Бәйтерек пен бұтақ

1186
Adyrna.kz Telegram
Фото авторы: Шүкір Шахай
Фото авторы: Шүкір Шахай

Талғат, бүгін мына бір суретті тауып алдық. Құдай біледі, бұл фото сенің өзіңде де жоқ шығар. Әдебиет әлемінің әміршісі һәм тамыршысы Әбіш ағаның – көркемсөздің көсемі, келісті Кекілбаевтың қасында тұрсың.

Ол – жігіт ағасы. Ал сен – жап-жассың. Әлеуетті Әбіш аға баяғыда Әйтеке би туралы әйгілі мақаласында «туған жері – белгісіз...», «қайтқан жері – белгісіз...», «жатқан жері – белгісіз...» деп толғап еді. Сол сияқты бұл суреттің қашан түсірілгені, қайда түсірілгені, қалай түсірілгені белгісіз. Фототілші шамамен қай ғасыр екенін жобалайды. Бірақ нақты фактілері жадында жоқ. Қазір қапелімде кластасыңның есімі есіңе түспей қалса да ковидтен көретін болдық қой. Шүкір ағаң да бұл суретті әрі қарап, бері қарап, сыр тарта алмай қойғанын сол пәлекеттің әсері шығар деп отыр. Яғни, ковидтің аузы жесе де – қан, жемесе де – қан... Ең болмаса, өзіңнің есіңде болар.

Бұл, сірә, Әбіш ағаның елуден асып, алпысқа қарай адымдаған кезі-ау деймін. Ойбай, елу демекші, бүгін сен де елуге келіпсің. Жастау кезімізде елуге жеткендер өте егде көрінетін. Содан болса керек, бүгінде жетпіске жақындап қалған ақын ағаң Ертай Ашықбаев елуге енді ғана табан іліктірген тұсында мынадай өлең жазды:

Елу деген... көктемнің кеш келгені сияқты,
Мынау дүние сені де ескергені сияқты.

Терезеңді шал-кемпір түртіп тұрған сияқты,
Танымайтын торғайлар үркіп тұрған сияқты.

Елу деген... костюмнің жуылғаны сияқты,
Әйелдердің майсыз ет қуырғаны сияқты.

Газеттердің көнелеу мақаласы сияқты,
Алпыс пенен жетпістің аталасы сияқты.

Думаныңды ұлдарың тартып алған сияқты,
Кеседегі көк шәйің жартыланған сияқты...

Ерекеңнің неге осынша торыққанын кім білсін, бүгінде ол елу мен бұл елудің арасы жер мен көктей. Бір мақаламызда жазғанымыздай, «Ал қазір... қырық – баланың, елу – даланың, алпыс – ағаның жасына айналып, бұл белеске жеткендер өздерін соншалықты егде сезінбейтін болды. Алпысты айтасың, жетпісің – жігерлі, сексенің – сергек, тоқсаның – тың... Тіпті жарықтық Жамбыл атамнан басқа жұрт жанына жақындап көрмеген жүзіңнің өзі әудем жерде тұр. Бәлкім, заман жақсарды, бәлкім, өңкей шуылдақ жабылып жүріп, дүниенің дөңгелегін зырылдатыңқырап жібердік...»

Сенің елуің де – елеулі елу! Ерке елу. Елгезек елу. Епті елу. Еті тірі елу. «Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген» елу! Елуің елу-ақ! Елуге жақсы келдің, Талғат! Құтты болсын!

* * *

Сонымен, Әбіш аға екеуің... Бәйтерек пен бұтақ. Шынар мен шыбық. Аға мен іні. Әке мен бала. Хас талант пен жас талант. Маңдай мен таңдай. Әбіш ағаңның бағын берсін! Дарыны дарысын. Қабілеті қонсын! Сөзі сіңсін... Бәлкім, келешекте Мұхтар Мағауин ағамыздың «Әбіш екеуміз» деп естелік жазғаны секілді сен де «Әбіш аға екеуміз» деп тереңнен толғарсың...

 

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер