24 жыл іздеген ұлын көру үшін 500 мың шақырым жүрген әке

2256
Adyrna.kz Telegram

Қытайда 24 жыл көріспеген әке мен бала ұзақ жылдардан соң қауышты. Адам саудасымен айналысатындар қытайлық ер адамның ұлын үйінің алдынан ұрлап кеткен, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме беріп.

Го Гантанның ұлы екі жасында 1997 жылы Шаньдун провинциясында үйінің алдында ұрланған.

51 жастағы ер адам Қытай территориясы бойымен соңғы жиырма жылда 500 мың шақырым жер жүріп өткен. Ұлын іздеу барысында ол адамдарды фильм түсіруге ынталандырған. 2015 жылы оның оқиғасына негізделген «Аман қалу» туындысы жарық көрген.

Баланы ұрлағандар оны ақшаға сатпақ ниетте болған. Полиция оны ДНҚ арқылы іздеп, отбасымен қауыштырған.

Го Гантан соңғы 24 жылда жиырмадан астам провинцияларды мотоциклмен аралап ақпарат іздеген. Осы сапары кезінде сүйегін сындырып, апаттарға түсіп, қарақшыларға кезіккен.

Әкесі ұлының фотосын үлкен плакатқа шығарып, мотоциклге іліп қойып жүрген. Оның біршамасы жол бойынша жыртылып кеткен екен.

Го Гантан өз жинаған қаржысын ұлын іздестіруге арнаған. Ол түнде көпірдің астында ұйықтап, елден қайыр тілеген. Сондай-ақ ата-аналарға ұрланған балаларымен қауышуына атсалысқан.

Ол Қытайдағы із-түссіз жоғалғандар ұйымының белсенді мүшесіне айналған. Себебі елде бала ұрлау үлкен проблема, жыл сайын мыңдаған бала ұрланады.

Ұлдары Го Синьчжэнді 1997 жылы үйінің жанында ойнап жүрген жерінен екі ерлі-зайыпты ұрлаған. Полицияның айтуынша, әйел оны ұстап алып, күйеуі күтіп тұрған аялдамаға апарған.

Содан кейін ерлі-зайыптылар автобуспен Хенан провинциясына барып, оны сатып жіберген. Жоғалған ұлы Го Синьчжэнь қазіргі уақытта университетте оқиды, мұғалім болып жұмыс істейді.

Айта кетейік, Қытайда жыл сайын 20 000 бала ұрланады, олардың көбі асырап алыну мақсатында сатылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер