Швейцариялық Sun-Ways стартапы жұмыс істеп тұрған теміржол магистралінің рельстерінің арасына күн панельдерін орнатып, тәжірибелік күн электр станциясын іске қосуды сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы swissinfo сайтына сілтеме жасап.
Күн панельдерін тура теміржол табанына орнату арқылы электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға болады, бұл үшін жеке станциялар салуға жер бөлудің қажеті болмайды.
Идея ретінде рельстердің арасына күн панельдерін орнату бұрыннан бар. Алайда бұл тәсілді алғашқы болып швейцариялықтар жүзеге асырды. Олар панельдерді жылдам орнатып, сондай жылдамдықпен қайта алып тастау мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Демонтаж жасау – теміржолды тексеру және жөндеу үшін қажет, себебі бұл процестер барлық елдерде қатаң ережеге сай жүргізіледі. Теміржол инфрақұрылымы стратегиялық маңызы бар сала саналады, сондықтан оған жоғары қауіпсіздік талаптары қойылады.
Швейцария билігі Sun-Ways компаниясына батыстағы Невшатель кантонына қарасты шағын Бутт (Buttes) ауылы маңындағы 100 метрлік жұмыс істеп тұрған теміржол бөлігін ерекше панельдермен жабдықтауға рұқсат берді. Бұл учаскеде пойыздар 70 км/сағ дейінгі жылдамдықпен жүреді. Панельдерді тез орнатып, тез шешіп алу технологиясы жаңа болғандықтан, билік компания жоспарлаған алты айлық сынақ мерзімін үш жылға дейін ұзартуды талап етті. Сонымен қатар, панельдерді қарқынды қозғалыс жүретін магистралдарда сынауға тыйым салынды.
Рельстер арасына панельдерді орнату және шешіп алу үшін швейцариялық Scheuchzer компаниясы арнайы төсеу машинасын жасап шығарды. Бұл машинаның көмегімен 1000 м² күн панельдері бірнеше сағат ішінде орнатылады. Егер осындай панельдер Швейцарияның барлық теміржол желісіне (шамамен 5320 км, туннельдер мен көлеңкелі учаскелерді есептемегенде) орнатылса, жылына 1000 ГВт·сағ энергия өндіріліп, бұл елдің жалпы қажеттілігінің 2%-ын қамтамасыз ете алады.
Пилоттық жобаны жүзеге асыруға билік 700 мың доллардан сәл артық қаражат бөлді. Ол жылына 16 мың кВт·сағ электр энергиясын жергілікті желіге беруге мүмкіндік береді. Жобаға АҚШ, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея өкілдері қызығушылық танытты. Тіпті Оңтүстік Корея бұл технологиямен келесі жылы пилоттық жобаны іске қоспақ.
Панельдер ластанып қалмас үшін оларды тазарту мақсатында әр пойыздың соңғы вагонына арнайы щетка-валик орнатылады. Бұл панельдердің жұмысқа жарамдылығын барынша сақтауға мүмкіндік береді.