18 сағат ішінде орбитаға алты түрлі зымыран тасығыш ұшырылып, жаңа рекорд орнатты. Бұл 24 сағатта ұшыру бойынша алдыңғы рекордтан екі зымыранға артық болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бәрі Қытайдан басталды. 28 сәуір күні Long March 5B зымыраны Хайнань аралындағы Вэньчан ғарыш айлағынан Guowang кең жолақты байланыс жұлдыздар шоғырындағы спутниктер тобын төменгі Жер орбитасына ұшырды.
Одан 32 минут өткен соң, Калифорниядағы Ванденберг ғарыш базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны ұшып, төменгі орбитаға 27 Starlink интернет-спутнигін жеткізді.
Кейін, 29 сәуір күні United Launch Alliance компаниясының Atlas V зымыраны Флоридадағы Канаверал мүйісіндегі ғарыш базасынан Amazon компаниясының Project Kuiper кең жолақты байланыс жұлдыздар шоғырына арналған алғашқы 27 спутникті ұшырды.
Одан шамамен 3,5 сағат өткен соң, NASA-ның Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан тағы бір Falcon 9 зымыраны ұшып, орбитаға 23 Starlink спутнигін шығарды.
Arianespace компаниясының Vega-C зымыраны Еуропалық ғарыш агенттігінің орман мониторингіне арналған Biomass спутнигін төменгі Жер орбитасына сәтті шығарды. Ұшырылым Француз Гвианасындағы Куру ғарыш айлағынан жүзеге асты. Бұл Vega-C зымыранының төртінші ұшырылымы болды.
Соңында, Firefly Aerospace компаниясының Alpha зымыраны Ванденберг әскери-әуе базасынан ұшып, бортында Lockheed Martin компаниясының спутниктік технологияларды сынауға арналған аппараты болды. Алайда бірінші және екінші саты бөлінген сәтте апат орын алып, пайдалы жүк жоғалды.
Нәтижесінде шамамен 17,5 сағат ішінде алты зымыран ұшырылып, оның бесеуі сәтті болды, біреуі құлады.