Атырауда Астана күні мерекесі қарсаңында әлеуметтік сала мамандарына баспана кілті беріліп, бірқатар нысан ашылды.
Атырау облысының басшысы Махамбет Досмұхамбетов білім, мәдениет және медицина саласында жұмыс істейтін бір топ жас маманға қызметтік баспана кілтін табыс етті.
«Биыл ел болып Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын кең ауқымда атап өтудеміз. Осы кезеңде мемлекетіміз әлемдік деңгейде көптеген салада айтулы жетістіктерге жетті. Соның жарқын көрінісінің бірі – Арқа төсінде бой түзеген ару астанамыз. Елдігіміз бен жасампаз істеріміздің символына айналған әсем шаһар - бүгінде халқымыздың мақтанышы»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ ол жуырда халықаралық театр фестивалдерінде Түркия мен Ресейде екі бірдей бас жүлдеге ие болған Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры өнерпаздарын да марапаттады.
Сонымен қатар, облыс басшысы Атырау қаласында жаңадан салынған колледж жатақханасының тұсауын кесті. 5 қабатты, 2 блоктан тұратын, 150 орындық жатақхана заманауи үлгіде жасақталған.
Бұдан соң өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен Орталық жүзу бассейнінің ашылу салтанатына қатысты. «Мұнда енді мыңға жуық жасөспірім мен тұрғын су спорты түрлерімен тегін шұғылданады. Біздің басты мақсатымыз да — азаматтарымыздың салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау»,-деді облыс әкімі.
Айта кетерлігі, мемлекеттік тапсырыс негізінде 600-ден астам бала халықаралық стандартқа сай жүзу бассейнінде түрлі секцияларға қатысады. Көп балалы, толық емес отбасы балаларына да жеңілдіктер қарастырылған.