Елімізде әскери қоймалар қанша рет жарылған?

3358
Adyrna.kz Telegram

Бейбіт күнде болған жарылыс салдарынан 15 азаматымыз қаза тауып, 98 адам жарақат алды.

2021 жылдың 26 тамызында сағат 19:10-да Байзақ ауданы Қайнар ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің No28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ-дәрі қоймасы жанды. Әскери қойма 250 тұрғыны бар Қайнар ауылы 1 шақырымға жетпейтін қашықтықта орналасқан.

Салдарынан апат болған жердің маңындағы барлық жол, соның ішінде теміржол уақытша жабылды. Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды.

Өрт орнына Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдары жоғарғы шақыру нөмірі бойынша 34 бірлік автотехника және 114 адам жіберілді, 15 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Өкінішке қарай, 49 өрт сөндіру қызметкері түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.

Бұл оқиғаға қатысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, әскери қоймада жарылған оқ-дәрілер  2 жыл бұрын Арыс әкелінген екен.

Қайғылы жайтқа байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады»,  - деп жазды.

Қазіргі уақытта аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік дәл осындай оқиға 2 жыл бұрын Арыс қаласында да қайталанған еді...

АРЫСТАҒЫ ӘСКЕРИ ҚОЙМАНЫҢ ЖАРЫЛЫСЫНА НЕШЕ АДАМ СОТТАЛДЫ? 

1 жылға созылған сот процесінен кейін,  "Жарылыс қаупi бар нысандарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" (281-бап), "Немқұрайлық" (371-бап) баптары бойынша 16 адамның 12-іне 4-10 жыл аралығында түрме жазасын берді, 4-і шартты түрде сотталды. Шартты жаза мерзімі 4 пен 7 жыл аралығы.  Олардың 15-і – әскери қызметкер болса, біреуі – кәсіпкер. Сотқа жеткен құжаттарда өртенген оқ-дәрілердің құны 1 миллиард 100 миллион теңге (2 млн 600 мың доллар) деп есептелген.

2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан 4 адам қаза тапқан. Олардың 2-уі – әскери, 1-уі – бейбіт тұрғын, ал " бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды.

Жарылыс болған күні қаладағы үйлердің 85%-ы зақымдалып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланды.

Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

Жайсыз оқиғадан соң, "Арыс қаласын қалпына келтіру үшін, 34,5 млрд теңге қажет деген болжам айтылған еді"

АРЫС ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН ҚАНДАЙ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ?

- 2019 жылы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласы маңынан 28 мың тонна оқ-дәріні өзге жерге көшіретінін айтты.

- Президент Қасым-Ж­о­март Тоқаев Қорғаныс министр­лігі жарылысқа жол бергені үшін Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

- Арыстағы жарылыстан кейін еліміздің барлық аймақтарындағы 44 әскери қоймаға тексеру жүргізіліп, 2023 жылға дейін оқ-дәріні сақтау бойынша кешенді жоспар құрылды.

- 2020 жыл. 15 қаңтар. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинның ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында айтқан сөзі: "Бізде маусым айында Арыс оқиғасы болды. Сіздер, нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде болсын, қажетті іс-шараларды осы уақытқа дейін әлі де істемегенсіздер. Тағы бір Арыс оқиғасын күтіп жүрсіздер ме? Сіздерде екі категория бойынша ереже бар, бірі – тыйым салынған аймақтар, екіншісі – аудандар. Тыйым салынған аймақтар бойынша 400 метрге дейін, тыйым салынған аудандар бойынша 3 километрге дейін ешқандай объект болмауы тиіс. Алайда бұл ережелер мүлдем сақталмайды. Елімізде 58 оқ-дәрі сақтау объектісі болса, соның 18-інінің айналасында түрлі объектілер бар екен. Олардың көбі өндірістік нысандар, тұрғын үйлер, жол және энергетикалық инфрақұрылым. Басқа сөзбен айтқанда, ереже бар да, ал бақылау тетіктері орнатылмаған".

ЕЛІМІЗДЕ ӘСКЕРИ ҚОЙМАЛАР НЕШЕ РЕТ ЖАРЫЛҒАН?

- 2001 ЖЫЛ. 8 ТАМЫЗ. Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Тоқрау ауылындағы әскери қойма 1 аптадай өртке оранған. Ол жерде Ауған соғысынан қалған Кеңес әскерінің снаряд пен миналары, 1998 жылы Арменияда болған ірі жер сілкінісі салдарынан мәжбүрлі түрде көшірілген әскери құралдар болыпты. Өрттің қатты болғаны соншалықты ешқандай өрт сөндіру көліктері жақындай алмаған. Ал сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқрау ауылынан 35 шақырым қашықтықта оперативті штаб құрыпты.

-  2009 ЖЫЛ. 20 НАУРЫЗ. Арыс қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан “Казарсенал” ЖШС қоймасында әскери снарядтарды утилизациялау барысында 3 жарылыс болып, оқиға салдарынан 4 адам көз жұмды, 16 адам ауруханаға түсті.

- 2009 ЖЫЛ. 8 ШІЛДЕ. Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Қараой поселкесінде ҰҚҚ қарасты шекаралық қызметтің әскери қоймасындағы жарылыстан 20 жастағы әскери қызметші қаза тапқан.

- 2013 ЖЫЛ. 27 ТАМЫЗ. Жамбыл облысы Қордай ауданының "Отар" станциясында орналасқан "Қазақжарылысөнеркәсібі" АҚ аумағында оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізу барысында жарылыс болды.  8 адам ауырлығы әртүрлі термиялық күйік алып, оның 4-уі көз жұмды.

- 2014 ЖЫЛ. 26 МАУСЫМ.  Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, сол мекемедегі 32 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адам қаза тапқан. 1 адам жарақат алды. Қаза тапқандардың отбасына - 1 млн теңге, зардап шеккенге - 200 мың теңге көлемінде ақша берілді.

- 2015 ЖЫЛ. ҚАРАША. Арыс қаласына қарасты полигон аумағында жарылыс болып, 1 адам мерт болды.

- 2019 ЖЫЛ. 24 МАУСЫМ. Арыс қаласынан бірнеше метр ғана қашықтықта орналасқан әскери қоймадағы жарылыс.

- 2021 ЖЫЛ. 26 ТАМЫЗ. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қайнар ауылынан 1 шақырым қашықтықта орналасқан әскери қойманың жарылысынан 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алды.

Түйін: Сабақ алмаған қателік тағы да азаматтарымыздың өмірін жалмады... Арыс, Тараз... Келесі қай қала?

Қанат БАЙҰЗАҚОВ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер