Ағылшын тілінің мүмкіндіктері: Еуропадағы тегін білім

2950
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда шетелде білім алуға құштар жастардың саны өте көп. Кейбір талапкерлер Ұлттық Бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ шетелде оқуды жоспарлайды. ҰБТ тапсырмай, шетелдік грантты ұтып алған жастардың бірі, бүгінгі кейіпкеріміз – Назерке Аманқос. Ол осы сұхбатта өзінің Венгрияда қалай тегін білім алып жатқаны жайында баяндап берді.

Сәлем, Назерке! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын.  Ең алдымен, Венгрияға оқуға қалай түскеніңіз жайлы баяндап берсеңіз.

-Венгрияға оқуға түсу үшін 2018 жылдың  желтоқсан айында «Stipendium hungaricum scholarship» сайтына өтініш қалдырдым. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы аясында қажетті құжаттарды жинап, Нұр-Сұлтан қаласына өз өтінішімді жібердім. Қазақстандық өтінім берушілер арасындағы іріктеуден сәтті өтіп шықтым. Келесі кезекте сәуір айында Венгрияда арнайы интервью, яғни студентпен сұхбаттасу өткізілді. Сұхбаттасу барысында мамандығыма және жеке өміріме қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қоса, Венгрия туралы сұрақтар да болды. Бұл кезеңнен де сәтті өтіп, маусым айында оқуға қабылданғаным жайында хабарлама келді.

Венгрия – Азия емес. Еуропаның тыныс-тіршілігіне үйреніп кету қиынға соқты ма? Жалпы, Еуропаның  Азиядан қандай айырмашылығы бар екен?

-Еуропаның басты ерекшелігі – заңды қатаң сақтауында. Әрбір адам заңға сәйкес әрекет етеді және де қоғамның заң тұрғысындағы сауаты өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Пандемия кезінде бекітілген карантинде еуропалықтардың қаншалықты мәдениетті әрі ұқыпты екендігін байқадым. Тазалық- Еуропаның мақтан тұтуға тұрарлық ерекшеліктерінің бірі. Сонымен қатар, еуропалықтар -өте еңбекқор әрі спортқа жақын және де тез тіл табысып кете алатын еркін халық.

Оқу орныңыз бен мамандығыңыз көңіліңізден шықты ма? Венгрияның білім беру жүйесінің артықшылықтары туралы ой бөліссеңіз.

-Әрине, маған өз оқу орным қатты ұнайды. Себебі, нақты бір жүйе бар. Ең бастысы- оқу бағдарламасы студенттерге ауыр салмақ салмайды. Студенттер өз еріктерімен сабаққа қатысады, оқу орны тарапынан  ауыр талап жоқ. Оқу орнымдағы барлық профессорлар өз ісіне берілген, нағыз мамандар әрі барлық студентпен жақсы қарым-қатынас орнатады. Университеттің ең жақсы тұсы- студенттердің емтиханды екі рет тегін тапсыра алатындығында. Яғни, алғашқы емтиханнан төмен баға алса, тағы бір рет тегін тапсыруға мүмкіндігі бар.

Университетте сіз секілді арман қуып, білім алуға келген қазақ жастарын кездестірдіңіз бе?

-Әрине. Мен тұрып жатқан Дебрецен қаласында қазақстандықтар өте көп. Біз мерекелерде, әсіресе Наурыз мейрамында және Рамазан айы қарсаңында жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құрып тұрамыз.

Еуропаға оқуға түсуді армандайтындар үшін қандай тиімді бағдарламаны ұсынар едіңіз?

-«Stipendium hungaricum scholarship»бағдарламасын ұсынамын.  Өзім осы бағдарлама арқылы оқуға түскен болатынмын. 11-сыныптан кейін бірден шетелде, соның ішінде Еуропада оқығысы келетін талапкерлер осы бағдарламаны таңдаса болады. Бұл- мектептегі аттестатпен университетке түсуге мүмкіндік беретін бірден-бір бағдарлама.

Қазіргі таңда жастар көбіне ағылшын тілін жетік меңгеруге ұмтылып жатады. Алайда, тіл үйрену процесі оңай емес. Өзіңіз ағылшын тілін қалай және қанша уақытта толық меңгеріп шықтыңыз?

-Шынында, қазір көптеген жастардың тіл үйренуге деген талпыныстары өте жақсы. Егер шынайы ниет болса, тіл үйренуде ерінбей еңбек етсе, тілді аз уақытта үйреніп алуға болады. Мысалы, мен ағылшын тілінің грамматикасын небәрі 3 айда меңгеріп шықтым. Кез келген тілдің негізгі грамматикасын үйренуге кем дегенде 3-4 ай уақыт жұмсайсыз, ал толық сөйлеу, жазу дағдыларын меңгеріп шығу үшін 2 жыл уақыт керек.

IELTS тапсыруды жоспарлап жүрген жандарға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

- Ағылшын тілін жетік меңгеру үшін «Голицынский» оқулығын ұсынамын. Себебі, осы уақытқа дейін қаншама адам осы кітап арқылы үйреніп, жетістікке жеткен. Бұл кітаптың ерекшелігі- ағылшын тіліндегі қабілеттеріңізді жетілдіруге арналған жаттығулар өте көп. Менің айтар кеңесім: Білім алуға арналған бір тәртіп енгізіп, қандай жағдай болмасын үздіксіз дайындалу керек. Осындай қарқынмен дайындалса, 1 жыл ішінде өзі қалаған мақсатқа жетіп, IELTS-ты сәтті тапсырып шыға алады.

—  Венгрияда өмір сүру көп қаражатты қажет ете ме?

- Венгрия валютасы «форинт» деп аталады. Мұнда 1 форинт қазақстандық 1,44 теңгені құрайды. Жалпы Алматыдағы азық-түліктер бағасымен бірдей десем де болады. Ал, тұрғын үй мәселесіне келер болсақ, төмен, тиімді бағадағы пәтер табуға болады. Қазір Дебрецен қаласының орталығында тұрып жатырмын. Қаланың ортасынан да арзан бағада пәтер жалдауға болады. Пәтерде 4 қыз тұрып жатырмыз, айына 140 мың теңге төлейміз. Азық – түлікке қатысты арнайы стипендиялық бағдарлама бар. Әр студентке айына 120 мың теңге бөліп отырады.

Отаныңызды, отбасыңызды сағынып, туған жерге оралуды аңсап кететін кездер жиі болып тұра ма, әлде Венгрияның Қазақстанмен ұқсастықтары көп пе?

-Әрине, туған жеріңді сағынатын сәттер өте көп болады. Жалпы Қазақстанның мәдениетіне, салт-дәстүріне, рухани құндылықтарына ешбір ел жете алмайтынына көзім жетті. Біздегі ұлттық тәрбиенің мәні өте зор. Бір ғана «ұят болады» деген  сөздің өзі бойымызға сіңіп, қалыптасып қалған. Венгрия мен Қазақстанның ұқсас тұстары да бар. Мысалы, ауа райы Қазақстандағыдай қолайлы және де тағамдары да ұқсас.

Болашақта Венгрияда жұмыс жасау ойыңызда бар ма?

- Егер мамандығыма сәйкес жақсы жұмыстар болып жатса, бағымды сынап көргім келеді.

Венгрияға оқуға түскеніңізге өкінген сәтіңіз болды ма? Егер мүмкіндік туса, Еуропаның тағы қандай елінде білім алар едіңіз?

- Венгрияға оқуға түскенім үшін ешқашан өкініп көрмеппін. Себебі, білім беру, маманды кәсіби түрде даярлап шығу жүйесі өте керемет. Венгриядан басқа Германияда оқып көргім келеді. Естуімше, Германияның барлық университеті сапалы білім береді.

– Қазіргі ең үлкен арманыңыз?

-Қазіргі арманым- бакалаврды бітіргеннен соң білімімді Еуропада жалғастыру, танымал оқу орындарында білім алу. Сонымен қатар, өзімнің әлеуметтік желідегі блогым арқылы адамдардың көзқарасын өзгертіп, шетелде білім алуға деген мотивациясын арттырғым келеді. Себебі, көптеген адамдар «шетелде тек байдың балалары оқиды» деген түсінікті қалыптастырған. Осы тұрғыда ағылшын тілінің адамға берер пайдасының мол екенін, әрбір адамның тегін білім алуға мүмкіндігі бар екенін көрсеткім келеді.

Пайдалы ақпараттармен бөліскеніңізге көп рақмет! Армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз.

Әңгімелескен Айдана Шалқарова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер