Тұрсынбекті ақтап жатқан тобырлар қосақ арасында кеткен қаршадай қыз жайында ауыз ашпады

5341

Тұрсынбекті жақтаушы компанияның адамдары мынадай саяси лозунгі шығарыпты:

«Сүрінгенді, бүлінгенді сөз етпе,

Мен де тұрмын, сен де тұрсың кезекте»

Мынау шумақтың астарына үңілсеңіз, мен де, сен де қылмыс жасауға кезек күтіп отырмыз дегенге келеді екен. Бірақ, осы лозунгті айтып отырғандар қоғам мен халықты әділет іздеме, жемқорлыққа көз жұма қара, ақ пен қараны ажыратпа, ертең сенің де басыңа осы келеді деп басып отырған сияқты. Қазақ аңқау ғой, сене салады.

Қазір Тұрсынбектің жақтаушылары көбейді. Олардың қатарында әншілер көш бастады. Қазақ қоғамы соңғы 30 жылдың ішінде әншілерден (бәрі емес) ешбір жақсылық көрген жоқ. Қоғамды, жастарды өздерінің жеке бас тірліктерімен, жылтырақтарымен рухани регресске ұшыратқан да осы әншілер болды.

Одан кейінгі сапта жалған блоггерлер тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Бұлардың да қатары тым көп. Соған қарағанда тым көп ақша жұмсалып жатқан сияқты.

Ал, үшінші қатарда қоғамның ішіндегі «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» дегенге шапқылайтын тоғышар тобырлар тұр. Ең қауіпті тенденцияны да, қоғамды оңдырмай жіберетін де осы тоғышар тобырлар болып тұр.

Осының бәрін ойлай келе, біздің қоғам заң үстемдік құрған жүйеде ешқашан да өмір сүре алмайды деген қорытындыға келдім. Себебі, қоғамның өзі жемқорлыққа әбден үйренген. Сыбайластықтың талай түріне бара алады біздің қоғам. Шаруасын тек оңай жолмен шешіп кетуге еті өліп кеткен. Егер де бізде заң күшті үстемдік құрса, онда қазақ қоғамының өмір сүруі қиындап салады деп ойлай беріңіз.

Тұрсынбектің сөзін жапырыла, ақтарыла сөйлеп жатқан тоғышар тобырлар тестке кіріп, қосақ арасында кеткен қаршадай қызға қиянат жасалмасын деп бір де бір дауыс көтерген жоқ. Сол қыздың тағдыры, ертеңі не болса ол болсын, бұларға Тұрсынбек жауапқа тартылмай, сытылып шығып кетсе болды. Қаршадай ғана қыз еріккеннен барған жоқ бұл тірлікке. Оны да тұрмыстың күйбеңі жеп бара жатқандықтан барды. Ол қызды да мен ақтамаймын. Тек қана Тұрсынбек деп өліп-талып жатқан тобырлардың қаршадай қызға бір сәт жанашырлық жасап, араша сұрамауы – бұлардың ессіз, бассыз, құлқынынан аса алмайтын зұлым, жағымпаз екенінің анық көрінісі.

Жемқорларды ақтап, парақорлыққа бармақ басты, көз қыстымен қарап отырған қоғамның қазіргі сыйқы осы.

Бекболат ҚАРЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар