Ақиық Ақыт ақын

1464
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінде, сондай-ақ басқа да бауырлас елдердің сөз өнерінде елеулі орын алған, жиырмасыншы ғасыр басында Мұхтар Әуезов теориялық негіздемесін  жасаған зар заман ағымының бірқатар белгілерін Қытай мен Моңғолияға кең танымал ақын – Ақыт Үлімжіұлының өлеңдерінен де көреміз.

Сырт жұртта туған жыр жүйрігінің шығармаларында зар заман поэзиясының көптеген нұсқалары бар деуге болады. Елдің әр түкпірінде ғұмыр кешкен біздің ақындарымызға тән заманды сезіну ортақтығы Ақытқа да барынша ықпал еткен. Өзі де тағдырдың талауына түсіп, талай қиындық көрген шайыр дәуір ахуалын зар заман жыршыларының үлгісімен шынайы бейнелейді. Ақыттың бірқатар ой-тұжырымдары Дулат Бабайтайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан сынды ақындардың сөз саптауын ойға оралтады.

Шетелдегі қандастарымыздың қайғы-қасіреті мен мұң-шерін ол Шортанбайдың үлгісімен «Ей, зар заман, зар заман, Зарланып өткен тар заман», «Замана келді қырланып, Борандай соғып, сұрланып» деп жеткізеді. Ақыттың «Зар заман» деп аталатын көлемді толғауында өз кезеңінің нақты сипаттамасы көрініс тапқан. Бұл оны белгілі әдеби ағымның айтулы өкілдеріне мейлінше жақындастыра түседі.

Ақыт жырлаған заман – елге жайсыз тиген, адами қасиеттер кеміп, қастерлі құндылықтар арзандаған заман. Сондықтан ол қазақ жұртындағы қандастарының елге арнаған ой-толғауларының өзегіндегі идеялардан алшақтай қоймайтын өз ұстанымын алға тартты:

Заманның жайын мен айтсам,

Патшаның кетті қуаты.

Бидің ылай суаты,

Жақсының тозды мұраты,

Пенденің кетті ұяты,

Байдан қайыр жоғалып,

Жат болып кетті жұраты.

Зар заман ақындары үнемі Асан Қайғы болжамдарын еске салып отырады десек, мұның мысалдарын Ақыттың өлең-толғауларынан да көптеп табамыз. Мұрат ақын «Заманның болар тәрізін, Асан Қайғы әулие, Көзі көрмей байқады» десе, Ақыт дәл сондай айна-қатесіз үлгіге салып, «Айтып кеткен әр сөзді, Асан Қайғы әулие» деп тұжырымдайды. Зар заманның соңғы ақындарының бірі Албан Асан «Замана жылдан-жылға түрлі болды, Күн болды қарағай басын шортан шалған» деп нақтыласа, Ақыт Үлімжіұлы Асан Қайғының толғамын былайша ұғындырады: «Неше түрлі қырланған, Заман болар деп еді. Қарағай басын қайырып, Шортан шалар деп еді». Ақыт ақын болжал өлеңнің бастауы саналатын Асан Қайғыға ғана жүгінбей, оның ой орамдарын келешекке көріпкелдік айтқан Мөңке би толғауларымен де сабақтастырады:

Бұзылған заман белгісі,

Су тартылар деп еді,

Су ішінде балықтар

Қырға шығар деп еді.

Ақыт ақын шығармашылығында дәстүрлі зар заман поэзиясының өлең-өрнектері көптеп ұшырасады. Дәуірдің сыры мен сипатына үңілу («Құлақ салсын, жарандар, Заманның сырын қозғашы»), қиын кезеңнің адамға әсерін таныту («Тар заманның ғарыбы, Әңгімені көп айтар»), бағзы түсінігіміздегі бай бейнесінің құнсызданғанын көрсету («Зар заманның тұсында, Бай кедейді көрмеді»), ұл-қыз тәрбиесінің қадірі кеткенін аңғару («Сыйламаса ұл әкесін, Тыңдамай қыз шешесін») сарындары оның біз атаған ақындармен мұраттас әрі мақсаттас екенін айғақтайды.

Ақыт ақынның «Зар заман запы қылған жан, Ат майын сұрап міне алмас» деген оралымы Дулат Бабайтайұлының «Қазақ кез мойын атқа міне алмас, Кең шалбарды кие алмас» деген  тіркесін еске түсіреді. Ал «Заманың обыр болған соң, Ауыз бірлік, іс бірлік, Ұя табар жан қайда?» деп толғауы Әбубәкір Кердерінің «Замана бұзық болған соң, Не жақсының басынан Қорлықпенен күн озды» деген күйінішін санаңа жеткізеді. Сондай-ақ Ақыт пен Әбубәкірдің толғамын тоғыстыратын тағы бір тіркес назар аудартпай қоймайды. Әбубәкірдің «Замана деген – желмая» тұжырымы Ақыт жырында «Зарлаған заман келіп тұр, Желмаядай желгісі» деп жаңғырады.

Зар заманның сипатын ақырзамандық сарындармен байланыстыру жағынан да Ақыт Үлімжіұлы қазақ топырағында туған зар заман жыршыларымен толық үндестік байқатады. Ол бастан кешкен ахуалды ақырзаманға телу («Мұның өзі білгенге, Заманақыр болғаны»), оның белгілерін санамалап жырлау («Тағы айтайын, жарандар, Ақырзаман белгісін»), заманақыр ұғымындағы би мен молданың азғындауын сипаттау («Әуелі би мен молдалар, Жамандыққа бас болар») тұрғысынан да зар заман ағымының бағытынан ауытқи қоймайды.

Ақыт ақын, негізінен, Алтайдан ауған ағайынның тағдырын жырлады. Сондықтан да оның өлең-толғаулары қоныстан көшкен қазақтың хал-ахуалымен үйлес болды. Ол өз кезеңінің жай-күйін былайша өрнектеді:

Зар заманның тұсында,

Ел іргесі сөгілді.

Алтайдай асыл мекеннен,

Ауып кетті ел не қилы [59, 56].

Ақындық қабілет-қарымы мол Ақыт Үлімжіұлының осы тақілеттес толғаулары зар заманның дәстүрлі сарындары аясында қалып қоймайды. Ол дәуірді сипаттау жағынан ерекшелік танытып, өзгеше ой түзеді. Қилы кезеңнің қалтарыстарына басқаша қырынан үңіледі. Заманына сай адамның тек-тұрпатын аңғартады, оның мінез-құлқын түрлі образ арқылы көркемдеп кестелейді. Ақыт – өз кейіпкерінің сыртқы келбетін де, ішкі әлемін де қапысыз кейіптеудің шебері. Сол себепті ол азған заман адамының болмыс-бітімін былайша бейнеледі:

Айта берсең таусылмас,

Азған заман үлгісін.

Нысабы жоқ кей адам

Тия алмайды күлкісін.

Сұрасаң өзі білмейді,

Күлкісінің түр-түсін.

Ақыттың «Зар заман» атты толғауындағы «Заманның кетті кетеуі, Сегіздің солып жетеуі» деген тосындау тіркес дәуірдің регрессивтік сипатын аңғартады. Жалпы, Асан Қайғы толғауларынан нәр алып, оның болжалдық ұстанымдарын тиянақтап тәпсірлеген ақынның көзқарасы елдің («Қонысынан кетсе бай адам, Береке кетіп мал азар»), ердің («Байы жаман жер азар, Жары жаман ер азар»), жердің («Шөбі кеткен жер азар, Қайыры жоқ бай азар») құны түскенін айтқан жырларынан да айқын сезіледі.

Мұның бәрі ақиық ақын Ақыт Үлімжіұлының Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Асан ақындармен рухтас екеніне дәлел бола алады. Дегенмен, оның шығармашылығы арнайы қарастыруға тұрарлық бөлек тақырып екенін айтуға тиіспіз.

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер