ӘБДІРАШИТ БӘКІРҰЛЫ: Дін жеке адам орбитасында қалуы керек

3046
Adyrna.kz Telegram

"Қазақ" деген біреу жұртты тәлібтермен қорқыта бастапты.... Далбаса аналитика. Жымысқы ойы Қазақстандағы дінді (тек қана исламды) жақтау ғана. Бірақ Қазақстан көп дінді ұстанатын ел. Сондықтан бір дінді агрессивті түрде енгізуге ұмтылу - ішкі тұтастықты әлсіретеді.
Оның үстіне, қазіргі тарап жатқан радикалды ислам өзінің мазмұны жағынан талибандарға өте жақын. Мына автор "олар сәләфизм, ал біз басқамыз" деп әсірелеп айтса да, дәл қазіргі ситуацияда өздері нағыз "сәләфизм құшағында" десе болады.
Себебі, бұлар Қазақстан қазақ ұлты құрған унитарлы мемлекет екенін өтірік "мойындайды".
Ал іс жүзінде "біз алдымен мұсылманбыз" деп, діни тұрғыда барлық исламдық бағыттармен бірігіп кетеді.
Бұлар "Мен қазақпын" дегенді ешқашан алдыға шығарып көрген емес.
Ал, енді, осы - "Мен қазақпын" деп, яғни, елміздегі унитарлы мемлекет құрушы құндылықтарды, еліміздің барлық халқын біріктіруші ұлттық құндылықтарды алға шығарып отырған, сол үшін де қазақтың көне сенімінің тұтқасы (құдайы) Тәңірді алға шығарған, оның дүниетанымдық жағын насихаттаушы топты "Тәңір дініндегілер" деп атап алып, оны біресе Қытайға, біресе Орысқа теліп жатады....
Бұл жерде олардың "ұлтсыздық-мұсылмандық", яғни "Халифаттық" мүдделері Унитарлы тәуелсіз мемлекет (Ұлттық мемлекет) идеясымен антогонистік кайшылыққа ұшырауда.
Оны бүркемелеу үшін де, олар жұртты талибтермен, Қытаймен, Орыспен, АҚШпен және т.т. қорқытуға көшті.
Ендеше, олардың ойынша біз осы жағдайда тек дінді күшейтсек қана тып-тыныш өмір сүреді екенбіз. Ол үшін тәңіршілерді ит қосып қуу керек екен...
Алайда, олар өздері ұсынатын "діни жолды" қазіргі көзі ашық қазақ қоғамы неге қабылдамай жатыр, олардың діни идеялары Қазақ халқын (өзге жұртты айтпай ақ қоялық) неге жұдырықтай бір мақсатқа біріктіре алмай жатыр деген сұрақты қойған емес. Себебі, олар "дін" деп жүріп, Қазақ ұлтының рухани дүниесінен, тұтас мәдениетінен алшақтай түсті.
Ал, Ұлтты ұлт етуші рухани бастау дін емес, мыңдаған жылдар қалыптасатын Дәстүр мен Салт, Мәдениет, Дүниеге деген ұлттық көзқарас (дүниетаным) болатындықтан, Қазақ ұлты да мұндай исламнан үрке бастады....
Оған кінәлі ешқандай да діни институттары жоқ бір топ "тәңіршілер" емес, оған кінәлі осы діншілдерді өздері десе болады.
Одан әрі айтсақ, Тәңір идеясын "дін" деп жариялау - нағыз өтірік, нағыз алдау.
Себебі, ол қазір тек "қазақтың көне наным-сенімдері" дейтін ғана деңгейде.
Ол қазір дін ретінде 2-3 мыңнан астам мешіт салып алған ислам дінімен, немесе, басқа діндермен ешбір бәсекеге түсе алмайды.
Бірақ, соған қарамастан, ол, әсіресе ислам үшін, қауіпті көрінеді.
Себебі, Тәңір түсінігі ұлттың тарихымен байланысты, оның көне дәстүрлерінің мәні мен мағынасын түсіндіре алады. Ұлт ретінде оны ерекшелейді. Сондықтан Тәңір идеясы "мұсылманбыз" деген атпен тарайтын, бірақ "ұлтсыздануды" көздейтін діни идеяға жол бермей жатыр, кедергі болып отыр...
(Мысалы, өзіңіз де "Неге Тәңірге өзге діндер тиіспейді?", "Неге ислам өзге діндермен осылай бәсекелеспейді?" деген сұрақтарды қойып көрсеңіз. болады..)

Ал, басты мәселе басқада - Бізге Унитарлы мемлекет ретінде күшею маңызды. Ол үшін басты орында тұратын құндылық дін емес, басқа нәрселер. Олар:
1. Экономикалық қуат (Ғылым мен білім, Кәсіпкерлік, Іскерлік),
2. Пассионарлық қуат (Халықтың (унитарлы мемлекетте) бір Құндылық төңірегінде топтасуы, бірегейленуі. Ол - мемлекет құраушы Қазақ халқының Төл мәдениеті (тілі, дәстүрі, салты, рухы). Ал қазіргі дін өзінің ішкі алауыздық әсерінен осыдан ажырап қалды.
3. Ұлттық патриотизмнің мемлекеттік патриотизмге ұласуы. (Ал "халифат" идеясы бұған толық қарсы. Тіптен, ол тәуелсіздікке қарсы идея!)
4. Әділеттілік! (қазақша "ДАТ" принципі). Бұл Ұлттық мінездің басты атрибуты. Ал діни догмаға негізделетін жалған идеялар бұған сай емес.
5. Отбасылық құндылықтар және демография!
(Дін осы салада да ортағассырлық құндылықтармен шектеулі. (Зайырлы қоғамға сай отбасылық құндылықтар біздің ұлттық мәдениетте дамыған. Ендеше, шет елдік ортағасырлық діни ережелерді қабылдау қиын)...

Айта берсек, бұдан өзге де себептер көп.
Сондықтан, мен де Тәңір дей отырып, Ұлттық мәдениетті (Дәстүр мен Салтты, Тілді және т.т.) басшылыққа ала отырып - бірлігі жарасқан күшті мемлекет құру керек деймін.
МҰНДА - ДІН ЖЕКЕ АДАМ ОРБИТАСЫНДА ҚАЛУЫ КЕРЕК.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер