Бүгін, 7 ақпан 1930 жылғы Қазақстанның оңтүстігінде болған Созақ көтерілісіне 95 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Көтерілістің басталуына ауданда мал-мүлкінен айырылған кулактар мен олардың туыстары үшін бірнеше тұтқындар лагерінің ашылуы мен мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Ораза айында діни әдет-ғүрыптарды орындағандарға өкімет орындарының айып салуы сылтау болды. Бұл 30 жылдардың басындағы неғұрлым ірі көтерілістердің бірі. Көтеріліске 5 мыңдай адам қатынасты. Сол уақыттағы деректер бойынша бұл окиғалар «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтеріліс» ретінде сипатталды. Кейінірек Т. Рысқұловтың И. Сталинге жазған хатында атап көрсетілгеніндей, күштеп ұжымдастыру дәстүрлі көшпелі коғамның бірқатар ережелерін бұзумен қатар жүргізілді (қазақтарды ит терісі мен жылқы күйрығын тапсыруға мәжбүр етті). Өмір салтын бұлайша қорлау коғамдық наразылық пен қарсылықтың өсуіне әкеп соқты.
Ақпан айында Созактың тәңірегіне 400-дей адам жиналды. Болыс қызметін атқарушы С. Шолаков хан болып сайланды, ол өз басшылығымен көтерілісшілердің алғашқы отрядтарын құрды. Созақ көтерілісі Сырдың бойындағы Түркістаннан Жаңақорғанға дейінгі аумақты қамтыды. Көтерілісті басу үшін Ташкенттен жалпы саны 225 адам болған бірнеше әскерилендірілген топ жіберілді. Жазалаушы отрядтың қатары жуырдағы елді мекендердегі коммунарлар отрядымен толықты.
Көтерілісшілер мен ОГПУ отрядтарының арасындағы алғашқы қақтығыс 1930-шы жылы 12-ші ақпанда Созақтың жанында болды. Бұл шайқас қай жактың болса да айқын басымдылығымен аяқталған жоқ. Көтерілісшілер қару-жарақтарының нашарлығына байланысты шегінуге мәжбүр болды. Бірнеше топқа бөлінген көтерілісшілердің бір тобы Ташкент бағытына, басқасы Шолаққорған арқылы Шуға беттеді. Жазалау операцияларын Қазақстан ОГПУ-дің басшысы Ольшанскийдің өзі басқарды. Оның нұскауы бойынша коммунарлар отряды Созақ көтерілісіне қатысы жөнінде сол күдік тудырған жазықсыз адамдарды сотсыз, тергеусіз атты. Көтерілісшілер сол жылдың көктемінде талқандалды. Көтеріліске қатысушыларды құғындау 1938 жылға шейін жалғасты.
Қысқа мерзім ішінде Созақта жергілікті құқық қорғау органы қызметкерлері талқандалып, өкілдері мен белсенділері қаза тауып, 20-ға жуығы қамауға алынған болатын.