Сіріңкеден түрлі макеттерді жасайтын шахтерді білесіз бе?

8921
Adyrna.kz Telegram

"Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинатының Жолымбет кенішінде шахтер болып жұмыс істейтін Самат Жүнісовтың ерекше хоббиі бар. Ол кәдімгі сіріңке шырпысынан көрген көзді сүйсентер туындыларды жасайды. «Адырна» тілшісі шебермен тілдесіп, әуесқой ісі туралы сұрап білді.

– Макеттерді модельдеумен бала кезімнен айналысамын. Бастапқыда оларды қатырма қағаздан жасап жүрдім. 2015 жылы «неге сіріңкеден жасап көрмеске?» деген ой келді. Себебі шырпы – қолжетімді материалдардың бірі, әрі эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінеді. Осылайша бұл іске деген қызығушылығым арта түсті.

Бүгінде Самат Жүнісов өз қолымен оннан астам туындыны жасаған. Ол жұмысын сызбалар мен схемалардың көмегінсіз құрастырады.

– Мешіт архитектурасы қатты ұнайды. Ең бірінші Нұр-Астана мешітінің макетін жасаған болатынмын. Одан бөлек коллекциямда түрлі үйлердің, Эйфел мұранасы мен ЕХРО-2017 ғимаратының макеттері бар. Барлық жұмысым осы іске әуестенуіме себепкер болған Айша әжеме арналады.

Әңгіме барысында қонағымыз туындыларды құрастыру барысындағы ең қиын нәрсені атап өтті.

– Бәрінен бұрын істі бастау оңайға соқпайды. Ол үшін шыдамдылық пен ептілік те аса қажет. Макеттің терезесін жасау ұзақ уақытты алады. Ал мешіт жасаудағы ең қиын нәрсе – оның күмбезін тұрғызу. Жұмыстарымның жасалу мерзімі әртүрлі. 2 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін.

Ақмолалық шебер тапсырыс қабылдайтынын жасырмады.

«Иә, тапсырысқа да жасап тұрамын. Бұндай жұмыстарға сұраныс бар, алайда көп емес»,– деп сөзін қорытындылады ол.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер