Алтын жігіт, қазақтан шыққан тұңғыш Грэмми сыйлығының (Американың Ұлттық өнер академиясының премиясы) иегері 24 жастағы Иманбектің қолында не тұрғанын білесіздер ме? Ресейлік продюсер Рудковскаяның қол жеткізе алмаған арманы - Грэмми статуеткасы!
Иә, иә, біздің Халыққа қызмет көрсететін орталықтың басшылары алдынан зыр жүгіріп, қарсы алып, отандық блогерлер “қазақта Ұлы адамдарға шапан жабатын дәстүр бар еді” деп, “Ұлы Рудковскаяға” шапан жауып жүргенде, сол ХҚКО орталықтарында өз азаматтарымыз ұзын-сонар кезекте тұрғанда, Янаның “бір орыстілді әнші Грэмми сыйлығын алса ғой” деген арманы Украинадағы соғыстан кейін тіпті сағымға айналды.
Өз әртістеріміздің қадірін білмейміз ғой. Мәселен, бұл ресейлік продюсердің әкесі украин болса да, өзі ресейшіл, путиншіл екенін гуглдағы біраз мақала көрсетіп тұр. Грэмми алған Иманбек ЦОН-ға барса кезекте тұруы мүмкін, бірақ кеңестік заманнан санасы өзгермеген шенеуніктер үшін орталықтан - мәскеуден адам, комиссия келді десе, бар шаруасын қойып, соның жанынан айналшықтап шықпай қоятыны қалай? Бұл - құлдық санадан арылмағандықтың белгісі. Мәскеудің орталық болмағанына 35 жыл болды ғой. Басқа әлем елдері бар, орталығымыз - Астана! Ауылдан шығып, Грэмми алып, ресейлік талай продюсердің ішін ашытқан Иманбектерді неге солай құрметтемейміз? Немесе неге Николас Кейджді тағы шақырмаймыз? Баяғыда шапан киген фотосы онша шықпаған еді, шамасы, ұялмай тойдан-тойға беріліп, ақыры Николастың үстіне жабылды ма екен, тым көңілсіз көрінді ғой… Сол көкемнің үстіне неге қайтадан дұрыс шапан жаппаймыз? Оскар алған Николас Кейдж Рудковскаядан “ұлылырақ” па дегеніміз ғой… Әй, бірақ біздің шенеуніктер оны түсінсін бе?
Айтпақшы, ресейлік продюсер қалайша Астанадан үй алған? Елде тұру ыхтиярхаты, азаматтығы бар ма?