1917 жылдың 5 мен 13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ съезі өтті. Аталғаш құрылтайда Алашорда үкіметі құрылып, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Премьер-министр Алаш партиясының бағдарламасында мемлекет пен дін ісін бөліп, бірінің ісіне екіншісі араласпауы керек деген ұстанымда болды.
ДІН ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҰСТАНЫМ
Әлихан Бөкейханның Кадет (Конституциялық демократия) партиясынан шығуына бірнеше себеп болды. Солардың ішіндегі ең негізгі мәселе діни еркіндікке байланысты екені айтылады. Тарихшы Мәмбет Қойгелді Бөкейханов тек зайырлы мемлекет қана ғылым, білім жолында дами алады деп есептегенін айтады.
- 1917 жылы Орынборда шілде айында І Жалпықазақ съезі өтті. Аталған съезге қатысқан азаматтар оған сұрақ қойды. «Сіз кадет партиясының мүшесісіз. «Алаш» партиясын құрамын дейсіз. Екі қайықта қалай отырасыз?» дейді. Сонда Әлекең «Мен кадет партиясынан шығамын. Өйткені, біз «Алаш» партиясын құрамыз» деп шешім қабылдадық. Кадет партиясының жерге, дінге, мемлекеттілікке байланысты ұстанымы біздің мүддемізге сәйкес келмейді»,- деп жауап береді. Ол дін мемлекеттен бөлек болу керек дейді. «Дін адамдарына мемлекет жалақы төлеуге тиіс емес. Егер дін адамдарына мемлекет жалақы төлесе, олар тәуелсіз бола алмайды, тәуелсіз ой қорыта алмайды. Егер біз мемлекет құрсақ, діннің мемлекеттен бөлек болғанын қалаймыз» деді. Бұл – діни ұстанымдағы мемлекет емес, зайырлы мемлекет құрамыз деген сөз. Бөкейханов тек зайырлы мемлекет қана ғылым, білім жолында даму болады. Ал дін басымдық алса, білім мен ғылымға кедергі жасалады. Ол осыны жақсы түсінді. Сондықтан да «Дін мемлекеттен бөлек болсын» деді. Біз мұсылман елдеріндегі дінді мемлекеттік ұстанымға айналдырған елдердің ұтылғанын көріп отырмыз ғой, - дейді Мәмбет Қойгелді.
«ДІН ІСІМЕН БОМБА САТЫП АЛУҒА БОЛМАЙДЫ»
Ал дінтанушы Кеңшілік Тышқан Әлихан Бөкейханның дін мен мемлекеттік бөлгені өте орынды екенін айтады. Себебі ол қазір әлемде дін мен мемлекет біріктіргендердің әрекеті оңды болмады деп санайды.
- Өйткені дін ісі мемлекет ісінен бөлек еді. Дін моральдық құндылықтарға байланысты қағидаттар жиынтығы болғаннан кейін мемлекеттегі кей мәселелерге сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін. Екіншіден, дін ісін мемлекет ісінен бөлетін себебі, дін ісі деген – мемлекеттік мүддеге негізделмейді. Діндегі қағидаттар мемлекетшілдік мәселесін көп жағдайда қарастырмайды. Ұлттық мемлекет құру үшін діннің бөлек болғаны орынды. Егер дінді мемлекет ісіне қоятын болсаңыз, мемлекет ісі деген болмайды, - дейді ол.
Дінтанушының айтуынша, Әлихан Бөкейханның мемлекет ісі дін ісінен бөлек деп тапқанының бір себебі: мемлекеттік басқару жүйесі – құқықтық жүйе. Қазіргі қоғамдық қатынастар және мемлекетаралық, экономикалық қатынастардың барлығы құқықпен реттеледі.
- Ал дін ісімен оны реттей аласыз ба? Реттей алмайсыз. Қару-жарақты бір жерден сатып алу керек болса, оны дін ісімен реттей аласыз ба? Дін ісімен бомба сатып алуға болмайды. Бейкүнә адамдарды өлтіруі мүмкін. Соның кесірінен, қару-жарақты игере алмағандар кейін батыстың боданына айналып кетті. Қайшы тұстары көп, мемлекет мүддесіне сай келмейтін тұстары да көп, моральдық тұрғыдан мемлекет деген дүниені мойындамайтын тұстары да көп, - дейді ол.
«ИСЛАМ ДІНІ ЖАС БАЛАНЫҢ БАЙПАҒЫ СЕКІЛДІ»
Әлихан Бөкейханның дінге байланысты көзқарасына сол заманның діншілдері қатты наразылық білдіреді. Тіпті қожа-молдалар «олар – кәпірдің кәпірі, дінсіздердің дінсізі. Жоламандар, мұсылмандар, айтқанын алмаңдар, артынан ермеңдер!» дескен. Бұл туралы «Сарыарқа» газеті «Әлихан «Ислам діні жас баланың байпағы секілді: бала күндегі байпақ өскен соң киюге келуші ме еді? Сол секілді ислам діні де өзінің заманындағы халық үшін ғана келген дін. Бізге ол діннің енді керегі жоқ», - дейді-мыс» деп жазады.
Аталған басылым Әлихан Бөкейханның ақтап былай деп талдайды: «Біз ойлаймыз: Әлихан олай деп айтпаса керек, әйтсе де ишекеңдер қате ұққан-ау деп. Айтпапты дейтінім мынау: жаным-ау, Әлихан ол сөзді айтып, сиез «иә» деген болса, сиез: «Дін туралы қазақ Орынбор мүфтилігіне қарасын» деп неге қаулы жасайды? Қазаққа дін ислам керегі жоқ, өзіміз жаңа дін жасап береміз, соған қарасын» деп неге жасамайды, Бұл бір. Екінші, қате ұқты дейтінім: біз құлшылық (ғибадат) турасындағы жұмысты дінге қойып, тіршілік (амалият) турасындағысын законге салып өлшегеніміз жөн. Өйткені закон тұрмыспен қатар өзгеріп отырады. Дін ислам ықтиқад пенен ғибадат жағын адамның өз ақылына тапсырған», - деп жазады аты-жөні көрсетілмеген мақала авторы.
«ДІНГЕ ЕМЕС – ДІНИ ФАНАТИЗМГЕ ҚАРСЫ»
Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейханның дінге қарсы емес, діни фанатизмге қарсы екенін, себебі қоғамға діни фанатизм зиянды екенін айтады.
- Мысалы, біз қазір жаңа тұрпаттағы қазақ мемлекетін құрып жатырмыз. Егер де біз діннің ескі, консервативті ұстанымдарында қалып қоятын болсақ, онда мемлекетіміз әлсіз болып, айырылып қаламыз. Дінге басымдық беріп, алға шығарып отырсақ, кәдімгі ислам мемлекетіне айналуымыз керек қой. Ал қазіргі сұраныс – оны аяқтай алмайтын нәрсе. Дін мемлекеттің нығаюына, күшеюіне, оның экономика мен мәдениетінің дамуына сүйеніш болуы керек, тіпті соған қызмет ету керек. Ал дін егер де мемлекеттік ұстанымдарға кедергі болса, онда біз әлсіреп, ұтыламыз ғой. Менің ойымша, алаштық ұстаным – дұрыс ұстаным. Дін мемлекеттен бөлек болуы керек. Бірақ сонымен бірге дін ұлттық құндылықтарға, ұстанымдарға қарсы шықпай, мемлекеттің дамуына қызмет жасауы керек. Мен солай деп түсінемін және солай болуға тиіс, - дейді тарихшы.
Ал Кеңшілік Тышқан кейбір діндарлардың логикасына таңқалатынын айтады.
- Мысалы, бір радикал азамат маған «Мен әйелімді қызғанамын, үйден шығармаймын» дейді. Бұл дін ісі екен. Сен әйеліңді жауып қоюың керек, бүркеуің керек, бөтен еркектің назары түспеу керек, оларға көрінбеу керек. Бұл біздің қазақтың салтына сәйкес келмейді. Мен одан «әйелің босана ма?» дедім, «иә, босанады» деді. «Ал оны кім босандырып алуы керек?» десем, «Оны әйел дәрігерлер босандырып алуы керек» дейді. Мен «Егер сен өз әйеліңді шығармасаң, тағы біреу қызын сыртқа шығармаса, әйел дәрігердің оқуын кім оқиды? Қызғанайық, барлығымыз тығып қояйық. Ертең сіздің әйеліңіз шекара асқан кезде кеденде тексереді ғой. Сонда сіздің әйеліңізді еркектер сипалай ма, әйелдер ме? Кеден ісін оқытпасаң сенің әйеліңді кім тексереді? Ал егер сен әйеліңді ұстаздыққа жібермесең, қызыңды кім оқытады?» дедім. Сол кездің өзінде алаштықтар дінді желеу еткендердің осындай мәселелер туындататынын түсінген, - дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, сайып келгенде дін ісі мемлекет ісінен бөлек дегеннің өзі дінді толық жоққа шығармайды.
- Біздің әр азамат преференциялық зайырлылықта өмір сүреді. Яғни, Құдай мен құқықтың алдында тең дегенді қолданып отыр. Бірақ мемлекет ісіне діннің араласуы деген дұрыс болмайды. Зайырлылық принциптері әлемнің әр мемлекеттінде әртүрлі. Ал біздің мемлекеттегі зайырлылық дінге қатысты бейтараптық позицияны ұстанады, - дейді ол.
Cерік Жолдасбай
«Адырна»