Күпі мен шекпен

1795
Adyrna.kz Telegram
Қазақ жырының қашаннан күпісі бар еді. Ол күпі қаншама ғасыр бойы қара өлеңнің жылуын сақтап келді. Абай атам айтқандай, арғы-бергі заманның бедерінде бұл күпіге оранған өлеңді құрап, жамап-жасқаған ақындар да болды. Сол Абай атамыз да, оның алдындағы арқалы жыр жүйрігі Дулат та қара өлеңнің күпісін жаңартты. Қайта тікті. Әдіптеді, зерледі. Күпісі жаңарған өлеңнің өзі де жасана бастады. Оған Мағжан ақын күмістен шолпы тақты, күндей күркіреген Қасым өлеңнің тамырына жаңа қан жіберіп, ұлт поэзиясының мінезін өзгертті. Ал Мұқағали күпісі бар, үкісі бар қара өлеңге шекпен жапты. Күпісін қымтанып, шекпен киген өлең ширыға түсті. Мұқағали жырға шекпен жауып қана қойған жоқ, қара өлеңнің тағы бір бұлағын ашты.
Мұқағали әлемі – тазалықтың әлемі. Таза болатын себебі, ол үнемі жүрегінің түбіндегі, көкірек кенішінің тұнығындағы ойды айтты. Оны көркем сөзбен кестелеп жеткізді. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай», – деп өзі айтқандай, оның өлеңінде ешқандай жалғандық болған жоқ. Сондықтан ол жаппай оқылды. Өзі халықтық һәм ұлттық тұлғаға айналды. Ол ақындықтың өлшемі болды. Мұқағали өлеңді жазған жоқ. Жыр бұлағы оның көкірек көзінен өзінен-өзі құйылып жатты. Керісінше, өлең Мұқағалидың есімін әдебиет тарихына алтын әріппен жазды. Санасы барлар Мұқағалидың сұрапыл жырын көріп, өлеңді өз еркімен қойды. Олар адамның ақын болып қалыптаспайтынын, керісінше ақын болып туатынын Мұқаңның болмысына қарап ұқты. Ал қара өлеңге бейімі бар жақсы ақындар оған қарап бой түзеді.
Мұқағали Мақатаев әлемі қазаққа қара өлеңнің құдіретін танытқандығымен қымбат. Әлемі бар ақын пәлегі бар жеміс секілді өркенін кең жаяды. Ол – қазақ өлеңінің бар мүмкіндігін пайдалана алған ғаламат жыр жүйрігі.
Бір кезде Мұқағали туралы арыз айтылса, қазір аңыз айтылып жатыр. Осы екеуінің арасындағы ақиқатты айқындай алсақ, сол Мұқағали әлемі болып шығады. Бұл – қазақ жырын, қазақ жанын, қазақ арын кірлетпей таза ұстау әлемі. Егер көзі ашық, көңілі ояу оқырман өзінің жанын жегідей жеген сауалдарға жауап іздеп, белгілі бір әдеби тұлғаның шығармаларына бас қоятын болса, ол өзіндік әлемі бар қабырғалы қаламгер болғаны. Мұқағали да сондай дәрежеге баяғыда жеткен ақын.
Абай.., Жұмекен.., Мұқағали.., Қадыр.., Мұхтар (Шаханов).., Жарасқан... Біздің студент кезімізде ең көп оқылған ақындар осылар еді. Мұхтар Шахановтың «Отырар трагедиясы» атты ұзақ поэмасын түгел жаттап алған жігіттер де болды. Ал енді Мұқағали екінің бірінің аузынан түспейтін. Оның өлеңдерін көп білетін студент өте беделді саналды. Аудиториялар мен жатақханаларда жұрт солардың аузына қарап отыратын. Тіпті «зооветтің» ұр да жық жігіттеріне дейін «Сол түні мен, Аққуға тұзақ құрып өлтіріп ем», – деп күйзеліп өлең оқып жүретін. Оны айтасыз, Киров атындағы зауыттың біреуге ұрынбаса тұра алмайтын жуан жұдырық жұмысшылары да ЖенПИ-дің жатақханасының жоғарғы қабатындағы терезелерге телміре қарап, «Әлі сен есімдесің, Аршалы сай», – деп емініп тұратын. Бұл бір бүкіл қоғам Мұқағали жырымен тыныстаған кезең еді. Ақын туралы күніге бір аңыз айтылады. Мұқаң бүйтіпті, Мұқаң сөйтіпті... Журфак пен филфакқа келген студенттер Мұқағали өлеңдерін білмейтініне кәдімгідей қысылатын. Сосын тездетіп, сол кемшіліктің орнын толтырғысы кеп, «Өмір-өзенге» сүңгитін.
«Өмір-өзен» сол тұстағы жастардың өмірлік оқулығындай еді. Қай студенттің де қолынан түспейтін. Жырға бейімі барлар өлең өруді осы кітапқа қарап үйренетін. Босбелбеу ақындар өлеңді бір жола қойып, ойлы оқырман болуға ұмтылатын. Шекпен жамылған Мұқағали өлеңі халтурщиктерді қазақ жырынан қамшысыз-ақ қуып шығатын. Өйткені сесі бар еді бұл шекпеннің. Қара өлеңнің күпіге сіңген киесі шекпеннің ішіне енген соң жан-жағына жылуын мол шашты. «Өмір-өзеннің» толқынымен арпалысып, тұңғиыққа батып кетпей, жыр-дариясының жағалауына аман-есен жеткендерінің бәрі де жақсы ақын болды. Олар бүгінде қазақ поэзияның керегесін кеңейтіп, шаңыраққа бір-бір уық болып шаншылып тұр.
«БАСЫНА БАРЫП ҚАЙТАЙЫН...»
Біз бірінші курсқа түскен жылы бір топ студент Мұқағалидың басына барып, тағзым еткенді жөн санадық. «Кеңсайға» барып, ақының қабірін көп іздедік. Ақыры таптық. Мұқаңның алып мүсіні «қыр басынан қала жаққа қарап тұр» екен. Жігіттер ақынның басында тұрып өлең оқыды. Әсерленді, шабыттанды. Кейін бәрі де қазақ әдебиетіне өзінің уығын қадады. Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов, Қайрат Әлімбеков, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсанбеков, Гүлбаһрам Жебесінова, тағы да бір-екі студент болды-ау деймін. Кейбірі қазір арамызда жоқ. Олардың есімдерінің танымал болуына Мұқағали жырларынан сусындауының ықпалы тигені айдан анық. Әсіресе, сол жылдардың өзінде кестелі жырымен ел-жұртты елеңдете бастаған Бауыржан Үсенов қатты әсерленді. Ол бейіт басынан қайтып келе жатып, бір шумақ өлең оқыды:
Сен өлеңде ғаламат кеңдік аштың,
Кеңдік аштың, қырық бес-ақ белді бастың.
Сол тентектік қалпыңмен қайран аға,
Жатырмысың шулатып жердің астын?!
Ал Мұқағали тектес сұрапыл ақын Светқали Нұржанов зираттан қайтқанда томаға тұйықтық танытып, үнсіз келе жатты. Ол да Бауыржан секілді Мұқағалиды ессіз жақсы көретін. Сірә, іштей арпалысқа түскен секілді. Қайрат Әлімбеков өзінің шабытты шағы туралы «Аспаным бұлтты, білмеймін, бір жауын бар ма? Өстуші еді жанымда жыр дауылдарда», – деп өлеңдетер еді. Тура сол. Қателесе қоймаппыз. Светқали көп уақыт өтпей-ақ, мынадай бір сипаты бөлек өлең жазды:
Көптен бері естімей сыңғырын жырдың,
Алматыға сия алмай шыңғырып жүрмін.
Қайда кеткен баяғы бұла дауысым,
Төмендеген бе, биіктен құламау үшін?
Түкірдім сенің басыңа, жұқана күйбің,
Басына барып қайтсам ба, Мұқағалидың?
Сұрар ол менен: «Туды, – деп, – қай бота дарын?»,
Әбубәкірін айтар ем, Байботаларын.
Түкіріп сенің басыңа жұқана күйбің,
Басына барып қайтайын, Мұқағалидың...
Бұл өзге әріптестеріміздің көгілдір көктем, жасыл жапырақ, жарқын жаз, сиқырлы сезім туралы лирикалық өлеңдер жазып жүрген кезі. Светқали мен Бауыржандар бірден парасатты поэзияның биігіне шықты. Өлеңнің ішкі рухани уызынан нәр алды. Айналадағы құбылыстарға терең үңілді. Оның жұртшылық байқай бермейтін қалтарыстарына зер салды. Одан түйген ойларын өзгеше өрнектей білді. Тек Светқали мен Бауыржан ғана емес сол тұстағы басқа ақындардың да өлеңінің өресі жоғары болды. Қайрат Әлімбеков, Мұратбек Оспанов, Нұрлан Әбдібеков, Қазыбек Иса, Бауыржан Жақып, Жәния Ералиева, Кәдірбек Құныпияев, Нүсіпбай Әбдірахым, Гүлбаһрам Жебесін, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, Елене Таңбаева, Амантай Шәріп, Әбубәкір Смайылов... Шетінен жүйрік шықты. Әсіресе, Әбубәкір Мұқағалидың өзінің ізімен «Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты — Әбубәкір Смайылов бар мұнда!», – деп жырлағанда бесінші жатақхананың түндігі желпілдеп кететін еді. Өйткені бұл буын Мұқағали мен Жұмекенді, Қадыр мен Мұхтарды, Жарасқан мен Кеңшілікті жата-жастана оқыды. Қысқасы, менің буынымды Мұқағали шыңдап шығарды.
Өз қатарластарымыздың өлеңдегі өзгеше қалам сілтеуін көрген соң Көктөбеге қоныс тепкен көп ақын өлеңді қойып кетті. Соның ішінде біз де бармыз. Көштің соңында салпақтап, шаң жұтып жүретін көңілсіз шайыр атанғаннан гөрі өлеңді зердесіне тоқи алатын ойлы оқырман болғанды жөн санадық. Сөйтіп, публицистика мен әдебиеттануға ат қостық. Сонымыз оңды болған сияқты.
Менде Мұқағалидың бірнеше кітабы бар. Әлдеқандай себеппен Амантай Шәріп қалдырып кеткен болуы керек, ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» деген алғашқы жұқалтаң жинағы да біздің үйде жүр. Үлкен ұлым үйленіп, Қарлығаш деген келін босағамды аттағанда жігіттер соны еске салып, бір күлген. Мұқаңның кітаптарының ішінен 1989 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» деген жинақты қолыма жиі ұстаймын. Неге екенін білмеймін, әйтеуір осы жинағын тәуір көрем.
Өз басым, Мұқағали Мақатаевтың жырларымен күндіз-түні жатпай-тұрмай сырласамын деп айта алмаймын. Оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Ара-тұра оқимын, үңілемін, қайталаймын. Керегімді іздеймін. Сырласқан деген сол шығар. Осыдан жиырма жыл бұрын Айжан деген жалғыз қызымнан айырылып қалдым. Жол апатына түсті. Мен үшін әлемдегі ең ақылды, ең әдемі қыз сол еді. Биыл жиырма алтыға толатын еді. Сондықтан әрине, «Жырлайды жүректі» оқи отырып, Мұқаң болып, өз Майгүлімді іздеймін, жоқтаймын... Өзіме тоқтау саламын. Тәубеме келемін. «Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып, Қыр басынан қала жаққа қарап тұр...» – жалғыз Мұқаңның ғана емес, оның оқырманы – менің де мұңым...
Қысқасы, Мұқағали жапқан шекпенмен қымтанып алған қара өлеңнің қызуын бәріміз де сезінеміз. Мұқаңның шекпені қазақ жырын өкпек желдің өтінде қалдырмайды, үсікке шалдырмайды.
АУЫРАСЫҢ МҰҚАҢМЕН, ЕМДЕЛЕСІҢ МҰҚАҢМЕН...
Мен көрген адамдардың ішіндегі Мұқағалимен ең қатты «ауырғаны» Ерлан Ібітанов. Ол – қазақтың атақты ақындарының бірі Еркін Ібітановтың ұлы. Мұқағалиды көп оқитын адамдарды талай рет жолықтырдым. Бірақ ақынды дәл Ерландай жақсы көретін адамды мен әлі кездестірген емеспін. Бәлкім, сол топырақта өсіп, жас күнінен ақын жырымен тыныстап өскендікі шығар. Мүмкін, Мұқағалиды жанындай жақсы көрген ақын әкенің ықпалы болар. Кез-келген өлеңін жатқа оқиды. Кез-келген жерінен сұрасаң, іліп әкетеді. Іркілмейді. Сен тыңдаудан шаршағанша тоқтамайды. Бір қарағанда ұяң көрінетін қағілез сары жігіт өлеңді оқи бастағаннан-ақ арыстанша айбаттанып кетеді. Мұқағали – Ерлан зердесінің тұңғиығындағы таусылмайтын бұлақ. Ол – Ерланның таңды таңға ұрып жырлайтын, өмірі бітпейтін «Манасы». Қауіпсіздік қорғау органдарында қызмет істейтін Ерланды ілгеріде жұқалтаң лейтенат кезінде көргем. Қазір шені де, шекпені де өскен шығар. Толысып-толған болар. Бәлкім, полковник, бәлкім подполковник... Өйткені жырға құмар жігіттің шыңға құмар болмауы мүмкін емес. Бірақ қанша жерден оқалы киім кисе де, оны Мұқағалиды беріліп тұрып жатқа оқитын баяғы дағдысынан арыла қойды деп ойламаймын.
Менің әр жылдарда жақын араласқан Ербол және Тілеужан деген жолдастарым бар. Екеуі де көсіліп өлең жазбағанымен жыр десе жымың-жымың ете қалатын ақынжанды жігіттер. Біреуі – тарихшы, біреуі – филолог. Сол екеуі де Мұқағалиды беріліп оқиды. Жанымен берілгені соншалық, балаларына Мұқағали деп ат қойды. Жас Мұқаштардың екеуі де ақын болмады, азамат болды. Мен мұны тек әлгі жолдастарымның Мұқағали жырларымен «ауырғандығының» мысалы ретінде айтып отырмын.
Мұқағалимен «ауырудың» себебі де – өлең. Ол дерттен айығудың дауасы да – өлең. «Ауыратын жүрек те, бауыр да емес, Қызыл ала қан болған жаным екен», – деп ақынның өзі айтқандай, олардың дертке тәні емес, жаны бой алдырады. «Күні бойы аралап бөлмелерді, Сырқаттарды емдеймін жырымменен», – деп тағы да Мұқаң айтқандай, ақынның жырымен сусындап, кеселінен айығады. «Ермек те көп, ем де көп, Біреу ине, біреу сөзбен емдемек», – деп Жұмекен де жырлаған ғой. Сол секілді Мұқағалимен «ауырғандар» өте көп. Ал Мұқағалимен емделгендер одан да көп дер едім.
Мұқағали өлеңдерінде ұлттық ұстын болды. Қазақ аулының, қазақ жұртының суреті болды. Ол бүкіл ұлттың ішкі иірімдерін қозғай білді. Елдің жан-дүниесімен үндестік тапты. Оның өлеңінен әрбір адам өзінің болмысын, іздегенін таба алады. Мұқағали – өмірді де, өлеңді де шексіз жақсы көрген адам. Сондықтан қазақ оның айналасына топтасты. Ол рухани бағдаршы бола білді. Күллі ұлт болып ардақтайтын, талассыз мойындалған тұлғаға айналғанына дау жоқ.
Көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза Әли жұрт жаппай оқыған «Иірім» атты естелік кітабында былай дейді: «Немесе Мұқағалидың ақ қайың туралы өлеңін еске түсірейік:
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?!
Не құдірет барын білмеймін, осы өлеңді өлердей жақсы көрем! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады, әрине! Бірақ соның бәрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда жай сөз болып қана шығады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын түсіресің. Тіпті обалына қаласың!
Қапысыз сөйлесіп, қалтарыссыз сырласып, татаусыз тіршілік кешіп жүргенде менің бір байқағаным – Мұқағали да менің көптеген дүниемді ұнататын. Сөйте тұра сүйсінуміз бір болғанмен, түйсінуіміз әрқилы болатын. Қателессем, Құдай өзі кешірер, оны пенделік жеңіп кете беретін-ді». Заманы бір, әдеби әлемі бір Қадыр аға одан әрі Мұқаңның өмірдегі болмысы туралы өз көзқарасын да айтады. Бірақ бәрібір «Иірімде» Мұқағалидың қазақтың ғаламат ақыны ретіндегі шынайы бейнесі жасалған. Екеуі де ұлттың ұлағатты тұлғалары. Тұлғалар тұлғаларды бедерлей де алады, безбендей де алады. Мәселе Мұқағали Мақатаевтың кейінгі ұрпақ үшін ұлттық тұлғаға айналғандығында болып отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай ұғым бүгінде толық қалыптасты деп білемін.
МҰҚАҒАЛИ МЕН ЗЕЙНОЛЛА 
Ақынның Зейнолла Шүкіровке арнаған өлеңі бар. Бұл бір өте қызық тақырып. Мен Зейнолла аға туған Бөген аулынан небәрі отыз-ақ шақырым жердегі Қаратерең деген ауылда туып-өстім. Сондықтан жас күнімізден ол кісі туралы мәліметке біршама қанықпыз. «Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүрген кезімде Қызылордаға барып, «Көзкөрген» бағдарламасы бойынша Зейнолла Шүкіров туралы хабар әзірледім. Бұл хабарды дайындауға Зекеңнің ұлы есебінде тәрбиеленген інісі Алпысбай көмектесті. Зекеңнің сегіз жасында түйеден құлап, мертіккен жерін көрдім. Ақынның мұрасын ұқыптылықпен сақтап, жариялаумен айналысып келе жатқан Алпысбайдың қолында деректер жеткілікті екен. Мұқағали мен Зейнолланың қарым-қатынасы өте жақсы болған. Бірін-бірі қатты қадірлеген. Ара-тұра хат алысып тұрған көрінеді. Алпысбайдың архивінде Мұқағалидың Зекеңе жазған екі хаты сақтаулы. Мұқағали 1963 жылы Қызылорда облысына келіпті. Сол сапарында Қазалы ауданында да болған сияқты. Себебі ақынның жұртқа белгілі «Қазалы желі» деген өлеңі бар.
Мен бірде Алматыда сол Қазалы ауданынан шыққан бір полковник қартпен кездестім. Ол былай деді: «Ілгеріде біздің ауданға Мұқағали мен Жағда Бабалықов бірге келді. Мектептің жай ғана мұғалімі едім. Оларға қызмет қылып жүрген маған Жағда Бабалықов: «Айналайын, мен сияқты полковник бол!», – деп бата берді. Мен іштей: «Мына кісінің батасы қызық екен. Әскерге мүлде қатысым жоқ мен қалайша полковник боламын? Одан да «Завуч бол, қалқам!» деп неге айтпайды?», – деп ойладым. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, ұзамай әртүрлі себеппен ішкі істер саласына болмашы ғана қызметке ауысып кеттім. Сөйтіп, сонда өсіп-жетіліп, енді міне арада қырық жыл уақыт өткенде шынымен де полковник болып отырмын!». Қайран, Мұқаңа серік болған Жағда көкем! Сөзінің дуасы болып тұр ғой. Мұқағалидың Қазалыда болуына қатысты естіген әңгімем осы.
Зекең туралы хабар түсіру барысында Қызылорда қаласындағы Мұқағали түскен үйді де көрдім. Төлебаев көшесіндегі екі бөлмелі шағын пәтер. Әрине, Шүкіровтер ол үйден баяғыда көшіп кеткен. Тек ол пәтер бағдарламаға пайдалану үшін, яғни, журналист ретінде кадрде тұрып: «Мына үйде орналасқан Зейнолла Шүкіровтің пәтеріне Мұқағали келген», – деп түсіндіре сөйлеп, елге көрсету үшін керек болды.
Мына бір хат назар аудартпай қоймайды. «Жұлдыз» журналының алпысыншы жылдардағы бланкасына жазылған хатта: «Зейнолла! Тірлігіңе тілектеспін. Мәңгілік өмір сүрмесең, басымды кесіп берейін. Жібергеніңнің барлығын сол қалпында ұсындым. Бара жатыр. Жаңалық айтып, хат жаз. Мұнда... да жоқ. Бәрі баяғыдай. Мұқағали», – деп жазылған. Мұқаңның бұл хатынан Зекеңе деген жанашырлығы, оның шығармашылығын ерекше бағалайтындығы көрінеді.
Ал Мұқағалидың Зекеңе жазған екінші хаты тіпті қызық. Хат «Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді... Үй ішім, әсіресе әйелім суық қарсы алды оны (Тоқаштың біздің үйге істеген тентектігі жоқ, сірә ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ты) 1948 жылдан білемін», – деп басталады. Ақын әрі қарай отбасының оны неге салқын қарсы алғанының себебін түсіндіреді. «Оны суық қарсы алды. Үй-ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап... келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем, зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің...».
Осы сәт Мұқағалидың есіне Зейнолла Шүкіров неге түсті екен деген ой келеді. Бәлкім, алдындағыны бұзып-жарып жүретін тентек мінезді Тоқашты көріп, төсекке таңылып жатқан періште көңіл Зейнолла көз алдына елестеді ме екен?! Асау арғымақ пен тұсаулы тұлпарды салыстыра отырып ой толғады ма, кім біледі? Әйтпесе, оған жазып отырған хатында үйіне Тоқаштың келгенін айтып несі бар? Мұқаң одан әрі Зекеңе былайша сырын ақтарады:
«Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі – баяғы сенімсіздік (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой...). Екінші себеп, прозаларыңды әлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал өлеңге деген пікірің әлгіндей болғаннан кейін тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар («Қазақ әдебиетінде») жарияланған мақалаға да ұйымадым. Сол үшін жым болдым. Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық». Осыдан-ақ Мұқағалидың жалған сөйлей алмайтын шынайылығы айқын көрініп тұр. Ойындағысын лақ еткізіп ақтара салады.
Тағдырмен тайталасқан талантты тұлға Зейнолла Шүкіров туралы жазылған шығармалардың ішінен үш туындыны бөліп алуға болар еді. Оның біріншісі – қазақ әдебиетінің алыбы Асқар Тоқмағамбетовтың «Жаралы жолбарыс» атты дастаны. Екіншісі – көрнекті ақынымыз Мұзафар Әлімбаевтың ақынның елу жылдығына арнап жазған «Құрыш қазақ» атты поэмасы. Үшіншісі – Мұқағалидың «Тағдырлардың тағдыры» деп аталатын өлеңі.
Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Қайғы емес, қаталдық қабақта тұр ашылып.
Тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның,
Жалынады кете алмай, аяғына бас ұрып,
Тағдыр дейтін сүмелек шыр айналып кетпейді,
Ол қабағын шытынса, есік жаққа беттейді,
Табанында тағдырға ызғарменен қарайды,
Қарайды да аяйды, аяйды да теппейді.
Зекең туралы талай айтылған, сан рет жазылған естеліктердің мазмұны осы төрт шумақ өлеңге толық сыйып кетеді. Алланың салған сынағына бас ұрып, өз тағдырын өзі билеуге ұмтылған қайсар жанның өмірге құштарлығын, тынымсыз күресін Мұқағали басқаша көзбен көре алды. Мұқағали ғана байқай алатын биіктен зер салсақ, Зейноллаға талай жыл сес көрсеткен тағдыр одан әлдеқашан жеңіліп тынған. Өйткені, ақынның өзі тағдырға айналған. «Тағдырлардың тағдыры» – Зейноллаға ғана лайық, лайық болған күннің өзінде Мұқағали ғана зерлей алатын ерекше ұғым. Оның өзі де тағдырмен талай рет арпалысқа түсіп көрген ақын. Сондықтан ол Зекеңді тағдырдан теперіш көрген адам емес, керісінше, тағдырды ақыннан қудалау көргендей етіп бейнелейді. Өмір-өлеңнің призмасына кері ракурспен қарау арқылы өзгеше образ жасайды.
Дәл төріне қондырып, өмір дейтін жолдасын,
Екеу ара қақ бөлді, байлық, бақыт, олжасын.
Қарамайды, қайтсін ол оңай-оспақ тағдырды,
Тағдырлардың тағдыры – өзі тағдыр болғасын.
Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Атылады аспанға ақ көбігі шашылып.
Қателігін кеш ұққан тағдыр дейтін қайыршы,
Жүгіріп жүр жағада сауға сұрап, бас ұрып...
Ал енді Мұқағалидың Зекеңе арналған осы өлеңі көпшілікке жақсы таныс болғанымен Зейнолла Шүкіровтің «Мұқағалиға жауап» деген өлеңін жұрттың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Ол бұл өлеңі арқылы өзі ақындықтың сұлтаны деп бағалайтын Мұқағалимен поэзияның тазалығы жөнінде ашылып сырласқысы келген сияқты. Айналасындағы ақындардың өлең өріміне, тақырып таңдауына көңілі толмайды. Әріптестерінің ізденбейтіндігіне, бірсыдырғы сүрлеуден шықпайтындығына күйзеледі. Олардың жырларында жалт еткен жаңалықтың жоқтығына налиды. Шөп те өлең, шөңге де өлең болғанына қиналады. Қайран поэзияның күйкі тірліктің көлеңкесінде қалып бара жатқанына жаны шыдамайды. Құдіретті музаның қарадүрсіндікке айналған көңілсіздеу көріністерін тізбелеп термелейді. Осынау өзгешелеу өлеңін саналы түрде жалғыз ғана ұйқаспен өреді.
Бір осал жоқ бұл күнде кіл дүр ақын,
Белден басып бунақты сындыратын.
Темір-терсек, тау-тасты жыр қылатын,
«Тауып айтып» төрт жолмен тындыратын,
Өмір жайлы ойдан ой тудыратын...
...Бос мақалдап, жел сөзді сылдырату...
Қайран жігіт, қажыған шалдан бетер,
Ойлар... ойлар... әйтеуір бұлдырату...
Бұл – жігіттер өлеңді құлдырату!
Бұл – оның Мұқағалиға ағынан жарылуы. Өзінің тек тағдырмен ғана емес, өлең өлкесіндегі жалғандықпен де күресіп жүргенін түсіндіргені. Ол үшін Мұқағали поэзияның құндылығы жөнінде шағынатын өрелі өлшемге айналып отыр. Зекең оған жыр ауылының ахуалын баяндайды, өзінің көзқарасын танытады. Мұқағалидан төрелік күтетін тәрізді.
* * *
Сөйтіп, Мұқағалидың жапқан шекпені қазақ өлеңіне құт болды. Ол қазақ жырының киесі сіңген күпісіне де, басындағы үкісіне де тиіспей, жаңа үлгідегі шекпенмен ғана қымтаған екен. Сол шекпен бүгінде бүкіл ұлт поэзиясына жылу беріп тұр.
Бауыржан Омарұлы
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Диалог бабушки и внучки! Такое видео вызывает смех сквозь слезы…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У мужчин челюсти отвалились, когда они увидели ее страстный танец
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Пікірлер