жүрмін. Мәселен, өзім құрылтайшы болып отырған мекеменің жас мамандарын тегін баспанамен қамтамасыз етіп, аз қамтылған отбасылардың балаларына қайраткер тұлғалар атындағы шәкіртақылармен ынталандырып, тіпті, үлгерімі жақсы студенттердің жылдық оқу ақысын 100 пайыз төлеп бердік. Өткен жылы Семей политехникалық колледжінің мерейтойына орай аталған колледжге ІТ сыныбын жабдықтап бердім. Жезқазған қаласында мүмкіндігі шектеулі Серік Ақбөкенді тұрақты жұмысқа қабылдап, лайықты айлық жалақы тағайындалды.

Тағы да Жезқазған қаласындағы №9, 13 мектептерге ойын алаңдарын сыйға тарттым. Көптеген жергілікті қаламгерлердің кітаптарының жарық көруіне тұрақты түрде демеушілік жасап, өнер-мәдениет қайраткерлеріне арнайы стипендиялар үлестіріп жүрмін. Өзімнің жеке иелігімдегі колледж жатақханасында аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тұрып жатыр. Республикалық «Мың бала» жобасының Ұлытау өңіріне сапарын толық қаржыландырдым. Тізбелей берсем, кеуде соғып мақтанып кеткендей болармын. Мұның барлығы –  менің арзан абырой үшін емес, еліміздің гүлденуіне үлесімді қосып, Қазақстан азаматтарының тең дәрежеде өмір сүруіне ықпал етсем деген перзенттік пейілмен жасап жүрген теңізге тамған тамшыдай ғана еңбегім.

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы теріс пікір, жаңсақ ой қалыптаспаса екен. Осы жазбаны жариялаудағы басты мақсатым да – осы. Атқарған ісімізді көпшілікпен бөлісіп, ҚХА төңірегінде жасалып жатқан игі істерді халық таныса екен, көңілге түйсе екен деген ниет біздікі. Елдегі саяси тұрақтылық пен кемел келісімнің кепілі болып отырған мәртебелі органның бет-беделі аласармаса екен!

...Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз. Кемсіткеніміз емес, толқулар мен терактіден көз ашпай отыр. «Кәрі құрлықты» қаржы дағдарысы жайлап, көп елдерде саяси тоқырау белең алып жатыр. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бұл – бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс. Біз – болашағы біртұтас елденбіз! Ортақ үйіміз – Қазақстан! Мұның барлығы – жалаң ұран емес,  әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялаған мақтаныш!

– Cұхбатыңызға рақмет. Халықтың сенімін арқалап жүрген еңбегіңіз табысты болсын!

Сұхбаттасқан: Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар