(Мерейсөз)
Сонау студент кезімізде сабақ үстінде бізге беймәлім тұлғалардың есімдерін атап, бәрімізді үнемі елеңдетіп отыратын бір ұстазымыз болды. Шынымызды айтсақ, мәселенің мән-жайын жөнді ұғынып жарытпаймыз. Бірақ тереңде жатқан қастерлі қазынаның кілтін көрсетіп тұрғанын сезінетін сияқтымыз. Ақталмақ түгілі, есімдерін еске алуға да тыйым салынған кезеңде Алаш арыстары және олардың жекелеген шығармалары туралы там-тұмдап мәлімет берген ардақты ағайымыздың аты-жөні Сейділда Ордалиев еді. Майталман әдебиеттанушы. Әдебиет тарихының білгірі. Ал енді білімі көл-көсір. Ешкімнен ықпайды, ең болмаса сыбырлап та сөйлемейді. Өр мінезімен, өктем даусымен, қалыпты ахуалды бұзып-жарып, әдебиет тарихының ақтаңдақтарын ақтары-е-е-еп отырады. Ол кезде басқа бірде-бір оқытушымыз бұл тақырыпқа төтелеп те, қиялап та барған емес. Парасатты профессорлар да, дүрдей доценттер де тек тиісті сабақтарын өткізгенді ғана білетін. Сөйтіп, интуициясы ғаламат, батылдығына кісі қызығатын, жүрек жұтқан Ордалиев сірескен сексенінші жылдарда-ақ ой-санамызды оята бастады.
Кейін сол ағайымыздың перзенті Жанат Сейділдақызымен қызметтес болдық. Оның нағыз асылдың сынығы екеніне талай рет көзіміз жетті. Жұртқа жақсылық жасаудан жалықпайды. Жан баласына жамандық ойламайды. Зиялының зиялысы. Ғибратты ғалым. Өрелі өнертанушы. Мәртебелі мемлекеттік қызметші. Қай шаруаны да шырқ үйіреді. Ең бастысы, адами қалпын сақтаған жан. Бұл қасиеттерінің оған біздің ұлағатты ұстазымыздан дарығанына дау жоқ.
Жұрттың бәрін жан жылуына бөлеп жүретін әйәй қыз бүгін әйбат жасқа толды. Құттықтаймыз, Жанат! Мерейіңіз үстем бола берсін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ