Нұрқожа Қожабергенұлы: Басты мақсатымыз – халықты ақпараттандыру

3091
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрқожа Қожабергенұлымен болды.

- Қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз. Бір күніңіз қалай өтеді?

- Біз, төтенше жағдайлар бөлімі барлық табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу, сонымен қатар жою мақсатында жұмыстар атқарамыз. Күнделікті таңертең 8-де өрт сөндірушілер, яғни қарауыл кезекшілікке түсіп, тәулік бойғы кезекшілікті ұйымдастырады. Қызметке келе салысымен таңертеңгілік түгендеу, тексеру, адамдардың жағдайын бақылау шаралары жасалып, әрі қарай жұмысқа кірісеміз.

Мысалы, қарауылдық кезекшілікте әртүрлі жағдайлар болады. Басты құндылығымыз – азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес адамның денсаулығы. Одан бөлек үй жануарларына, жалпы жануарларға көмектесіп жатамыз. Қандай жағдай болмасын, жұмыс телефонына қоңырау түссе, көмектесуге әркез дайынбыз. 101 нөмірі тәулік бойы, сонымен қатар 112 нөмірі халыққа қызмет етеді.

Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өрт сөндіру бөлімінде 406 шығыс болды. Анықтама ретінде айтып өтейін, оған өрт жағдайлары, 16 жану жағдайы, өрт-тактикалық сабақтар, су көздерін тексеру т.б. жағдайлар жатқызылады.

- Төтенше жағдайлар қандай бөлімдерге бөлінеді? Халықтың білетіні өрт сөндіру бөлімі ғана.

- Бізде өрт сөндіру бөлімінен бөлек жедел құтқару бөлімі жұмыс істейді. Қазір - өзіңіз білетіндей суға түсу маусымы. Осы кезеңде қауіпсіздік шараларын сақтау шарт. Жедел құтқару бөлімі адамдардың суға қатысты мәселелерімен айналысады. Биыл аудан бойынша 2 қайғылы жағдай тіркеліп үлгерді (суға бату жағдайы). Сондай жағдайларда өрт сөндіру және жедел құтқару бөлімі бірлесіп қызмет атқарады. Негізінен мұндай төтенше оқиғалар жалпы бөлімге тиесілі.

- Халықтың арасында төтенше жағдайларды алдын алу бойынша қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

- Төтенше жағдайлар бөлімінің бір жылға арналған арнайы жоспары бар. Сол жұмыс жоспарына сәйкес төтенше жағдайларды болдырмау және оларды алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіледі. Мысалы, жыл басталғалы барлық аудан бойынша білім беру орындарында, балабақшамен, оқушылармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай тақырыбында мұғалімдермен бірге дәрістер оқылып, интерактивті сабақтар өткізіледі және жарыстар ұйымдастырылады.

Одан бөлек жылыту маусымы кезінде (қазан мен сәуір айлары аралығында) қызметкерлеріміз тұрғын үйлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен қатар теңіз жағасында демалып жүрген адамдарға суда адамның өзін ұстауы, судағы қауіпсіздік, қайғылы жағдайларды алдына алу бағытында түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде айтылады. Одан бөлек ұйымдар мен мекемелерде өрт жағдайларын алдын алу мақсатында сол орындарды тексеру жоспары бар. Осындай бірлескен шаралар әрдайым жүйелі түрде жоспар бойынша жүргізіліп отырады.

Қазір - өрт қауіпті кезең. Облысымызда, ауданда дала өрті дейтін жоқ. Өйткені бізде орман жоқ. Десе де сәуір айынан қыркүйек айына дейінгі аралықты өрт қауіпті кезең дейміз. Дала өрттерін алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен, кәсіпкерлік бөліммен бірлесіп егістікте, далада жұмыс жасайтын мекемелермен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстары жасалады. Кез келген төтенше оқиғаның алдында түсіндірме-ескерту жұмыстарын жасаймыз. Халыққа жадынама таратып, видеороликтер түсіріп көрсетеміз. Басты мақсатымыз – халықты ақпараттандыру.

- Осы салаға бет бұрамын деген ниеті бар жастарға қандай кеңес бересіз? Олар қай жерде білім алулары керек?

- Бізде Қазақстан бойынша Көкшетау қаласында орналасқан «Көкшетау техникалық институты» қызмет атқарады. Төтенше жағдайлар саласындағы мамандарды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны - осы. Биылдан бастап бұл институттың сатысы «азаматтық қорғау академиясы» статусына ауысты.

Одан бөлек бізде 11 жыл оқыған жалпы біліммен де жұмысқа кіруге мүмкіндік бар. Олар кіші сержанттық құрамға алынады. Егер ер азамат жасы 35-тен аспаған, денсаулығы жарамды болса, өрт сөндіру саласына жұмысқа қабылдаймыз. Бұл салаға келу дипломды қажет етпейді. Десе де адам мансаптық өсуді қаласа, дипломы болуы керек. Кейде жас жігіттер дипломсыз өрт сөндіруші болып жұмыс істеп жүріп, өзіміздің оқуымызды сырттай оқып, әрі қарай офицерлікке дейін, одан әрі басшылық құрамға өсуге мүмкіндік алады.

Бізде тек өрт сөндірушілер емес, инженерлік мамандықтар, құрылыс және электр саласын бітірген мамандар да қызмет атқарады. Сонымен қатар біздің саланың қызметкерлері зейнетке ерте шығады. Ерекшелік - университетте оқыған төрт жыл жас маманның «стажы» болып есептелетіндігінде. Жаңа ғана оқу бітірген маманның еңбек кітапшасында төрт жыл еңбек өтілімі бар деген жазу болады.

Ескеретін жайт, жұмысқа қабылданатын мамандар арасында медициналық байқау қатаң жүргізіледі. Сонымен қатар дене шынықтыру бойынша қосымша сынақтар болады. Мұндағы мақсат – төтенше жағдай кезінде болуы мүмкін қайғылы оқиғаларды алдын алу.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер