Викингтердің ізімен

4784
Adyrna.kz Telegram

Ғылыми тұрғыдан келсек, Орта Азия мен Солтүстік Еуропаны мекендеген байырғы халықтардың өзара қарым-қатынастары есте жоқ ескі замандарда, дәлірек айтқанда, осыдан ондаған мың жылдар бұрын басталғаны белгілі болып отыр.

Мәселен, 2018 және 2019 жылдары байырғы Орта Азиядан Еуропаға қоныс аударып, еуропалықтардың болмысын өзгерткен көптеген жауынгер тайпалардың ДНҚ-сына қатысты екі ғылыми мақала жарияланған. Сол мақалалардың авторы, Норвегияның әйгілі тарихшы ғалымы Стурла Эллингвaг былай дейді: «Біздердің, яғни скандинавиялықтардың көзін анық жеткізіп отырған дүниенің бірі – біздердің 50 пайызымыздың аталық желіден тарайтын тікелей түпкі тегіміз бүгінгі Ресей мен Қазақстан жерінде жатқандығы. Сонымен қатар кейінгі кезде жүргізілген ДНҚ-зертеулері қола және темір дәуірлерінде Еуропа халықтарының Орта Азияға қоныс аударғанын да қоса дәлелдеп отыр. Демек, бұл фактор бүгінгі Орта Азия халықтары мен Солтүстік Еуропа халықтарының арасында көптеген байланыстың о бастан бері болғандығын анық дәлелдейді.

Мен жетекшілік еткен топ ДНҚ мате­риал­дарын жиыстырумен айналысты. Біздер сондай-ақ генетик ғалымдармен де, лингвис­термен де, археологтармен де, тарихшылар­мен де қоян-қолтық жұмыс істедік. Оның үс­тіне біздерге үндіеуропалықтардың шығу тегі ғана емес, осыдан алты мың жыл бұрын, яғни мыс, тас және ерте қола дәуірлерінде өмір сүрген үндіеуропа тілінде сөйлеген халықтар туралы мәліметтер де бұрыннан белгілі болатын. Алайда Қазақстанда біз­дер белгілі бір табыстарға ғана жетіп қой­май бұл керемет елде өлшеусіз тәжірибе жи­нақ­тап, ендігі жерде көптеген ұғымдарға, атап айтқанда, уақыт, қашықтық және тарих секілді ұғымдарға тереңірек үңілуге көзіміз ашылды. Бір сөзбен айтқанда, ме­нің толыққанды ғалым және адам болып  қалыптасуыма үлкен мүмкіндік ту­ды. Қазақстандықтар біздерге: «біздер құр­лық­тағы көшпенділер болсақ, сіздер теңіздегі көшпенділерсіздер» деген уәжі өте ұнады. Әрине, бұл – нағыз шындық. Айт­са-айтқандай-ақ, скандинавиялықтар өз­дерінің байырғы дәстүрлерін осы күнге дейін ұмытқан емес. Ал ол дәстүрлер болса, Орта Азия көшпенділерінің дәстүрлеріне өте ұқсайды».

Оның айтуынша, Қазақстанда болған бір апталық сапар кезінде зерттеушілер Павлодар, Қостанай және Қарағанды об­лыстарының аумағынан ерте қола дәуіріне жататын бас-аяғы 120 адамның қаңқа сүйек­терін тапқан. Стурла Эллингвагтың бол­жамынша, Норвегиядағы қорғандар мен Қазақ­стан аумағындағы скиф/сақ қор­ған­дарының арасында адам таңданатын ұқсас­тықтар көзге ұрып тұр. Антропогендік ғылыми арналар бүгінгі таңда байырғы аме­­­рикалық «үндістердің» ғана емес, ежелгі скан­­­динавиялық викингтердің де түп тамы­­ры­ның Азиядан, одан да дәлірек айт­қан­да, Ски­фиядан тамыр тартатынына жөн сіл­тейді.

Адамзат өркениеті тарихында айрықша із қалдырған байырғы скандинавиялық ви­­кинг­тер туралы ғылым сүзгісінен өт­кен мәлі­мет­тер әлемнің ең әмбебап эн­ци­­­к­ло­педияларымен қатар, дәл сол құн­ды туындылардың жаһандық ғалам­тор­да­ғы электрондық нұсқаларында да топ­тастырылған. «Wikipedia» сынды еркін энци­клопедияда викингтердің байырғы мекен-жұрты мен болмыс-бітімі туралы мәліметтер баршылық. Бұл мәліметтерден, біріншіден, викингтердің байырғы скандинавиялықтар екенін, екіншіден, олардың сегізінші ға­сыр­дың соңғы кезеңінен бастап, он бі­рінші ғасырға дейін өздері мекен еткен Скан­динавиядан (бүгінгі Швеция, Дания және Норвегия  аумағынан) түстікке қарай ағыла аттанып, Еуропаның басым ай­мақтарына белсенді де батыл сауда-саттық жо­рықтар жасағанын, үшіншіден, ержүрек ви­кингтердің Еуропамен ғана шектеліп қал­май, сол құрлықтың солтүстігі мен батысында жатқан алып Атлант мұхитын да түйрей өтіп, Исландия мен Гренландияға, одан соң Солтүстік Америкадағы Винланд (бүгінгі Канада) аймағына да әлемде бі­рінші болып  табан тірегенін, төртіншіден, ба­йырғы викингтердің Европадағы немесе онымен шектесетін теңіздерді ғана емес, сонымен қатар қауіп-қатерге толы Атлант мұхитын да қоса бағындырған ержүрек жиһангездер екенін,  бесіншіден, викингтер дәуірінің 798 жылдан бастап, 1066 жыл­ға дейін созылғанын, алтыншыдан, сол бір аумалы-төкпелі дәуірлердің тек Скандинавия тарихында ғана емес, орта ғасырдың бастапқы кезеңдеріндегі Эстония, Британ аралдары, Франция, Киевтік Орыс және Сицилия тарихында да айтарлықтай із қалдырғанын, жетіншіден, викингтерді әлгіндей жорықтарға мәжбүрлеп, нар тәуе­келге бел байлатқан сол замандардағы Скан­динавияда орын алған демографиялық дүм­пу мен ашаршылықтың да қоса себеп бол­ғанын көруге болады.

Бұл күнде викингтердің күллі Еуропа­ның төрт құбыласын жалғастырған сауда-саттық жол тораптарын бейнелейтін гео­графиялық карталар тізбегі де, әлемнің ғұ­лама ғалымдары жарыққа шығарған ғы­лыми-сараптамалық туындылар да, кө­рер­меннің көз жауын алатын тү­рлі-түсті фантастикалық фильмдер де, сон­дай-ақ әртүрлі мифологиялық аңыз­дарға не­гіз­делген онлайн видеоойындар да жетіп ар­тылады. Алайда, бұл атал­ған­дардың ішінде, әсіресе біздер қол­ға алып отырған гипо­тезалық зерттеу жұ­мы­сының үдесінен шығатын әрі нағыз та­ри­хи шындыққа негізделген ғылыми туын­ды­лардың орны ерекше. Бұл тұрғыдан келгенде, ең алдымен викингтер тарихы мен өркениетіне бағышталған, Скандинавия тарихының әлемге танылған білгірі әрі Сорбонна университетінің профессоры Boyer Regis (Буайе Режи) есімді тарихшы ғалымның энциклопедияға бергісіз ғылыми монографиясының мәні ерекше. Буайе Режидің пайымдауынша, Скандинавияның ежелгі тарихы шамамен біздің заманымыздан 10 мың жыл бұрын басталып, б.з. 800 жылы аяқталған. Оның ішінде палеолит дәуірі б.з.б. 10 мың жыл мен 3000 жыл аралығына немесе мұз дәуірінің аяқ­талған шағына, неолит дәуірі б.з.б. 3000 жыл мен 1500-жылдар аралығына, ал қо­ла дәуірі б.з.б. 1800 жыл мен 400 жыл ара­лығына тұспа-тұс келген. Мәселен, жүр­дек кемелермен жарақтанған батыр да ер­жүрек викингтер Еуропаның ірілі-ұсақты ішкі өзендерінің бойындағы елдерді ғана емес, сонымен қатар Балтық, Жерорта теңіздері жағалауларындағы елдерді де түгел шарлап, Солтүстік Африкаға дейін сауда-саттық және қарақшылық жорық­тарын іске асырған. Бұл біріншіден. Екін­шіден, викингтер сондай-ақ, Атлант мұхи­тындағы Шетланд, Оркней, Исландия секіл­ді ірілі-ұсақты аралдардың бәрін де бірін­ші болып игерген. Исландиядан соң олар Гренландияға, одан әрі Солтүстік Америкадағы Винланд аймағына да сәтті жорықтар ұйымдастырған.

Ағылшын-саксондықтардың арғы тегі сақ­тардан тараған деген тұжырым біз­дің заманымыздан бұрынғы дәуірде қалып­тасқанын дәлелдейтін дәйекті дерек көздері баршылық. Мәселен, кезінде сақтар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, тек Бактрия аумағына ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Кавказдың өте шұрайлы аймағына да қоныстанғаны туралы гректің атақты тарихшысы әрі географы Страбон жазып кеткен-ді. Ғалым келтірген деректерге қарағанда, кезінде әлгі аймақ Са­касина (Sаkаsіnа) деп аталған. Ал біздің за­манымыздың 23-79-жылдары өмір сүрген Римнің ғұлама тарихшысы Плинийдің пайымдауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сақтар Сакассани (Sakassani) деп аталған. Әлгі атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сақтың ұлы (ұрпағы) деген ұғымды білдірген әрі бұл этимология­ны алғаш ұсынған 1519-1572 жылдары өмір сүрген фламандық философ әрі филолог Горопиус Беканус (Goropius Becanus) екен. Бұл тұжырымды сонымен қатар, атақты неміс теологы әрі гуманист ғалымы Меланчтонмен (Melanchthon) қатар алғаш рет латын тілінде жарық көрген «Британия» атты кітаптың авторы В.Камден (William Camden  –  1777–1855) де қуаттапты. Сосын, осы аталған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер де, ағыл­шындар мен саксондықтардың арғы тегінің сақтардан тарайтынына еш күмән келтірмеген.

Мысалы, 1827 жылы жариялаған «Сақ па, парсы ма?» деген ғылыми мақаласында Шарон Турнер өз пайымының негізсіз емес екенінің бұлтартпайтын дәлелі ретінде сақтардан тамыр алатын, ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тартады. Әлгі мақаланы мен қазақ тіліне аударып, оны еліміздің бірнеше ақпарат көздерінде («Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде, «Ақиқат» журналында) жариялаған болатынмын.

Дәл осы тұста, жоғарыда келтірілген дереккөздерін ескере отырып, және бір па­йымға назар аударған жөн. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың ар­ғы тегі сақтардан бастау алады деген тұ­­­­­жырымды тек ағылшындармен не­ме­­­се саксондықтармен ғана шектеу­ге бол­май­­тын секілді. Өйткені бұл пайымның Еуропа құрлығындағы тілдері герман тобына кіретін өзге халықтарға да, дәлі­рек айтқанда, орталық Еуропадағы не­міс­терге де, солтүстік Еуропадағы скан­ди­на­виялықтарға, яғни норвегтерге де, даттар мен шведтерге де тікелей қатысы бар. Се­бебі немістер де, скандинавиялық норвегтер де, шведтер де, даниялықтар да о бастан-ақ, ағылшын-саксондықтармен генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас халықтар екені ешбір дәлелді керек етпейді, өйткені бұл тұжырым ғы­лымда әлдеқашан түйінделген. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше нақты мысалдар келтірейік. Мәселен, байырғы  жиһангер әрі жауынгер викингтердің кемелері туралы Арне Эмиль Кристиенсеннің (Arne Emil Christiansen) «Викинг кемелерінің музейіне жолнұсқа» («Guide to Viking Ship Museum») атты кітапшасында Норвегияның Осеберг қорғанында 1904 жы­лы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижелері туралы ғажап мәліметтер бар. Мысалы, ең таңғаларлығы, Осеберг қорғанынан норвег археологтары викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мумиялары мен он төрт жылқының қаңқа сүйектерін, емен аға­шынан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әше­кейленген абдыра, үш тағанды темір мо­сы мен соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожаулар, сондай-ақ,  қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі және бұғы мүйіздерінен жасалған тарақтарды қазып алған. Сосын әлгі кітапшаға 1880 жылы Норвегияның Сандар дейтін елді мекенінің маңайындағы «Гокстад» фермасына жақын орналасқан «Король қорғаны» деп аталып кеткен үлкен қорғанды қазған норвег археологтарының жазба деректері де қоса тіркелген. Әлгі деректер бойынша, бұл қорғаннан да викинг кемесі мен сол кемеде жерленген жас шамасы 50 мен 70 жас арасындағы ер адамның мумиясы және Осеберг қорғанынан табылған артефактарға ұқсас бұйымдар мен 12 жылқының қаңқа сүйектері табылған. Қазір әлгі кеме де бастапқы қалпына келтіріліп, Ос­лодағы викингтердің кемелер музейінде сақтаулы тұр.

Норвегиядағы викинг музейінен алған әлгі кітапшаны қайта сараптау нәтижесінде Солтүстік Еуропада да сақ қорғандарының бар екеніне титтей күмәнім қалмады. Себе­бі Норвегияның жоғарыда аталған қор­ған­дарынан табылған артефактілер мен Алтайдағы Берел қорғандарынан та­был­ған артефактілердің ғажап ұқсас­тығы скан­динавиялық викингтер мен сақтардың түпкі тегінің бір екенін толық дәлелдеп тұр. Сосын  Норвегиядағы викинг қорғандары мен елі­міздегі сақ қорғандарының арасындағы көзге ұрып тұрған әлгіндей ұқсастықтарды жай ғана кездейсоқтық деуге мүлде болмайды. Өйткені бұлайша пайымдауға себеп болып отырған бұлтартпас дәйектің және бірі төмендегідей. 2000-2001 жылдары Қа­зақстанның Ұлыбритания, Ирландия және Норвегия мемлекеттеріндегі елшісі қызметінде жүрген кезімде соңғы елдің мұнай астанасы Ставангер қаласында іс-сапармен болып, сол қала орналасқан мұ­найлы аймақтың тарихи-мәдени мұ­раларына бағышталған Эли Ага мен Ханс Айвид Настың «Руника жазуынан мұнай мұнарасына дейін», сол сияқты 2006 жылы жарық көрген Ян Ове Екебергтің «Норвегия: өткені, бүгіні, келешегі» атты кітаптарда байыр­ғы викингтердің тарихы, ұстанған діни наным-сенімдері және олардың жо­ғарыда аталған қорғандарымен қатар киелі саналатын өзге де қорғандарының бар екеніне көз жеткіздім. Мысалы, осыдан 3000 жыл бұрын тұрғызылған Regehaugen және Tangarhaug (Тәңірқорған болуы ықтимал – Ә.А.) секілді ірі қорғандар тобы жөнінде де нақты мағлұматтар кездеседі. Cосын, аталмыш қорғандардың қос сөздерден тұратын құрама атауларындағы -haugen, -haug деген сөздердің қазақ тіліндегі қорған деген сөзбен айтылуы жағынан да, мағына жағы­нан да өте жақын екендігі көзге ұрып тұр.

Ашық ақпарат көздерінен байқалып отыр­ғандай, викингтер жерленген кемелер­дің үстіне үйілген қорғандар тек Норвегия аумағында ғана емес, сонымен қатар Бри­тания аумағында да, Дания мен Швецияда да, тіпті, Ресейде де  кездеседі. Сосын күл­лі Еуропа кеңістігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың ішінде жүз мың­даған Скандинавия қорғандары да бар) әлгі географиялық аймақтан мүлде шал­ғайда, тіпті, ит арқасы қиянда жатқан скиф/сақ қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның кіндігі саналатын Тыва, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы Берел, Пазырык, Басадар, Тұйықты немесе Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандарымен сабақтастығы немесе Азия мен Еуропа қорғандарының ара­сындағы ғажап ұқсастық жоғарыда сөз бол­ған, ағылшын-саксондықтардың арғы тегінің сақтардан тарағандығына жөн сіл­тей­тін гипотезалық болжамдар мен тұжы­рым­дардың шындықтан тіпті де алыс емес­тігін нақты дәлелдеп тұр деуге толық негіз бар.

Қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы халықтардың мәде­ниеті мен олар сомдаған өркениеттер Еуразия аумағымен ғана шектелмейді. Өйт­­кені бұл құбылыс Тынық Мұхиттың шығыс жағындағы, АҚШ кеңістігінде орна­ласқан қорған мәдениетімен де сабақтас екенін назардан тыс қалдыруға болмайды. Айтса айтқандай-ақ, кезінде байырғы америкалықтардың (үндістердің) Мис­сисипи мәдениетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қор­ғандардың да Еуразия қорғандарымен та­мыр­лас екенін оқырмандарға 2003 жылы жарық көрген «Азия –  Берингия –  Америка» атты еңбегі­мізде мәлімдеген болатынбыз.

Қорғандар туралы, оның ішінде скиф/сақ қорғандары жайлы жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижелері де өте мәнді. Мәселен, Тамара Т.Райстың «Скифы: строители степных пирамид» деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Венгрия және Румыния жерлеріндегі қорғандар шоғырының, яғни қорған мәдениетінің б.з.б. жетінші ғасырда бастап, б.з.б. екінші ғасырға дейін жалғасқан құбылыс екенін байқаймыз. Сонымен қатар аталған туындыдағы қорған атауларының өздері де көп нәрседен хабар береді. Орыс ғалымы Ю.А.Шилов өзінің «Прародина ариев» (Киев, 1995) деген монографиясында «қорған» деген ұғым байырғы шумерлердің «кур-ан» немесе «кур-галь» (аспан тау немесе алып тау) деген сөздерінен тарайды және қорған тұрғызу мәдениеті Қара теңіздің солтүстік өңірінде б.з.б. 4000-2000 жылдар аралығында араттар мен ари тайпаларынан басталып, дами бастаған дей келіп, байырғы қорғандардың о баста антропоморфтық және астральдық белгі ретінде дүниеге келгенінен ақпарат береді. Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қор­ғандар Австралия мен Антарктидадан басқа кон­тиненттердің бәрінде де кездесетін мә­дени құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдет­те, қорғандар қайтыс болған адамдар жерленетін бейіттердің үстіне тұрғызылған немесе жаратқанға жалбарынатын киелі орын ретінде сомдалған және олардың формалары да әртүрлі болып келеді. Сосын Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бас­тап, сонау Қиыр шығыста жатқан Жа­по­нияға дейін әр заманда тұрғызылған қор­ғандардың бәрі дерлік көрініс тапқан.

Арғы тегі литвалық америкалық ғалым Ма­рия Гимбутастың «Қорған гипотезасы» деп аталатын зерттеу жұмысында алғашқы қорғандарды үндіеуропалық халықтармен қатар, скифтер мен скандинавиялықтар да тұрғыза бастаған деген нақты дерек бар. Сосын Мария Гимбутастың 1956 жылы ұсынған «Қорған гипотезасының» негізгі нысанасы археологиялық дерек көздерін лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін ха­лық­тардың байырғы отанын анықтау болатын. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік шығыс Еуропаны б.з.б. бесінші мың­жылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүндіеуропалық халық­тардан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан, қор­ған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орта Азия, Батыс Азия, Үндістан және Шығыс Еуропа халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халық­тарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі. Керісінше, жаңағы генетикалық мар­кер норвегтердің 23,6 пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайы­зына және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін даниялықтардың да 16,5 пайызына тән екен. Демек, ағылшын-саксондықтар мен скандинвиялықтардың арғы тегінің сақтардан бастау алатынын атал­мыш генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұр.

Ресей жерінде де қорғандардың неше түрі кездеседі. Олардың аса көп шоғыр­лан­ған жері –  Хакасия. Ондағы ең әйгілісі Үлкен Салбық қорғаны. Оны 1739 жылы Г.Ф.Миллер ашып, С.В.Киселевтің же­тек­ші­лігімен қазба жұмыстарын 1954-­1956 жылдары Кеңес Одағы Ғылым Ака­­демия­сының экспедициясы жүргізген. Сосын 1971-1974 жылдары Тываның сол­түстігіндегі Уюк (Ойық) өзенінің бойын­дағы «Патшалар алқабы» атанып кеткен Аржан, Тарлық елді мекендерінде орналасқан скиф заманынан қалған қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мумиялары мен 160-қа жуық жылқы қаңқаларын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдарды табады. 2001 жы­лы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік статусы биік ерлі-зайыпты екі адам­ның мумиясын және олардың қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ және басқа бұйымдарды табады. Және бір дерек Ұлыбритания және Скан­динавия аумағындағы қорғандар жайлы. Ол елдердегі төңкерілген табақ тәріздес қорғандар жиі кездеседі. Сосын ағылшын-саксондық Ұлыбритания мен тілдері герман тобына кіретін скандинавиялық Норрвегия, Дания және Швеция халықтарының тіл­деріндегі лингвистикалық ұқсастықтар да көз­ге ұрып тұр. Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор (ащы), жер, сор (мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғымдарды білдіретін, ағылшын және скан­динавия тілдеріндегі дәлме-дәл немесе ауыспалы метонимиялық баламалардың өте ұқсас екенін байқамау мүмкін емес. Мы­салы, ағылшын тілінде тіс –  tooth (жекеше түрі), teeth (көпше түрі); тіл –  tongue (бұл сөз бен қазақ тіліндегі таңдай деген сөздің түбірі бір); бел –  belly; белдік – belt; елік –  elk (бұлан); өгіз –  ox; сор (ащы) –  sour;  жер –  earth; сор (мұң) – sorrow; дала – dale; абад –  abode. Ал норвегиялықтар мен дания­лықтардың тілдерінде әлгі сөздердің бала­малары төмендегідей: тіс – tann/tand (ауыс­палы метонимиялық атау, себебі тіс таңдаймен жапсарлас); тіл – tunge/tunge (метонимиялық атау, себебі тіл мен таңдай жапсарлас); белдік –  belte/balte; елік- elg (бұлан); өгіз – okse/okse; сор (ащы) – sur; жер – jord/jord; сор(мұң) –  sorge/sorg; дала –  dal/dal деген сөздердегі ұқсастықтар да көзге ұрып тұр. Сосын Скандинавия тілдеріндегі жер деген сөздің jord деген баламасынан жұрт деген ұғымның төбесі қылтиып тұр.

Мән бермеуге болмайтын және бір лин­гвистикалық фактор мынау: түркі тіл­деріндегі көптік жалғауларға ұқсас норвег тілінде де – r, – er секілді көптік жалғаулар бар. Мысалы: uge (апта) – uger (апталар); mened (ай) –  meneder (айлар). Сосын, дат тілінде де зат есімдердің 75 пайызы -r немесе -er көптік жалғауын қабылдайды. Тек зат есім дауысты дыбысқа бітсе -r, ал дауыссыз дыбысқа бітсе -er жалғанады. Алдыңғы екі тілмен туыстас скандинавиялық швед тілінде де көптік жалғауға қатысты осындай заңдылық байқалады. Демек, жоғарыда атап өткендей, сақтар мен скифтердің ағылшын-саксондықтар мен скандинавиялықтарға генетикалық тұрғыдан жақын тұрғандығы лин­гвистикалық тұрғыдан да айқын бай­қалады. Осыдан 40 мың жыл бұрын Азия­дан Америкаға қоныстанған байырғы аме­рикалық «үндістердің» арғы тегі де түр­кі өркениетімен сабақтас екенін бұл күн­де ғылым толық дәлелдеп отыр. Демек, Сол­түстік Америкадағы қорғандардың бастау көзі де Еуразиядағы скиф, сақ, ғұн қорғаны мә­дениетімен тікелей сабақтас әрі тамыр­лас деуге толық негіз бар. Бұл орайда А.Пуш­киннен бастау алған, сөйтіп алдымен Еуропаға, содан соң күллі әлемге тарап кеткен «Орыстың бетін тырнаса, арғы жағынан татар шығады» деген астарлы мәтелдің нені меңзеп тұрғанын байқамау мүмкін емес. Себебі бұл сақалды нақылдың астарында «Ресейдің түпкі тарихын түркі өркениетінсіз елестету мүмкін емес» деген терең шындықтың құлағы қылтиып тұр. Бұл түйіндеменің құрғақ сөз емес екеніне түркі өркениеті тарихының білгірі Лев Гуми­левтің «Біздің әкеміз – Шыңғыс хан, ана­мыз – Алтын Орда, ал атамыз – Ұлы түрік қағанаты» деген пікірі де толық дәлел бола алады.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық жоғары мектеп ғылым

академиясының академигі

 

Пікірлер