Туды қорлаған жасөспірімдердің аналарына айыппұл салынды

1030
Adyrna.kz Telegram

Атырауда мемлекеттік тумен суретке түскен ниқабтағы қыздар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол төрт қыздың екеуінің анасына әкімшілік айыппұл салынғанын атап өтті.

«Атырау облысындағы оқиға бойынша заңға қайшы əрекет жасаған 4 қыз сотпен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықтама үшін: Ф.Қ. Айтқали (78 640 теңге айыппұл), Ғ.Қ. Халмұрат (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), Н.А. Асылбек (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), М.К. Нұркешева (15 тəулікке əкімшілік қамақ)»,—деп түсіндірді Асылов.

Бас прокуратураның мәліметінше, аталған факті бойынша 2025 жылғы 27 наурызда Атырау қаласының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 372-бабымен (мемлекеттік рəміздерді қорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

«Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады»,—деп толықтырды Берік Асылов.

Ескк салайық, бұған дейін мемлекеттік туға арабша жазу жапсырып суретке түскен төрт қыздың әрекеті қоғамда үлкен наразылық тудырған еді. Кейіннен фотоның Атыраудағы мұз сарайында түсірілгені белгілі болды.

Пікірлер